«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Румынияның іскерлік ортасы «Атамекенмен» бірлесе жұмыс істеуге мүдделі

2016 жылғы 12 Қазан
7210 просмотров

Румынияның сауда және өнеркәсіп палатасы «Атамекенге» әртүрлі бағытта жұмыс істеуге ұсыныс білдірді

Астанада Қазақстан-Румыния арасында сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнату жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы өтті, оған қатысқан румыниялық іскерлік топ Ұлттық кәсіпкерлер палатасында да болып қайтты. 

Шығыс Еуропадан келген делегацияны Румынияның Экономика, сауда және іскерлік орта министрлігінің мемлекеттік хатшысы  Клаудиу Врынчеану бастап келді.

«Біз келесі мәселелерді талқыламақпыз: Румыния сауда және өнеркәсіп палатасы мен ҰКП арасындағы ынтымақтастықты жақсарту құралдары мен жолдары – байланыстардың құқықтық шеңберін жетілдіру; бизнес-қатынастардағы адам ресурстары мен іскерлік орта жағдайларын дамыту саласындағы ынтымақтастық; Қазақстан және Румыния компаниялары арасындағы сауда қатынастарын дамыту; екіжақты сауда мен екіжақты инвестициялар құрылымын дамыту; жаңа компанияларға екіжақты қолдау көрсету», – деді басқосу барысында румындық делегация басшысы.  

Бухарестен келген мәртебелі меймандармен «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов кездесті. Ең алдымен, ол румындық әріптестерге Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымы мен қызметі туралы айтып берді.

«ҰКП – ол Қазақстанның жетекші бизнес-қауымдастығы. Оның құрамына бизнестің 1 млн 300 мың субъектісі кіреді. Біздің негізі қызмет – кәсіпкерлер құқығын қорғау, заңға сараптама жасау, мемлекет пен бизнес арасында диалог алаңын құру. Сонымен қатар, біз кәсіпкерлерге кеңес беріп,сервистік қызметтер көрсетеміз. Біз Қазақстанның барлық 16 облысында бармыз. Сондай-ақ, біздің Төрелік орталығы, Сыртқы сауда палатасы және тағы басқа  еншілес құрылымдық бөлімшелеріміз бар. Біздің  мақсат – шенеунік пен кәсіпкер арасындағы келіспеушіліктерді жою болып саналады», –деп атап өтті Төлеміс Шотанов.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне де тоқталып өтті. Ол өз кезегінде, шетелдік инвесторлар Мемлекет басшысының тікелей қорғауында екенін жеткізді. Сонымен бірге, Төлеміс Шотанов олар ҰКП көмегі мен қолдауына ие болатындығын атап өтті.

«Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін өте қолайлы жағдайлар жасалған (бұған туралы халықаралық көрсеткіштер дәлел).  Doing Business әлемдік рейтингісінде біздің ел 49 орында тұр. Қазақстан ТМД елдері арасында инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ, ҰКП – посткеңестік аумақ елдерінің ешбірінде жоқ бірден-бір құрылым болып отыр. Палата бизнестің басын біріктіріп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда мемлекетпен өзара байланысты реттеуге күш жұмсап келеді», –деді Төлеміс Шотанов.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары румындық қонақтарға Ұлттық палата әзірлеген Өңірлік даму картасын таныстырды. «Бұл карта Қазақстанның барлық инвестициялық мүмкіндіктерін қамтиды. Сіздер http://businessmap.kz/ru/ сайтына кіріп, кез келген өңірді таңдап, сауда нарығы, бизнесті жүргізу жағдайлары, минералды ресурстар туралы толық мағлұмат ала аласыздар. Қысқасы, мысалы, Бухаресте отырып, сайтқа кіріп, Қазақстанның кез келген аймағының әлеуеті туралы біле аласыздар», –деп атап өтті Төлеміс Шотанов.

«Жетекші бизнес-қоғамдастық ретінде Румынияның Сауда-өнеркәсіп палатасы сынды шетелдік құрылымдармен ынтымақтасуға әзірміз. Тура осы сияқты біз де сіздерге бара аламыз. Бізді де Румынияда қазақстандық бизнес үшін қандай мүмкіндіктер бар екені қызықтырады. Біз ынтымақтастық үшін барынша ашықпыз әрі дайынбыз», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Төлеміс Шотанов, сондай-ақ, румындық бизнесмендерге ауыл шаруашылығы саласында зор әлеует бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан көбінесе мұнай, газ, минералдарды экспортқа шығарады. Алайда, қазір шикізат бағасының түсуіне орай, экономиканы дамытудың жаңа драйверлері назарға алынуда. Бұл ретте, болашағы зор бағыттардың бірі агроөнеркәсіп кешені болып отыр. «Бізде егістіктер, жайылымдар мен ауыл шаруашылығына арналған жерлер ауқымды. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында көп мөлшерде субсидия бөліп келеді, сонымен қатар, Қытай және Ресей сияқты сату нарығы біздің дәл жанымызда орналасқан. Біздің өнім табиғи және ол Қытайда үлкен сұранысқа ие. Жалпы, аспанасты елі Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне үлкен қызығушылық танытуда», –  деді Т.Шотанов.

Өз кезегінде, Өңірлік даму картасына оң баға берген Румынияның Экономика, сауда және іскерлік орта министрлігінің жауапты хатшысы Клаудиу Врынчеану Қазақстанмен бірге жұмыс жасауға болатын бірнеше бағытты атап өтті. Олардың қатарында электроэнергетика, ақпараттық технологиялар, АӨК бар. «Бізде үшбағыт бар. Олар: сауда, ақпарат және тәжірибе алмасу, өзара көрме жұмыстарын ұйымдастыру», – деді румындық мейман.

Румын сауда және өнеркәсіп палатасының директоры Вирджил Гуаге, Румынияның Сауда палатасы мен «Атамекен» ҰКП құрылымы бойынша әртүрлі болғанымен, екі ұйым да кәсіпкерлер құқықтары мен мүдделерін қорғау тұрғысына келгенде ұқсас екенін айтты. «Біз де сіздер сияқты Румынияның іскер топтарын қорғау үшін жұмыс жасаймыз. Біз олардың құқықтарын мемлекеттік те, халықаралық деңгейде де қорғаймыз. Бізде де, еліміздің бизнес мүмкіндіктері туралы барлық қажетті ақпаратты бере алатын веб-сайт бар», – деп атап өтті ол.

Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейхановтың сөзіне қарағанда, Румыния Сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы келісім жобасы бекітілген.

«Тұрақты түрде Сыртқы сауда палатасы, Румыниядағы ҚР Елшілігі мен Румынияның ҚР Елшілігі арасында ынтымақтастық жалғасып келеді. Дәлірек айтсақ, ҚР Румыния Елшілігіне елімізде бизнес жүргізу туралы бірнеше мәрте ақпараттық қолдау көрсетілді. Сонымен қатар,  Қазақстандағы румындық компаниялар үшін мүдделі әріптестер іздеу жұмысына да қолдау көрсетілді. ССП Қазақстан мен Румынияда өтетін көрме-жәрмеңке шаралары туралы ақпаратты таратуды жүзеге асыруда», – деді ол.

Қосымша: Қазақстанның Румынияға жөнелтілетін экспорты Румыниядан келетін импорттан 17 есе көп. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, ҚР мен Румыния арасындағы тауар айналымы 1 млрд 420 млн АҚШ долларынан асқан. Оның ішінде, ҚР-ның Румынияға экспорты – 1 млрд 343 млн АҚШ долларын, ал Румыниядан  ҚР-ға келетін импорт 76 млн 684 АҚШ долларын құраған.

2014 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, екі ел арасындағы тауар айналымы үш есеге дейін азайған (2014 жылғы көрсеткіш – 3 млрд 164 млн АҚШ доллары). Бұл ретте, тауар айналымы азаюының басым бөлігін ҚР Румынияға экспорты құраған. ҚР Румыниядан келетін импорт 7,6 млн АҚШ долларына азайған.

ҚР Румынияға экспортының (96,7%) басым бөлігін шикі мұнай мен битум түрлерінен алынатын шикі мұнай өнімдері құрайды (жалпы сома - 1 млрд 299 млн АҚШ  доллары).

ҚР Румынияға кететін экспорттың қалған бөлігін 2% азайтылған пропан құрайды (жалпы сома - 29,5 млн АҚШ доллары).

Румыниядан импортталаты ннегізгі өнімдерге дәрілік препараттар, құбыр, қазандық, резервуар және т.б. жүргізуге арналған арматуралар, шашқа арналған бұйымдар жатады.

2016 жылдың сәуір айында Қазақстанда румын капиталының қатысуымен 33 біріккен кәсіпорын тіркелген. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер