Көкшетау өнімі кең көлемде таралуда
Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы Іскер әйелдер кеңесі «Фарм Косметик» ЖШС құрылтайшысы, «Арша» ЖШС директоры Орынжамал Қасқарованың бастамасын қолдады
Іскер әйел бьюти-өнімдерін таныстыра отырып, отандық тауар өндірушілердің алдында тұрған басты маңызды міндеттерді атап өтті. Ол – кең ауқымды нарыққа шығу.
Бірден айта кетейік, «Арша» ЖШС дәрі-дәрмек өндірісіне маманданған. Алайда қызметті оңтайландыру кезінде, кәсіпорында «космецевтика» деген жаңа бағыт пайда болған. «Фарм Косметик» компаниясы өнім шығаруды былтыр игерген. Бүгінде «Livsi» өнімінің бағыты бойынша он бес аталым бар. Олар: кәсіби косметикалық өнімдер (сусабындар, гельдер, маникюр, педикюр заттары), дене және қол жуғыш заттар, үй шаруашылығына қажетті препараттар.
Орынжамал Қасқарованың айтуынша, өнімнің құрамы ғылыми, зертханалық зерттеулердің негізінде жасалған.
Бизнестің негізгі шоғырланған аймағы Алматы болғандықтан, химиялық зауыт сол жерде салынған. Сондай-ақ бұл өңір басқа да себептерге байланысты таңдалған. Мысалы, қажетті шикізаттар Қытайдан (сондай-ақ Ресейден) тасымалданады, көлік-логисткалық жүйе қалыптасқан және т.б.
«Зертханалық және тәжірибелік зерттеулер көрсеткендей, біздің өніміміз бет терісін кешенді емдеуге әсер етеді, косметологиялық мәселелерді шешеді. Бұл емдік өсімдіктер негізінде дәрілік заттар жасау нәтижесінде мүмкін болды. Біз қазіргі таңда аталған препараттарды Қазақстан нарығында өндіріп отырған жалғыз өндірушіміз», – деді кәсіпкер әйел.
Компания өнімінің Ресей нарығында да өз орны бар. «Бұл, жалпы алғанда, түсінікті жағдай: косметология – Ресей нарығындағы ең жылдам дамып, табыс көзіне айналған саланың бірі. Біздің өніміміз сапалы әрі бағасы қолжетімді болғандықтан сұранысқа ие», – дейді Орынжамал Қасқарова.
Сондай-ақ, өнім Қырғызстанның сұлулық салондарында да кеңінен қолданылады екен. Өнім сынамалары Германияға жөнелтілген. Препараттар ол жерде жоғары бағаланған. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Бір сөзбен айтқанда, халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін барлық алғышарттар жасалған.
«Алайда, отандық өнім өндіруші ретінде, біз өз еліміздің нарығын игеруге қызығушылық танытып отырмыз. Бүгінде Қазақстан салондарының шамамен 40%-ы біздің өнімді сәтті пайдаланып отыр», – деп атап өтті кәсіпкер әйел.
Іскер әйелдер кеңесінің қорытындысы бойынша, өнімдерді Көкшетау қаласының бірқатар сұлулық салондарына жеткізу туралы тұжырым жасалды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: