«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Міндетті медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды

2016 жылғы 10 Қазан
- Қостанай облысы
7887 просмотров

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жұмыс беруші қызметкердің денсаулығына, ал мемлекет халықтың денсаулығына көңіл бөледі

Мұндай пікірді Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Фазыл Қопабаев бизнесмендермен өткен кездесуде айтты. Кездесу өңірдегі Кәсіпкерлер палатасында өткен еді. Оған қоса, ведомство қызметкерлері салық органдарының өкілдерімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы әріптестерімен жаңа жүйені енгізуге қатысты сұрақтарға жауап беріп, оның кәсіпорындар мен олардың қызметкерлеріне қандай жаңалықтар алып келетінін талқылады. Селекторлық видеобайланыс арқылы облыс аудандары мен моноқалаларындағы кәсіпкерлер де сұрақтар қойды. Палата бұл кездесуді кәсіпкерлерден келіп түскен көптеген өтініштерге байланысты ұйымдастырды.

Заңға енгізілуі мүмкін өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушілер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қызметкердің еңбекақысының 2%-ы көлеміндегі жарналарды аудара бастаулары қажет. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға артады. Ал қызметкерлердің өздері 2019 жылдан бастап аудара бастайды. Жиналған қаржы үздіксіз халыққа білікті көмек беруді қамтамасыз етуге жіберіліп тұрады. Ф.Қопабаевтың айтуынша, медициналық қызметтердің сапасы денсаулық сақтау ұйымдарына ұжымдық басқаруды енгізу және дәрігерлердің қызметіне сараланған төлем төлеу есебінен өспек. Қызмет сапасы артқан сайын, клиенттердің де нақты бір емханаға қаралуға қызығушылығы артады.

Оған қоса, мемлекеттің қазақстандықтарды кепілдендірілген медициналық көмекпен қамтамасыз ету міндеті алынбайды.

«Жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, қоршаған ортаға қауіп төндіретін әлеуметтік маңызды инфекциялық аурулар, егу сияқты алдын алу шаралары және т.б. Міне, кепілдендірілген көлем дегеніміз осы. Одан бөлек, мемлекетке 2020 жылға дейін халықты амбулаторлық-дәрілік заттармен қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Яғни, мемлекет те МӘМС қатысушысы. Ол шамасы келмейтіндер үшін жарна төлейді. Олар балалар, жүкті әйелдер, мүгедектер, зейнеткерлер – барлығы 12 санат», – деп атап өтті Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаментінің басшысы Фазыл Қопабаев.

Семинарға қатысушыларды егер қызметкері декреттік демалыстан кейін де үйінде бала тәрбиесімен айналысуды жалғастыра берсе, не болмақ деген сұрақ толғандырды. Жауап: мұндай жағдайда жарнаны ол өз бетінше айына төменгі еңбекақының 2%-ы (500 теңгедей) есебінде төлей алады және барлығымен тең дәрежеде МӘМС аясынадағы сапалы медициналық көмекке иек арта алады. Егер қызметкер жұмыстан шығарылса, онда ол Еңбекпен қамту орталығына жұмыссыз ретінде есепке тұруы керек, сонда жарналарды ол үшін мемлекет төлеп отырады.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Бауыржан Ерменовке бағытталған сұрақтар да көп болды. Сұрақтар негізінен салық есептерінде жарна төлеуді қалай көрсету керектігіне қатысты болды. Ол есептердің формалары әр жылдың соңында қаржы министрінің бұйрығымен бекітілетіндігін және осы тақырыпқа қатысты кәсіпкерлер қосымша хабардар етілетіндігін түсіндіріп өтті. Ал есептерді өткізбегені үшін берілетін жазаға келетін болсақ, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте әзірге санкциялар қарастырылмаған. Б.Ерменовтің пайымдауынша, мұны уақыт көрсетеді. Оның айтуынша, айыппұлдар салынуы мүмкін.

Кәсіпкерлер қор жұмысын бақылауға қатысты орынды күдіктерін жеткізді. Өйткені Қазақстанда бұған дейін де медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты оң нәтиже бермеген тәжірибе болған.

«Бақылаушылар өте көп болады. Үкімет, министрлік, медициналық қызмет сапасы бойынша біріккен комиссия, оның құрамына барлық дәрігерлер қауымдастықтары енеді. Ай сайын аудит, есеп берулер болады. Бұған қатысты алаңдамай-ақ қойсаңыздар болады, бақылау жүргізіледі. Жұмыс берушілер ай сайынғы жүргізілген төлемдер туралы қызметкерлеріне ескертуге міндетті. Зейнетақы жинақтарына қарағанда, әр жұмыс істеушінің шотында бірыңғай сома болмайтындығын түсіну қажет. Қаражат денсаулық сақтау жүйесінде үздіксіз айналыста болады, тек осылай ғана біз халықты толыққанды сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ете аламыз», – деді Фазыл Қопабаев.

Ол сондай-ақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанға Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша енгізіліп жатқандығын айтып өтті. Онда халықтың өмір сүру ұзақтығы, өлім-жітім деңгейі сынды бірқатар көрсеткіштер негізге алынған.

«Жұмыс берушілерге МӘМС жүйесі не береді? Ол өз кезегінде, сізге табыс әкелетін дені сау қызметкерді қамтамасыз етеді. Халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі қалыптасады», – деп түйіндеді сөзін Фазыл Қопабаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер