«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыдағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қарқыны қандай?

2016 жылғы 10 Қазан
- Алматы қаласы
14399 просмотров

Қала басшылығы кәсіпкерлерге қаладағы аудандардың бірінің инвестициялық әлеуетін таныстырды

Алматыдағы Бостандық ауданында «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» атты инвестициялық форум өтті. Оған  Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Бекқали Торғаев, Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, шетелдік инвесторлар, іскер тұлғалар, қаржы институттары, дипломатиялық өкілдер және т.б. қатысты.

Ерлан Әукенов мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының, әсіресе, экономикалық өсім қарқынының жаһандық төмендеу жағдайындағы маңыздылығын атап өтіп, ауданның инвестициялық әлеуеті туралы баяндап берді. Оның мәліметінше, жыл басынан бастап ауданда шамамен 60 млрд теңге инвестиция игерілген. Оның 20%-ы шетелдік инвесторлар. Аудан экономикасының қарқынды дамуын шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысы көрсетіп отыр. Оның жалпы саны 13 мыңнан асады. 2016 жылы Алматының Даму бағдарламасының аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.

Форумның негізгі мақсатының бірі – инвестициялық мүмкіндіктерді таныстыру және қала инфрақұрылымына МЖС (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік) жобалары арқылы инвестиция тарту. Осылайша, қалада 25 жоба жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда МЖС аясында 1000 және 2000 орынды жеке мектептің, 200 орынды жеке балабақшаның, 100 орынды интернаттың, оқытушыларға арналған жатақханалардың, шетелдік оқытушыларға арналған қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Forum Almaty» сауда орталығының, «Гагарин Парк» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің және 120 орынды жеке балабақшасы бар «Комфорт» тұрғын үй кешенінің құрылысы да қолға алынған.

Сондай-ақ Бостандық ауданында құны 1 млрд теңге болатын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы 500 орынды Ғалымдар үйінің құрылысы аяқталды. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңында бизнес-инкубатор, технопарк, өндіріс орталығы, ҒЗИ-дағы тәжірибе жүргізуге арналған ғимараттардың, Жас ғалымдар үйінің (1500 орынды жатақхана) құрылысын басталмақ. 2016 жылдың соңында, МЖС аясында, Бостандық ауданында 500 орынды мектеп, ал 2017 жылы спорт кешені ашылады. Жалпы алғанда, Алматыда жыл басынан бері МЖС аясында 84 жоба қаралып, құны 130 млрд теңге болатын 25 жобаны жүзеге асыру мақұлданған. Оның 21-і концессия бойынша, 3-уі – сенімді басқару арқылы және 1-уі – жеке қаржыландыру бастамасымен жүзеге асырылады. Қаланың 8 ауданында МЖС аясында жалпы сыйымдылығы 4000  балаға арналған 119 мектепке дейінгі мекеме ашылды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айтқанда, аудан әкімі жыл басынан бері қалада 5 балабақша, 1 мектеп ашылып, 140-тан астам балаларға арналған спорт алаңдары орнатылып, 150-ден астам үй боялғанын атап өтті. Қазір құны 40 млрд теңгеден астам 48 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар: ауруханалар, мектептер, балабақшалар, аула және спорт алаңдары.

Аталған іс-шара Алматы қаласы МЖС жобаларының инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған алаң болып табылады. Әлеуметтік жобалардың ерекше назар аударатыны – МЖС принциптері негізінде білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс, спорт, транспорт салаларында жеке инвестиция тарту үшін жағдай жасау. Форум халықаралық іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға, тиімді келісімшарттарға қол қоюға, отандық өнімді сатудың жаңа нарығын табуға жәрдемдеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер