«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнімді тікелей өткізудің тиімді жақтары көп

2016 жылғы 10 Қазан
- Шымкент қаласы
12679 просмотров

Отандық өндірушілерге сауда желілері қажет

Фермерлер біріксе ғана агробизнестің көптеген мәселелері шешіліп, соның ішінде сату нарығына шығуға мүмкіндік туады.

Шымкенттегі республикалық жиынға қатысушылар осындай шешімге келді. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері қатысқан жиынды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев өткізді.

Не себепті өзіндік құны 11-15 теңге болатын пияздың бағасы бөлшек саудада 150 теңгеге дейін артады? Және де неге өңірді негізгі өнімдермен қамту кезінде ірі сауда желілерінің сөрелерінде тек импорттық өнімдер тұрады? Палата отырысына қатысушылар осы және өзге де сауалдардың жауабын табуға тырысты.

Қазір, белгілі болғандай, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінін бағасы өз құнынан айтарлықтай жоғары. Өйткені сауда желілері мен өндірушілердің арасында көптеген алыпсатарлар жүреді. Magnum Cash&Carry өкілі Нұрлан Әлібековтың айтуынша, сауда желілеріне тікелей тауар өндірушілермен жұмыс істеген тиімді. Алайда көпшілігі бұған дайын емес. Шағын өндірушілер ірі сауда желілеріне қажетті тауар көлемін қамтамасыз ете алмайды.

Сондай-ақ, отандық өндірушілер саудаалды дайындығын жүргізіп үйренуі керек. Оған сұрыптау, тазалау, орау жатады. Көптеген өндірушілер ол жұмыстарға қаражат бөлмейді. Бөлгісі келсе де, жағдайлары келмейді. Сол себепті барлық сату алдындағы дайындықты алыпсатарлар өз мойнына алады.

Қазір жұмысты жаңа деңгейге көтеру маңызды. Сондай-ақ жағдайды өзгерту үшін жүйелі шаралар қажет. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге, ең алдымен, кооперация құрып, күш біріктіру керек.

Ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлердің арасында кездесетін осы саладағы мәселелерді шешудің бір жолы ретінде, Кәсіпкерлер палатасы Шымкент қаласының Magnum, Шахан, Фиркан, METRO сынды ірі сауда желілерімен тиімді ынтымақтастық орнату арқылы  тікелей сауда жүйесін жолға қоюды ұсынды.

«Сауда желілері біздің ұсынысымызды қолдады. Сонымен қатар, тікелей жұмыс істеуге, тауар өндірушілердің жоспарлы жұмыстары үшін ұзақ мерзімді тапсырыстар көлемін қалыптастыруға, өнімнің қажетті стандарттарын таратуға, жергілікті өнімнің алға жылжуына басымдық беруге дайын екендіктерін жеткізді. Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде екі жақты қарым-қатынастың дамуына жол сілтеуші болуға әзір. Және де біз, биылғы жылдан бастап өнімнің алғашқы легі жеткізіледі деп үміттенеміз», – деп хабарлады Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары.

Бүгінде облыста осы жүйемен жұмыс істеуге дайын 21 кооператив құрылған.  Және де Кәсіпкерлер палатасы осы кооперативтердің кеңеюіне байланысты сауда желілері арасында жаңа серіктестер пайда болады деп үміттеніп отыр. Сол себепті фермерлерді кооперативтерге белсенді бірігуге шақырды.

Бұл жағдайда кооперация – тауар өндірушілердің өнімдерін азық-түлік нарығына тікелей сату мәселесін шешеді. Өз ресурстарын, жер телімдерін, техникасын және басқаларын біріктіру арқылы фермерлер ірі сауда желілеріне қажетті мөлшерде өнім алатын болады. Ал бұл шаруаны жеке-дара жүргізу мүмкін емес. Сауда желілері өз кезегінде сапалы отандық өнімге алыпсатарлардың көмегінсіз қол жеткізетін болады.

Өнімді алыпсатарлардың араласуынсыз сауда желілеріне жеткізу кооперативтердің жұмысына оң әсер етеді.  Сонымен қатар агробизнестің басқа да мәселелері шешіледі, мысалы, әлсіз техникалық жабдықтау және өндірістің аз тауар өндіруі сынды мәселелер. Сондай-ақ кооперативтерге бірігу шағын шаруашылықтарға қаржыландырудың жаңа тетіктерін табуға, арнайы салық режимін және басқа да өзгерістерді пайдалануға жағдай жасайды. Фермерлердің ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуінің артықшылығы еліміздің аграрлық секторын ары қарай дамытуға тиімді жол ашады.

Республикалық жиында интеграцияланған сатып алу жүйесін құру мен дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сату қажет екені айтылды. Бұл жүйені көтерме және тарату орталықтарын енгізу арқылы жүзеге асыру ұсынылып отыр. Олардың қызметі – жақсарту жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, реттеу, сақтау,фитосанитарлық және ветеринариялық бақылаудан өткен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау және жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өзге өңірлер арасында тарату,  сондай-ақ сыртқы сауда кезінде кедендік қызмет көрсету.

Ұлттық палата осы саладағы шет мемлекеттердің оң нәтижелі тәжірибелерін зерттеді. Шетелде ауыл шаруашылығы тауарларын көтерме бағамен сату жүйесі – көтерме және тарату орталықтарынының жүйесіндегі меншіктің мемлекеттік және муниципиалды формасының басым болуына, көтерме-тарату орталықтарының қызметін басқару және оларды мемлекеттік органдар тарапынан бақылануына негізделген. Мысалы, Испанияда ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудың өзіндік формасы қалыптасқан. Оның ерекшелігі, елде мемлекеттік «Меркаса»  корпорациясынан басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме бағамен сататын орын жоқ.

«Ранжис» (Франция), «Бронише» (Польша) нарықтары да үздіктердің қатарына жатады. ҰКП шетел нарығын зерттеп, мынадай шешімге келді: көптеген сауда нарықтары мемлекет қаражатының есебінен салынған және мемлекеттік меншік болып саналады. Қазақстанда әзірге отандық  сату және тарату орталықтарының желісін қалыптастырудың жүйелі тәсілі жоқ. Және де көбінесе ретсіз жүргізіледі.

Осылайша, нарықтағы ахуалды түбегейлі өзгерту үшін жаңа тәсіл қажет. Бұл өзгерістер мен мүмкіндіктер агросекторды қолдауға бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен жаңа ұлттық бірыңғай тауар өткізу жүйесін енгізу қажет. Ол бірыңғай стандарттарды, бірыңғай нормативтік құжаттарды, сапаны бақылауды, ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік тапсырыспен, осы тапсырыстарды орындау үшін несиемен қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бұл біздің қазір жұмыс істеуімізді талап ететін басты бағытымыз болуы керек», – деп қорытындылады Н.Әлтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер