Үкіметке стартап-экожүйелерін дамыту жөнінде белсенді жастар кеңес береді
«Naimi.kz» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Мағжан Мәдиев Қазақстанда венчурлік мәдениеттің қалыптаспағаны және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен әріптестік жайлы, ҚР Премьер-министрімен кездесуі жөнінде сөз қозғады.
«Naimi.kz» компаниясы 2015 жылдың басында іске қосылған осы аттас стартап-жобаны дамытумен айналысады. Жобаның идеясы жеке қызмет көрсету нарығының сұранысын анықтап, сандық жүйеге енгізу және мобильді қосымшаның көмегі арқылы тапсырыс беруші мен орындаушының арасында оңтайлы байланыс орнатуды көздейді. Осы жылы стартаптың негізін қалаушы жастар ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірге «Бастау Кәсіп» жобасын іске қосты.
– Мағжан Дінмұхамедұлы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастықты бастауға қалай шешім қабылдадыңыз?
– «Naimi.kz» мобильді қосымшаны дамыту арқылы бізде үлкен мәселе туындады: көптеген тапсырыс берушілер біздің қосымшаны пайдаланады, күн сайын тапсырыс берушілер үшін қосымшаны орнату мыңға дейін жетеді. Бірақ, мамандар базасының толығуы бәсең. Соған байланысты көп тапсырыстар назарға ілінбей, тасада қалады.
Ал мемлекетте керісінше, азаматтардың жұмыспен аз қамтылуы, жұмыс орындарының жетіспеушілігі мәселесі туындайды. Осы жерде мынадай қарама-қайшылық орын алады: бір шетінен жұртшылық – жұмыссыз, екінші жағынан – белгілі бір қызмет түріне ақы төлеуге дайын көптеген тапсырыс берушілер бар, бірақ, олармен айналысатын ешкім жоқ. Сондықтан да, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, біз базадағы тапсырыс берушілердің талаптарын ескере отырып, қажетті мамандарды оқытуға мүмкіндік беретін оқу орталықтарын ұйымдастыруды шештік. Мәселен, базадағы ең көп сұранысқа ие мамандықтар – электриктер мен сантехниктер, бала күтушілер, үй қызметшілері және басқалары.
- Мәселені шеше алдыңыздар ма? Бастапқыда қанша маманды оқыттыңыздар?
– Ең басында 2016 жылдың шілде айы бойынша біз 38 маманды оқыттық. Оқу 4-6 аптаға созылды. Жалпы, «Бастау Кәсіп» қанатқақты жобасы сәтті өтті, сондықтан біз осы «Атамекенмен» бірлескен әріптестікті ары қарай дамыта бермекпіз.
– Жақында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен IT саласындағы мәселелер бойынша кездесуге қатыстыңыз. Онда қандай мәселелер сөз болды? Қандай ұсыныстар айттыңыз және олар Үкімет тарапынан қолдау тапты ма?
– Алдымен оның бастапқы оқиғасына тоқталайын... Біз 2013 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеміз. Біздің алғашқы екі компаниямыз бизнестің дәстүрлі түрлеріне жататын, олар – digital-агенттік және клинингтік компания. Қазақстанда бизнесті дамытуға қолайлы жағдай бар. Біз бір жылдан аса уақытта өз компаниямызды сәтті дамыта алдық. Бірақ, кейін біз стартапты іске қосуды шештік және оны дамыта отырып, біздің елімізде стартапты дамытуға арналған ІТ-экожүйесінде әлі де шикіліктер бар екенін анықтадық. Біз әлемде осындай жобалардың қалай жүзеге асырылатынымен таныстық.
Біздің елімізге қарағанда дамыған мемлекеттерде стартаптармен айналысуға көп жағдай жасалған. Қазақстанда бұл мәселе қаражат тапшылығынан емес, білімнің жоқтығы мен венчурлық мәдениет туралы түсініктің болмағанынан орын алып отыр. Стартаптар нарығы лайықты бағасын алған жоқ. Біз бұл туралы белсенді позициямызды батыл көрсетіп, Facebook-қа жариялай бастадық. Кәрім Мәсімовтің Тараздағы жұмыс сапарында жастармен ашық кездесуі өткізді. Сол кезде мен қолайлы сәтті пайдаланып, микрофонға жақындап, венчурлық нарық жөнінде мәселесін айтуды шештім. Кәрім Мәсімов идеяны қолдап, осы мәселені қарастыруды Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырды. ҚР жаңа Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев та аталған идеяны құптап, талқылау үшін кездесуге шақырды. Бұл шараға біз экожүйенің және стартап жобаларының белсенді қатысушыларын тарттық.
Топқа өте білікті мамандармен қатар амбициялары жоғары жастар қабылданды. Бізге күн тәртібін негіздеуге аз ғана уақыт берілді. Әркім өз құзіретіне қарай ойын айтып, мәселелерді және олардың шешу жолдарын ұсынды. Бұл шара біздің бірігіп жұмыс істеп, бір жүйелі ұстанымға келуге жақсы мүмкіндік болды. Шараға қатысқан адамдар белгілі шараларды қабылдау арқылы жағдайды түзеуге болатындығына бірауыздан келісті. Мәселен, интернет-мәдениеті мен стартап мәдениетін масс-медиа, сөзіне құлақ асатын көшбасшылар, мемлекеттік қайраткерлер және тағы басқалар арқылы белсенді жарнамалауға болады.
Банктер өз тұтынушылары интернет арқылы сауда жасау оңай болуы үшін банк карталарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қайта қарастырулары қажет. Сондай-ақ, экожүйені оңтайлы, ашық негізде және әлдеқайда жылдамырақ дамыту ұсынылды. Мысалы, грант алуға тапсырысты қарастыру уақыты 12 айға дейін созылады. Стартап үшін бұл өте ұзақ мерзім, бұл уақыт ішінде стартап өзінің құндылығын жоғалтуы да, ескіруі де мүмкін. Сондықтан біз мерзімді бір айға дейін шегеруді ұсындық. Мұның бәрі біз ұсынған ауқымды бағдарлар тізіміндегі кейбір тармақтар ғана. Нәтижесінде біз қолда бар инфрақұрылым аясында технопарк құруды ұсындық, мысалы, ЭКСПО аймағында. Оған Бақытжан Әбдірұлы оң көзқарас танытты. Сол себепті де кездесу өте маңызды болды. Екі тарап үкіметке технопарк пен экожүйені қалай құру және дамыту керектігі туралы кеңес беретін арнайы Кеңес құру туралы шешімге келді. Экожүйе – бұл білім, инкубаторлар, акселераторлардан бастап, инвесторлар пулы, заңнамалық база және т.б. кіретін элементтер кешені. Мұның барлығы да бірлесе отырып, стартаптарды іске қосу үшін ыңғайлы орта тудыруы керек. Жалпы Бақытжан Әбдірұлы біздің бастамамызды қолдады. Енді бізге экожүйені дамыту стратегиясының жіті әзірлемесін даярлау қажет.
- Оның барлығына қанша уақыт кетеді?
– Бір апта ішінде жиналыс хаттамасын бекітеміз, ал содан кейін 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін бүкіл стратегияны жасап шығуымыз керек.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Пікір қалдыру:
Пікірлер: