«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Индустриялдық бағдарлама қайта жасалды

2016 жылғы 06 Қазан
10242 просмотров

Қазақстанда машина жасау саласы тек инвестиция тартып қоймай, елдің экспорттық әлеуетін де дамытады

Отандық машина құрастыру кешені ел сұранысына ғана емес, шетелдік нарыққа да тәуелді. Бұл жөнінде бүгін ОҚК (Орталық коммуникациялар қызметі) өткен брифингте Қазақстанның инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау мәлімдеді. Вице-министр индустрияландыру бағдарламасы аясында қазақстандық кәсіпорындар жоғары технологиялы өнімдер шығару процесіне белсенді түрде қатысып келе жатқандығына тоқталды. Алғашқы бесжылдықта машина құрастыру бағыты Қазақстандағы қарқынды түрде дамып келе жатқан салалардың біріне айналды. Оған мысал ретінде, Альберт Рау инвесторлар арасында басымдыққа ие жобалардың тартымдылығы жөніндегі зерттеу нәтижелерін келтірді. «Бір қызығы, машина құрастыру бірінші орында, одан кейін «химия», сосын барып  азық-түлік пен басқа салалар орналасқан. Яғни, әлеует жетеді», – деді вице-министр.

Сонымен бірге, отандық машина құрастырушыларға қазірден бастап, нарықтағы өз орны үшін ғана емес, сондай-ақ, тұтынушы үшін де күресу қажет. Альберт Раудың пікірінше, Қазақстанда бәсекеге қабілетті орта әлі қалыптаспаған. «Ал келесі мәселе – бәсекелестік ортаның жоқтығы. Мысалы Германияда жүз мыңдаған машина құрастыру зауыттары бар, оларда инновация мен еңбек өнімділігі бар, себебі, бәсеке күшті. Бізде әзірге ондай орта жоқ, бірақ ол біртіндеп қалыптасады», – деп атап өтті вице-министр.

Альберт Рау,  сондай-ақ, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен ҮИИДБ (Үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы) қайта жасалғанын жеткізді. Енді өндіріске қойылатын алғашқы талаптар ретінде еңбек өнімділігі, экспорт және энергияны үнемдеу болмақ. «Осы талаптарға кім сәйкес келеді, соларға мемлекет тарапынан экспорт және грант арқылы қаржылық қолдау көрсетіледі. Әсіресе, сыртқы нарықта елеулі жетістіктерге жеткендерге  қолдау көрсетіледі», – деді вице-министр.

Бұл ретте, сыртқы нарыққа шығу өте қиын, «бұл өнімдер бәсекеге қабілетсіз болғандықтан емес, көрші елдерде машина құрастыру өнімі экспорттық несие берумен қолдау тауып отырғандықтан» екені де айтылды. Мұндай несие берудің нәтижесінде Қазақстанда құрастырылған локомотивтер «Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжанға  шығарыла бастады».

«Экспортқа несие беру қаражаты банктерде қарастырылған. Бізде сататын өнім бар. Алайда, ішкі нарықтағы бәсекені жеңу аздық етеді, бәсекеге қабілеттілікті сыртқы нарықта көрсете білу қажет», – деген тоқтамға келді инвестиция және даму вице-министрі.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер