«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болат Палымбетов: «Кәсіпкер үшін әр сағат қымбат»

2016 жылғы 06 Қазан
7997 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың айтуынша, «Жалған кәсіпкерлік» туралы бапты алып тастау керек

Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында өткен кеңейтілген отырыста бизнес-омбудсмен Ұлттық палатаның Қылмыстық кодекстің «Жалған кәсіпкерлік туралы» 215-бабын өзгерту туралы бастамасын  қолдады.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың маусым айында өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокурорлық қадағалау» атты республикалық форумда Ұлттық палата «Жалған кәсіпкерлік туралы» 215-бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауды ұсынған болатын. Оның орнына, Ресейдегідей бөлек құрамдарды енгізу керек деп есептейді. Олар: заңды тұлғаны заңсыз қалыптастыру және заңды тұлғаны қалыптастыру үшін заңсыз құжат пайдалану. Ресейде заңсыз компанияларды тіркеу кезінде-ақ анықтап, олардың жұмысын тоқтатуға болады.

2016 жылдың басынан бері Ұлттық палатаға Қазақстанның барлық аймағынан жалған кәсіпкерлік бойынша 150-ден астам шағым келіп түскен.

«Жалған кәсіпкерлермен байланыста болған контрагенттердің заңсыз әрекетін мынадай жеке құрам ретінде саралау керек: салық төлеуден жалтару, банк несиелері, міндетті тексеру жұмыстарын жүргізу кезіндегі алаяқтық», – дейді Болат Палымбетов.

Мұндай тәсілмен құқық бұзушылық құрамы қалыптасады, яғни кәсіпорынның жалған тұлғаның атынан құрылғанын дәлелдесе жетіп жатыр.

Бұл жерде жауапкершілік бөтен адамның құжаттарын пайдаланып компания құрғандарға, сондай-ақ құжаттарын компания құру үшін әдейі көрсеткендерге жүктеледі.

Неге алаяқтардың іс-әрекетіне адал кәсіпкерлер жауап беруі тиіс? Шын мәнінде, оларға миллиардтаған салықтар,  айыппұлдар мен өсімдерді төлеу жүктеледі.

Салықтан жалтару үшін жалған кәсіпкерліктің қызметіне жүгінген жауапсыз кәсіпкерлер жазасын алуы тиіс.

Бизнес-қауымдастық прокуратура органдары мен мемлекеттік кірістердің бірлескен жұмысы кәсіпкерлер үшін нәтижелі болатынына сенім білдіріп отыр.

«Бұл кәсіпкерлердің жанайқайы. Осы арқылы біз бизнеске жасалатын қысымның алдын алар едік. Бұдан ісін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлер зардап шекпеуі керек», – деді Болат Палымбетов.

Сондай-ақ бизнес-омбудсмен негізсіз қылмыстық қудалау көріп отырған кәсіпкерлердің өтініштеріне назар аударды.

Олардың қызметі іс жүзінде көптеген тергеу әрекеттеріне байланысты тоқтатылады.

«Өйткені әрбір осындай қылмыстық істің артында кәсіпкердің ғана емес, кәсіпорын мен оның жұмыскерлерінің тағдыры тұрады. Тергеу орта есеппен 90 күнге созылады. Ал мұның 1 жылға созылуын елестете аласыз ба? Егер кәсіпкер үшін әр сағаттың қымбат екенін ескеретін болсақ, онда мұның бизнеске қалай әсер ететінін түсінуге болады. Кәсіпкер тек қана өз ісін жоғалтып қана қоймайды, сондай-ақ беделінен, серіктестері мен пайдасынан айырылады. Нәтижесінде олардың отбасылары зардап шегеді. Бұл еліміздегі кәсіпкерлікке үлкен соққы. Және, ең бастысы, соңында қылмыстық құрамының жоқтығына байланысты істің тоқтатылғаны туралы хабарлама келеді. Бұған кім жауапты? Ал кәсіпкер бизнесін жоғалтып, өз проблемасымен бетпе-бет қалады», – деп қорытындылады бизнес-омбудсмен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер