Кәсіпкерлік сала түбегейлі өзгерістерді сезіне бастады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратураға кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді жеткізіп, олардың шешімін табу бойынша бірқатар ұсыныстар жасады
Кәсіпкерлердің барлық өзекті мәселелері ағымдағы жылдың маусым айында өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумында мәлімделгені белгілі. Оның қорытындысында Жол картасы дайындалған болатын.
Бас прокуратурада өткен алқа отырысында Жол картасын орындаудың алғашқы нәтижелері талқыланды. Аталған шараға Бас прокурор Жақып Асанов пен «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-министр кеңсесінің жауапты қызметкерлері, мүдделі орталық мемлекеттік органдар, Жоғарғы сот, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау республикалық қоғамдық кеңесінің өкілдері қатысты.
Жиында баяндама жасаған «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, Үкімет пен мемлекеттік органдардың бизнеске қысымды азайтуға байланысты қолға алған шараларына қарамастан, шын мәнінде ахуалдың мәз емес екенін атап өтті.
«Біріншіден, тексерісті жүргізудің өзінде бірқатар түйткілдер кездеседі. Мәселен, Кәсіпкерлік кодексінде тексерістердің жалпы тәртібі белгіленген – бұл Тәуекел деңгейін бағалау қағидаттары, тексерістерді прокуратурада тіркеу, тексеру парақтарын ұсыну. Дегенмен, әр бақылаушы тарап өзінің тексерістерін ерекше санап, ортақ ережелер ауқымынан шығып кетіп жатады. Қазіргі уақытта кодексте мұндай 25 олқылыққа мүмкіндік қарастырылған», - деп хабарлады Рустам Жүрсінов.
Екіншіден, Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, баршаны салық мекемелерінің жоспардан тыс тексерістері алаңдатуда.
«Салық кодексінде (627-бап), құзырлы органның немесе салық органының шешімін қосқанда, 32 түрлі негіздеме аясында тексеріс тағайындауға жол ашық. Бәріне белгілі, бұл жайт жемқорлыққа итермелеп, салық орындарының тиісті бапты қалағанынша қолдануына жағдай жасауда. Аталған тексерістердің қандай кезде тағайындалатынын нақтылауды ұсынамыз», - деді Рустам Жүрсінов.
Үшіншіден, тексерістерді субъектілерге емес, нысандарға тіркеуді қамтамасыз ететін қағидат та бизнестің дамуын кедергіге ұшыратуда. «Салдарында кәсіпкерлік сала субъектілерін қаптаған тексеріс деректері бас көтертпейді. Мысалға, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ға қатысты өнеркәсіптік, өрт, санитарлық-эпиемиологиялық қызметтер өкілдері тек ағымдағы жылдың бірінші жартысында 17 рет тексеріс өткізіп, жыл аяғына дейін тағы 43 тексеріс жүргізу жоспарлануда екен. Бұл түйткілді тарқатуда Құқықтық статистика мен арнайы тіркеу комитетінің рөлі зор», - деп пікірін білдірді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.
Рустам Жүрсінов бақылаушы тараптардың шамадан тыс талаптар қоятынынын да кәсіпкерлердің басты проблемаларының бірі екенін жасырмады. Бұған дәлел, бұрын 18 мыңнан астам талаптың бары айтылса, мәселеге тереңірек үңіліп, зерттеген сәтте, тиісті дүниелердің 28 мыңнан асып кететіні анықталған.
«Ең көп тексерістер санын сараптау барысында, ревизияны санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласынан бастадық, яғни бұл қызмет тексерістері жалпы көлемнің 38%-ын құрайды, 2016 жылдың 9 айындағы 75918 тексерістің 29007-сі санитарлық-эпидемиологиялық қызметке тиесілі», - деді Рустам Жүрсінов.
Осы орайда «Атамекен» санитарлық ережелер мен баптарды және тексеріс парақтарын толықтай тазалап, тексеріс парақтарынан бірқатар талаптарды алып тастауды ұсынады.
ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов жиын қорытындысында форумнан кейінгі үш айда Бас прокуратура атқарған қыруар жұмыс үшін алғысын айтып, нақты ерік-жігер жемісін кәсіпкерлердің сезіне бастағанын келтірді.
«Форумнан соң Үкіметте кеңес өтіп, жоспарлы іс-қимылдар қолға алынды. Жыл аяғына дейін санитарлық-эпидемиологиялық тексерістерді барынша оңтайландырып, келесі жылы нормативтік-құқықтық актілерді мұқият екшеп, қадағалау-бақылау саласын түбегейлі өзгерту межеленуде. Мүмкін үздік тәжірибелерге сүйене отырып, кейбір тұстарын өзін-өзі реттеу ортасына беріп, кейбірін артық тұстарды алып тастау керек деп ойлаймыз», - деп сөзін жалғастырған Абылай Мырзахметов 6 мыңнан астам компаниялары тіркелген ресейліктердің елдегі қолайлы салық ахуалына жоғары бергенін де атап өтіп, дегенмен кәсіпкерлерді әбігерге түсірген жалған кәсіпкерлік мәселесінің көрші мемлекеттегідей біржола шешімін табатынына үмітті екенін жеткізді.
«Атамекен» сарапшыларының нұсқауынша, Қылмыстық кодекстегі 215-бапты қолдану тәжірибесі де бизнеске теріс әсер етуде. Жалған кәсіпкерлер айыппұлдар құтылатын болса, олардың көптеген контагенттері салықтар мен айыппұлдар, өсімпұлдар төлеуге мәжбүр. Осыған байланысты ҰКП 215-бапты Қылмыстық кодекстен алып тастап, қылмыстық жауапкершілікке тартудың өзге тетіктерін, мысалға салық төлеуден жалтаруға қатысты 245-бапты пайдалануды ұсынады.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы, сондай-ақ, құзырлы органдармен бірге салық және кеден дауларын сотқа дейінгі реттеуді жетілдіру бойынша қадамдардың айқындалғанын еске салды. Бұл ретте Қаржы министрлігі жанынан апелляциялық комиссия құрылып, оның шешімі соңғы және орындауға міндетті болмақ. Мұндай қадамдарды экологиялық бақылау, санитарлық-эпидимиялогиялық қадағалау актілеріне шағымдану кезінде туындайтын дауларды шешуде де қолдану ұсынылуда.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: