«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дәмді шұжық дайындаудың құпиясы

2016 жылғы 05 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
13901 просмотров

Етті қайта өңдеудің ерекшеліктері туралы семейлік кәсіпкерлер Палатаның Семей қаласындағы филиалы мен «Семей ет комбинаты» ЖШС ұйымдастырған семинарда білді

Тыңдаушылар етті қайта өңдеу технологиясының ерекшеліктерімен танысып, жоғары табысты өндірісті ұйымдастыру және ет өнімдерін өндіру барысында қажетті ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы ақпаратқа қанықты.

«Шәкәрім атындағы университеттің оқытушысы Бақытгүл Әсенова етті қайта өңдеу туралы өте қызықты әрі өзекті дәріс өткізіп, жаңа технологиялар және ет өнімдерін өндіру жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері туралы жан-жақты мысалдар мен дәйектер келдірді», – деп тыңдаушылар өз пікірлерімен бөлісті.

Ет комбинаты мен университет басшылары көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді, тәжірибелерімен бөлісіп, жеке өндіріске ғана емес, Қазақстан экономикасының барлық салаларына арналған болашақ технологтар мен инженерлерді бірігіп дайындауды бұрыннан қолға алған.

Кәсіпорын басшысы Бекболат Жаманқараевтың шешімінің арқасында осындай семинар өткізуге керемет мүмкіндік туып отыр.

Тағам өндірілетін, санитарлық қауіпсіздік сақталып, бөтен адам кіргізілмейтін кәсіпорын болғанымен, даму тарихы бай, мол білім мен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін Семей ет комбинатынан қолайлы жер табу да оңай болмасы анық.

Кәсіпорын жаңа құрал-жабдықтарды енгізіп, технологиялық процесстерді автоматтандырып, жұмыс орындарына қызмет көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіріп, кәсіпорынның техникалық жабдықталу деңгейін тұрақты түрде көтеріп отырады. Кәсіпорындағы өндірістік цехтар қайта құрылымдалып, шұжық өнімдерін дайындау, өлшеу, қаптауға арналған әлемдік көшбасшылардың құрал-жабдықтары орнатылған.

Ет өнімдерін өндіру үшін Шығыс Қазақстан облысы мен көршілес жатқан өңірлердегі шаруашылықтарда өсірілген тірі малдар сатып алынады. «Семей ет комбинаты» ЖШС шығаратын өнімдердің барлығы жеке зертханаларда ветеринарлық бақылаудың барлық кезеңдерінен өтеді.

Жоғары білікті, кәсіби тұрғыдан дайындалған мамандар ет өнеркәсібі кәсіпорындарына арналған санитарлық ережелерді сақтай отырып,  өндірістің стандарт талаптарына сай болуын қамтамасыз етеді.

Комбинат бір ауысымда 35 мың құты консервіленген ет өнімдерін, 10-25 тонна шұжық, тартылған ет және тұшпара өндіреді.

Бүгінгі таңда «Семей ет комбинаты» ЖШС ет өнімдерінің 200-дей түрін шығарады, ай сайын сатылым көлемі мен еңбек тиімділігін арттырып отырады. Кәсіпорын барлық халықаралық көрмелерге белсенді қатысып келеді. 2015 жылы Миланда (Италия) «Халық маркасы» марапатына ие болды. Миллоннан астам қазақстандық дауысын «Семей ет комбинаты» ЖШС-на берген еді.

Кәсіпорынның жоғарыда аталған барлық жетістіктерімен, сондай-ақ етті қайта өңдеумен, дайын өнімді қаптаумен, сақтау технологиясымен және барлық іске қосылған құрал-жабдықтармен барлық қатысушылар семинардың тәжірибелік бөлігінде танысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер