Ресейлік кәсіпкерлер Қазақстандағы инвестициялық қолайлы ахуалды атап өтуде
Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XIII өңіраралық форумының қорытындысында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, 3 млрд долларға жуық соманың құжаттарына қол қойылғанын мәлімдеді.
Панелді сессиялар мен негізгі сессиялар жұмысы барысында 50-ден астам уағдаластық бекітілгенін жеткізген ҰКП Басқарма Төрағасы, әртүрлі саладан 60 жоба назарда тұрғанын айтты. Атап өтерлік жайт, бұл жерде энергетика, тау-кен өнеркәсібі бағыттарынан тыс, 20 млрд долларға таяу қаржы көлемін құрайтын құрылыс заттары, тағам өндірісі, дәрі-дәрмек сынды шикізаттық емес секторлар қамтылуда.
«Форум жұмысы барысында кәсіпкерлер тек түйткілді мәселелер мен кедергілер жайлы ғана көтеріп қоймай, ықпалдастық үдерістер мүмкіндіктері туралы да әңгіме қозғап жатты. Осы орайда Жібек жолы мен Еуразиялық экономикалық одақ бағдарламаларын үйлестіре білу керек. Жалпы, барлық әріптестеріміз ортақ жобаларға қызығушылық танытуда», - деп әңгімелеген Абылай Мырзахметов көптеген ресейлік кәсіпкерлерден Қазақстандағы жағымды инвестициялық және салық ахуалы жөнінде пікірді жиі естігенін келтірді.
Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық форумдары 2003 жылдан бастап өткізілуде. Алдыңғы форум 2015 жылы Сочи қаласында «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен болатын.
Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып саналады. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 14,57 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 4,34 млрд АҚШ доллары, импорт – 10,23 млрд АҚШ доллары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: