Қарапайым кеншіден кәсіпкерге айналды
Рудныйда шұбат өндіріліп, түйе еті сатылады
«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкері Алмат Нұрмаханов кеншілер қаласы үшін жаңа істің бастамашысы атанды.
Түйе өсірумен ол туған жері Өзбекстанда айналысқан екен, алайда отыз жыл бұрын Қостанай облысына көшіп келіп, кәсіпорынға жұмысқа тұрады. «Атамекен Қостанай» шағын қаржы ұйымы» ЖШС-ның арқасында сүйікті ісін қолға алуға мүмкіндік туған. Қарызға алған 4 млн теңгесіне Алмат бес түйе мен құрылыс материалдарын, қысқы жем-шөп сатып алады.
«Қазір қыстауға арналған үлкен қора салудамыз. Көктемде өріске айдаймын. Оларды жыл он екі ай саууға болады, бір бастан 3-4 литр шұбат алуға болады. Рудныйда шұбат пен түйе етін қуана сатып алатын жерлестерім жетерлік. Жергілікті тұрғындар да алады, олар қазірден бастап қызығушылық танытуда. Сұраныс болады деп ойлаймын, несиені үш жылдың ішінде жауып тастауды жоспарлап отырмын», – дейді Алмат Нұрмаханов.
Рудный тұрғындарының қала құрушы кәсіпорын қызметіне тәуелділігін азайту – Еуразиялық топтың өңір үшін жаңа шағын несиелік ұйым құруға қатысудағы себептерінің бірі. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың көктемінде ERG, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қостанай облысының әкімдігі арасында тиісті меморандумға қол қойылған еді.
Несие алуға жазған өтінімін мақұлдағандардың ішінде «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның құрамына кіретін «Горняк» кешенді-мейрамханалық орталығының бұрынғы бас аспазы Сергей Фафашкин де бар. Төрт жыл бұрын ол өзіне жұмыс істеуді ұйғарып, кафені жалға алған. Оны кеңейтуге келгенде, қаражатқа деген қажеттілік туындаған. Алған 2,6 млн теңгесін ол ғимаратты жөндеуге және жаңа құрал-жабдық сатып алуға жұмсамақ.
«Пицца пісіруге арналған жаңа пеш сатып аламын. Ғимаратымыз жаңа емес, сұраныс болып тұрғанда, соған сәйкес болу керек, даму керек. Қаржылық мүмкіндіктер туды екен, оларды неге пайдаланбасқа?», – дейді Сергей Фафашкин.
«Атамекен Қостанай» шағын қаржы ұйымы» ЖШС қызметкерлері атап өткендей, бүгінгі таңда жалпы сомасы 251, 664 млн теңге болатын 71 өтінім мақұлданған. 42 адам несие иемденген.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: