Фотобайқау жалғасады
«Атамекен» өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартты
«Мен Қазақстанды жақсы көремін» атты «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған фотобайқау көпшіліктің қызығушылығын тудырып, соңғы күндері көптеген кәсіби жұмыстардың келіп түсуіне орай, байқау мерзімін 7 қазанға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Ал, фотобайқау нәтижелері 11 қазанда белгілі болмақ.
Фотобайқау Қазақстанның туристік орындарын таныту және ел өңірлерінің туристік әлеуетін жандандыру мақсатында өткізіледі. Бұл фотоөнер майталмандары мен кәсіби мамандарға өз өнерің паш етудің таптырмас мүмкіндігі. Байқау фотоаппарат объективі арқылы Қазақстанның бай тарихы, әсем табиғаты мен ерекше мәдениеті, салт-дәстүрлерін көрсетуді көздейді.
Жеңімпаздардың фотожұмыстары «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының www.palata.kz. ресми сайтында жарияланатын болады.
Сондай-ақ, фотобайқау нәтижелерімен Facebook парақшасындағы «Басқару – Бизнес – Туризм» тобында таныса аласыздар.
Фотобайқау тақырыптары:
• Шежірелі тарих. Қазақстанның тарихи-мәдени мұралары нысандары мен олардың заманауи келбетіне байланысты фотосуреттер.
• Ұрпақтар сабақтастығы. Қазақстандағы ұрпақтар сабақтастығынан сыр шертетін фотосуреттер. Сонымен қатар, бұл категорияға қазақстандықтардың бүгінгі замандағы көне дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы суреттер енгізілген.
• Туған өлке. Бұл санатқа туризм мен Қазақстанның туристік орындарына қатысты фотосуреттер енгізілген.
• Күш бірлікте. Қазақстан Республикасының көпұлттылығы мен бірлігін сипаттайтын суреттер: елдегі түрлі ұлт өкілдерінің тұрмыс-салты, этномәдениет байқауларының үздік сәттері, Қазақстан халықтарының ұлттық мерекелері және т.б енген.
• Урбанистік ландшафт. Қазақстан қалалары мен олардың өмірі, тыныс-тіршілігі бейнеленген фотосуреттер. Аталған категорияға фотобайқау қатысушысы мен шаһар тұрғындарына маңыздылығы жоғары, ерекше орындар жатқызылады.
• Табиғат үйлесімі. Саф табиғат, жануарлар мен өсімдік әлемінің суреттері.
Фотобайқауға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін қатысушы фотобайқау қатысушысы ретінде тіркеліп, өз жұмыстарын Қазақстан – Қытай туристік форумының www.tourism-forum.kz ресми сайтына 2016 жылдың 7 қазанына дейін жүктеуі тиіс. Оған дейін Байқау ережелерімен міндетті түрде танысу қажет.
«Мен Қазақстанды жақсы көремін» фотобайқауының 50 үздік жұмысы Қазақстан-Қытай туристік форумында таныстырылды. Бір айта кетерлігі, байқауға қатысушылардың фотосуреттері еліміздің бай тарихы мен әсем табиғатын көрсете білген. Десе де, басты назарға табиғаттың мінсіз суреттері іліккен. Алайда, байқау аталымдарының арқасында кадрға урбанистік көріністер, отандастарымыздың бет-әлпеті, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың да сәттері іліккен. Жұмыстардың деңгейі өте жоғары, сол себепті, көрме іс-шараға ерекше көрік беріп, қатысушыларына айрықша көңіл-күй сыйлай білді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: