«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жақып Асанов: «Бизнеске қысым көрсеткендерге қатал шара қолданатын боламыз»

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
6353 просмотров

ҚР Бас прокуроры ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Ақтөбе қаласына жұмыс тобын басқарып келген ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов жергілікті бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Кездесуге Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы  Исламбек Салжанов та қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, жобаны жүзеге асыру үшін өңірге 200-ден аса орталық және өңірлік мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдар келген болатын. Жұмыс тобының келу мақсатының бірі – кәсіпкерлікті жүргізу үшін мемлекет ұсынып отырған шынайы мүмкіндіктерді тұрғындарға жеткізу, сондай-ақ ауылдық кәсіпкерлік мәселелерін дер кезінде шешу.

«Президент шағын және орта бизнестегі экономикалық белсенді халықтың үлесін 50%-ға дейін арттыруды тапсырды. Бүгінде біздің өңірде бұл көрсеткіш 31,6%-ға жетті. Оған қоса біздің әлеуетіміз жоғары. Өңірде барлық мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асып жатыр. Облыс осы нәтижелердің қорытындысында республика бойынша үздік өңірлердің бестігіне кіреді. Биылғы жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге игерілмек. Сондай-ақ біз жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба жүзеге асып жатқан бес өңірдің қатарындамыз. Осы мақсатта 4,4 млрд теңге бөлінді», – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қазіргі таңда облыста шамамен 60 мың шағын және орта бизнес субъектілері табысты жұмыс атқарып жатыр. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, өңір қолайлы бизнес-орта құру бойынша елімізде екінші орында тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және дене шынықтыру саласында 18 жобаны іске асыру бойынша жұмыс  жүргізіліп жатыр. Оған жалпы сомасы 18 млрд теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнесті ілгерілету аясында өңіраралық кооперацияны дамыту мақсатында да жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстанның 11 өңірімен және Орынбор облысымен ынтымақтастық орнатылды. Нәтижесінде көптеген тауарлардың бағасы 20-30%-ға арзандады.

Сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар әкімшілік және өзге де кедергілер бар. Олардың көпшілігі облыс кәсіпкерлерімен бірге талқыланды.

«Біздің міндетіміз – сіздер үшін барлық жағдайды жасау, - деді ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде. – Ол туралы еліміздің Президенті де үнемі айтып отырады. Біз тексеруді ретке келтірдік. Қазір олардың саны азайды. Алайда шенеуніктер оның басқа тиімдірек әдісін тапты: олар қылмыстық іс қозғай бастады, бизнесті қылмыстық процестерге тартты. Мамырда біз Кәсіпкерліктің жол картасын жасадық. Сол себепті көптеген іс тоқтап, көбісінің қылмыстық іс қозғауға негізі жоқ екені анықталды. Біз бизнеске қысым түсіргендерге, ең қатал шаралар қолданатын боламыз», - деп уәде етті Жақып Асанов.

«Бизнес ортаны дамыту» бағыты бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының жұмысы үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылғанын атап өткеніміз жөн. Оның біріншісі: бизнес ашу және жүргізу. Жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар және үміттілер ЖК және заңды тұлғаларды тіркеуге, Электронды үкімет, келісім алуға, мемлекеттік органдардың тексеруі және салық салуы кезінде бизнесті қорғауға, инфроқұрылымға қол жеткізуге қатысты барлық керекті ақпараттарды алатын болады. Сонымен қатар, бизнесті мемлекеттік және қаржылық емес қолдау алу бойынша да барлық қажетті көмек көрсетіледі. Және де жергілікті жерлердегі биліктің өкілі болып саналатын ауыл әкімдері үшін оқыту шаралары қарастырылған. Олар үшін бизнеспен жұмыс істеуді үйрету, ауыл тұрғындарын бизнес-ортаға тарту бойынша психологиялық тренингтер өткізіліп, сондай-ақ олардың күнделікті жұмыстарында кездесетін мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылданады. Және жергілікті тұрғындармен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер