Транзитпен өтетін қытайлық туристер саны артуы мүмкін
Қазақстан арқылы транзитпен өтетін қытай туристерінің саны артуы ықтимал. Бұл ойға «Эйр Астана» АҚ басшылығы бекініп отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген Қазақстан-Қытай туристік форумында туризм саласын дамыту тұрғысында пікірін білдірген аталған компания президенті Питер Фостер, 2015 жылы қытай саяхатшылары өздерінің шетелдерге сапарларына 36 миллиард АҚШ долларын жұмсағанын еске салып, егер тиісті бағытты жан-жақты қолға алса, мол кіріс көзі тосып тұрғанын меңзеді. Мәселен, «Эйр Астана» рейстерінде, биыл 200 мың Қытай елі өкілдерін тасымалдау жоспарланып отыр екен. 3 жылдан соң бұл көрсеткіш 1 миллионға жетпек.
«Біз бұл көрсеткіштің жартысын Қазақстан арқылы өтетін транзит еншілейді деп отырмыз. Егер бұл жолаушылар орташа алғанда екі бағыт бойынша Қазақстанда 2 күн болады десек, 3 жылдан кейін транзиттік күндер көлемі 1 миллионды еңсермек», - деп болжамды есебін келтірді Питер Фостер.
Ал мұндағы қытай туристері Қазақстандағы қонақ үйлер мен сауда орталықтарында күніне 300 доллар жұмсайтын болса, экономикаға қыруар қаржы құйылмақ. Қажетті белесті бағындыру жолында, «Эйр Астана» тарапы, 3 жылдан соң рейстер жиілігін аптасына 20-дан 60-қа өсірмек.
«Қазіргі уақытта Бейжіңнен Үрімшіге рейстеріміз бар. 3 жылдан кейін бұл бағдарлар желісіне тағы 4 қала, Сиань, Чэнду, Гуаньчжоу және Шанхай қосылады деп жоспарлаудамыз», - деп бөліскен «Эйр Астана» жетекшісі қос ел Үкіметтерінен сәйкес келісімдерге тезірек қол қоюларын, Қытай азаматтарына арналған визалық процедураларды жеңілдетуді сұрады. Соңғы жайтта 72 сағаттық визасыз тәртіп енгізу жайы қаралмақ.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: