«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан-Қытай туристік әріптестігін қалай жандандыруға болады?

2016 жылғы 28 Қыркүйек
8331 просмотров

Қазақстандағы ҚХР елшілігі туристік саладағы Қытай мен Қазақстан арасындағы әріптестікті жандандыра түсу үшін бірқатар шараларды ұсынды

Қазақстанға келетін Қытай туристеріне жасалған туристік жағдайларды қайта қарау қажет. Бұл пікірді бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Қытай туристік форумында Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй айтты. Елші Қытай мен Қазақстанның бірегей көрікті жерлері бар үлкен туристік елдер екенін атап өтті. «Қазақстанда Шарын шатқалы, Алакөл көлі, көрікті Бурабай, Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Еуразия даласының маржаны – Астана және басқа да табиғи, тарихи-мәдени орындар бар», – деп атап өтті Чжан Ханьхуэй.

Елші мырза Қазақстанға келетін ҚХР туристерінің легін арттыру үшін ғана емес, қос елдің туристік саладағы әріптестігін мемлекетаралық деңгейдегі жаңа экономикалық басымдыққа айналдыруға мүмкіндік беретін бірнеше ұсыныстар айтты.

Мәселен, Чжан Ханьхуэй  «туристер үшін ыңғайлы шараларды қолдана беру керек. Қытай азаматтарының Қазақстан Республикасына топтық туристік сапарларын жеңілдету туралы меморандумды тиісті тәртіпте іске асыру және кіру, шығу рәсімдерін жеңілдету қажет» деп санайды. Елші Қазақстанға келу бойынша виза беруді, 72 сағаттың ішінде транзиттік визалар алуға көшуді құптайтындығын келтірді. «Қос елдің туристерінің жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында екі елдің азаматтық авиациясын көбірек ынталандырып, қалалар арасында тікелей рейстер ашу, туризмге арналған чартерлік сапарларды дамыту қажет», – деп ұсыныстарын ортаға салды Чжан Ханьхуэй. 

Сондай-ақ «ортақ туристік бренд жасауға өзара инвестицияларды арттыру және туристік нысандарды салуға бірге қатысу» туралы ұсыныстар да айтылды. ҚХР елшісі еркін ақпараттық алмасудың да маңыздылығы мен «туристердің төтенше жағдайларға тап болғандағы механизмдерді жетілдіру» қажеттігін де сөз етті. «Қытай мен Қазақстан жақында бірігіп, дипломатиялық қатынастардың құрылғандығына 25 жыл толуын атап өтеді, келер жылы Қазақстанда 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада, Қазақстандағы Қытай туризмі жылы, «ЭКСПО-2017» көрмесі және тағы басқа шаралар өтеді. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз туристік саладағы әріптестік әлеуетін жан-жақты ашып, туристік саладағы Қазақстан-Қытай әріптестігін жаңа деңгейге көтеруіміз керек», – деп сөзін түйіндеді Чжан Ханьхуэй.

Анықтама:

ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігі мәліметі бойынша, 2015 жылы шетелдерге шыққан қытайлық туристер саны 120 млн адамға жеткен. Ол туристердің жұмсаған қаржысы 104,5 млрд доллар болса, адам басына шаққандағы шығын 1875 долларға тең болыпты. Қытай шетелдік сапарлар мен қаржыны туризмге жұмсау бойынша әлемде бірінші орынды иеленеді. Туризмнен түсетін жаһандық кірістің 13%-дан астамы қытайлықтарға тиесілі екен. Қытай туристері әлемдегі ең танымал саяхатшыларға айналып үлгерген.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер