«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысқа орналасудың жеңіл жолы

2016 жылғы 26 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
11100 просмотров

Нарықта отыз жылдай жұмыс істеп келе жатқан ірі тігін кәсіпорнына Тараз сервис және технологиялар колледжінің дуальды жүйе бойынша оқыған сегіз түлегі жұмысқа тұрды

«Айвенго» ЖШС білім беру мекемелерімен белсенді әріптестіктік орнатқан, студенттерді тәжірибеден өтуге шақырады, оларға арналған топсеруендер өткізеді. Сондай шаралардың бірін облыстағы Кәсіпкерлер палатасы «Жастарды жұмыспен қамту» онкүндігі шеңберінде ұйымдастырды. Аталған шара Еңбек күніне орайластырылыпты.

«Тараз қаласындағы Сервис және технологиялар колледжінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі жұмыс айтарлықтай жақсы жолға қойылған: 2015 жылы бітірген 230 түлектің 201-і жұмыспен қамтылды (87,5%). Білім берудің дуальды жүйесі бойынша 2015 жылы 28 студент, 2016 жылы 24 студент «Айвенго» ЖШС, «СПЛ-Тараз» ЖШС, «СВЛ-Тараз» ЖШС, «Expotex Taraz LTD» және басқа да кәсіпорындарда тәжірибелік оқудан өтті. «Айвенго» ЖШС-на дуальды жүйемен оқыған сегіз түлек жұмысқа орналастырылды», – дейді Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Бағила Әбділдаева колледж ұсынған мәліметтерді келтіре отырып.

«Киімді пішіндеу» мамандығының үшінші курс студенттері «Айвенго» тігін компаниясына топсеруен жасады. Студенттер алғаш рет ірі кәсіпорынмен осылайша танысты, келесі жылы олар осы жерді тәжірибеден өтеді.

Балаларға пішу цехынан бастап, тігу, ылғал және жылумен өңдеу, қаптау және дайын үлгілер бөлмесіне дейінгі барлық цикл таныстырылды. 29 жылдық тарихы бар кәсіпорында төсек жапқыштар, көрпелер, мектеп киімдері, орамалдар және түкті халаттар және тағы басқа көптеген өнімдер шығарылады.

«Колледжбен бұрыннан бірге жұмыс істеп келеміз, студенттердің дайындық деңгейлері жақсы, егер түлектердің бірі колледжі тәмамдаған соң жұмысқа орналасуға тілек білдірсе, біз оны қабылдауға дайынбыз. Ең маңызды кезең тәжірибелік білім алу кезеңі екені сөзсіз. Содан кейін қай студенттің осы салада жұмыс істей алатындығы анықталады», – дейді «Айвенго» ЖШС директоры Любовь Попоава.

«Ашық есік күні» науқанының мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін насихаттау.

Науқан барысында колледж студенттері өңірдегі жетекші кәсіпорындарға топсеруен жасады. Атап өтсек, «Айвенго» ЖШС-на Тараз қаласы Сервис және технологиялар коледжінің студенттері, «Rola-7» ЖШС-на Байзақ ауданы №3 Байзақ колледжінің студенттері, «Жамбыл Недр» ЖШС кәсіпорындарына Талас ауданы Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері, «Минералды тыңайтқыштар» зауытына Тараз химия-технологиялық колледжінің студенттері, «Еврохим-Қаратау» ЖШС-на Жаңатас көпсалалы колледжінің студенттері барды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер