Дуальды оқыту: тараптарды қалай ынталандыруға болады?
Көкшетауда «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында «Ас аптасын» өткізу жоспарлануда
Мұндай қадамға қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының өкілдері бекініп отыр. Олар Өңірлік палата ұйымдастырған дөңгелек үстел басында дуальды оқыту аясында кадрларды даярлау мәселесін талқылау үшін жиналды. Кездесуге жиналғандар «Ас аптасы» деген шартты атаумен аталған шара бұл саланы танытып қана қоймай, бірыңғай ақпараттық алаңды құру негізін қалыптастырады деп санайды.
Кездесудің басты тақырыбына тоқтала келе, ӨКП директоры Еркебұлан Баяхметов мына мәселелер жайында әңгімеледі:
«Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» деп аталатын еліміздің әлеуметтік жаңғыру бағдарламасы аясында дуальды оқытуды енгізу жөніндегі жұмыс алдымызға үлкен міндеттер мен перспективалар қойып отыр. Еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау проблемасына, болашақ мамандарды кәсіби және әлеуметтік бейімдеу мәселелеріне үлкен көңіл бөлмекпіз».
Бүгінде бұл тұста өңірдің 38 колледжі қамтылған. Онда 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша шамамен 21 мың адам білім алуда. Олардың шамамен 60%-ын жұмысшы мамандықтар құрайды. «Дуальды оқытудың жол картасын» жүзеге асыру аясында ӨКП 16 колледжбен және 53 әлеуметтік серіктес кәсіпорындармен үшжақты шартқа отырған. Шарт бойынша 15 мамандықтан 791 студент қамтылған.
Қатысушылар көтерген проблемалар бұрыннан бар, бірақ мұндай алаң қызығушылық танытқан әлеуметтік серіктестердің көкейтесті мәселелеріне тікелей жауап алуына мүмкіндік берді.
«Көкшетау қаласы № 1 құрылыс колледжі» КМУ директоры Алпысбай Омаровтың айтуынша, бүгінгі күні 150 адам өндірістік тәжірибеден өтуде. Олардың барлығымен үшжақты шарт жасалған.
«Алайда тәжірибенің 60%-ы төленбейді. Студенттерді екі аптадан бір айға дейінгі мерзімге тағылымдамадан өтушілер ретінде қабылдайды. Әлбетте, осы себептен студенттерде ынта болмайды. Біз үшін басты проблема – тұрақты жұмыс берушілердің аздығы. Біз жұмысқа алуға көмек береді деп Палатадан үлкен үміт күтеміз», – деді Алпысбай Омаров.
Төленбейтін өндірістік тәжірибе проблемасымен Красный Яр ауылының №3 агротехникалық колледжінің аға шебері Ирина Ивашкевич те келісіп отыр. «Бәлкім, студенттік тариф бойынша қандай да бір өтемақылық шығындарды қарастырған да жөн шығар», – деген ұсыныс айтты ол.
Жұмыс берушілердің көбі болса, білім алып жатқан жастардың біліктілігі төмен екендігі айтып отыр. Алайда ондай еместер де бар.
«Қызығушылық танытқан, жұмыс істеуге дайын тұрған жас маманды мен қос қолдап жұмысқа алуға әзірмін. Шын мәнінде, бәрі олардың ынтасына байланысты», – деп мәлімдеді «Сармат» lounge-bar директоры Гүлмира Құсайын.
Өзара кеңескен дөңгелек үстел қатысушылары өзара мәмілеге келді. Олар үшжақты серіктестіктің тиімділігін арттыру үшін қажетті мамандарға (олардың саны, біліктілігі және тағы басқа) деген сұранысты айқындау мақсатында еңбек нарығын бірлесе отырып талдау қажет деп шешті. Сонымен бірге, ортақ проблемаларды толығырақ зерттеу үшін қоғамдық кеңес өкілдерінің қауымдастығын құру туралы шешім шығарылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: