«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес ауылға бет бұрғанда…

2016 жылғы 23 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
8311 просмотров

Облыста биылғы жылдың тоғыз айының ішінде, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында, жалпы сомасы миллиард теңгеден асатын 384 жоба іске қосылды

Осылайша, ауылдық аймақтардың жүздеген тұрғыны бизнеспен айналысып, өз істеріне жұмыссыз жүрген жерлестерін де тартып жатыр.

Жұмыспен қамтудың жол картасы, әсіресе, шаруалар мен фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мысалы, бір ғана Абай ауданының өзінде 20 кәсіпкер мемлекеттен 50 млн теңгеден астам гранттар мен несиелер алған. Және де осы аудандағы 20 жоба әлі де қаралып жатыр.

Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша несие алғандардың бірі – Ләззат Жармағамбетова. Өз ісін дамыту үшін, ол кәсіпкерлерді қолдау орталығына жүгінеді. Олар өз кезегінде кәсіпкер әйелге сай келетін бағдарламаны таңдап беріп, бизнес-жоспар құруға көмектескен.

«Мен бұрын тігін шеберханасында жұмыс істедім. Сол кездің өзінде өз ісімді ашамын деп шешкен болатынмын. Дүкеннің жанынан шағын бұрышты жалға алып, ұсақ тігін жұмыстарымен айналыса бастадым. Кәсібім уақыт өте келе кеңейіп, маған жаңа техникаларды сатып алу үшін және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қаражат қажет болды», – деді Ләззат Жармағамбетова.

Кәсіпкер жарты миллион теңге алғаннан кейін, заманауи тігін машиналарын сатып алып, жұмысқа екі көмекші жалдайды.

Қазір Ләззат қарызын қайтарып жатқан болса, басқа абайлық сегіз кәсіпкер кәсібін өркендету үшін грант алуға өтініш білдіріп жатыр.

Олардың жобаларына жергілікті Кәсіпкерлер палатасы қолдау білдіріп отыр. Және де жақында өңірлік комиссия мүшелері, мемлекеттің өтеусіз көмегін иеленетін жеңімпаздардың есімін жариялайтын болады.

Алайда жергілікті кәсіпкерлер мемлекет қазынасынан берілетін қаражатты күтіп, бекерге отырған жоқ. Керісінше, олар өз идеяларын ақырындап жүзеге асыру үстінде. Солардың бірі Абай ауданынының тұрғыны Әлия Жұматаева. Кәсіпкер әйел саңырауқұлақ өсіру жобасы бойынша байқауға өтініш білдірген. Әлия Топар ауылынан жылыжайды жалға алып, айына тоғыз тонна саңырауқұлақ өндіруді жоспарлап отыр.

Қазір кәсіпкер сыртқы қаптама мен жапсырманың дизайнын жасап жатыр. Оның тек облыс бойынша ғана емес, Астана қаласы бойынша да ірі сауда желілерімен келісімі бар. Олар абайлық іскер әйелдің өніміне қызығушылық танытуда.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Абай ауданынан тыс, ең көп жобаларды жүзеге асырып, қаржыландырылғандар қатарында Қарқаралы (110), Осакаров (76), Жаңаарқа (75) және Шет (32) аудандары бар. Осыған байланысты 237 жұмыс орны құрылған: Қарқаралы ауданында – 58, Шет ауданында – 33, Осакаров ауданында 28 және Теміртау қаласында – 31.

Жалпы 876 жоба қаралып, 384 жоба іске қосылған. Олардың ішінде 13 жобаға грант бөлініп, 217-сі Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жүзеге асырылуда. «ҚазАгро» желісі бойынша – 46 жоба, «Бизнестің жол картасы бойынша» – 23 жоба, шағын несиелеу саласы бойынша – 5 жоба мақұлданған. Агробизнес бағдарламасы бойынша 80 ауылдық кәсіпкер субсидия алған. Сондай-ақ, 9 кәсіпкердің құжаттарын мақұлдап, 4 кәсіпкерге бизнесін кеңейтуге рұқсат берілген. Және де 124 ауыл тұрғыны өз шаруа қожалықтарын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін және жеке кәсіптерін ашқан.

Барлық жобалар мен оларға бөлінген қаражат, тек облыстық емес маңызы  бар қалалар мен ауылдық жерлерге ғана қатысты. Қарағанды қаласының кәсіпкерлері жеңілдігі бар несие алуға үміткерлердің санатына кірмейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер