«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

KASE: Несиенің орнына инвестиция

2016 жылғы 22 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
11031 просмотров

Қазақстан қор биржасы (KASE) қарағандылық кәсіпкерлерді қаражат тартудың оңтайлы құралын пайдалануға шақырып отыр

Даму үшін қаражат қажет болса, несие алудың қажеті жоқ. Ол үшін қор биржасының көмегіне жүгінген абзал. Алайда, еліміздің көптеген орта және ірі кәсіпорындары екінші деңгейлі банктерден несие алуға бейім. «Қазақстандық қор биржасы» АҚ эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс бөлімінің басшысы Аслан Қалиғазин кез келген шетелдік инвестор кәсіпорынды іздеген кезде, оның қор биржасындағы мәліметтеріне көз тігетінін атап өтті.

«Егер шетелдік инсвестор сіздің кәсіпорныңыздың үлесіне кіреді деген ықтималдық болса, аудитке дайындалу қажет. Алайда, сіз KASE тізіміне енсеңіз, ешқандай аудиттің керегі жоқ, сіздің компанияңыздың құны баршаға мәлім болып тұрады. Биржадағы баға әділ баға болып есептеледі және ол банктер, зейнетақы қорлары, мемлекеттік органдар сияқты барлық қаржылық институттар тарапынан мойындалған баға болып есептеледі. Шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізген кезде, сіз еш күмәнсіз «Менің компаниямның бағасы  осындай, бағалау үшін, ешқандай қосымша аудиттің қажеті жоқ» деп айта аласыз», – деді қор биржасы өкілі.

А.Қалиғазин IPO өткізу тек инвестициялар тарту ғана емес, бизнестің нарықтық бағаға дайын екендігінің белгісі екенін айтты. Сонымен бірге, дамудың жаңа сапалы сатысына өту, инвестиция тарту үшін тиімді талаптарға жол ашатын көпшілік компания мәртебесін алу деп түсіндірді. Сондай-ақ, ол мұны компания иелерінің капитал иелеріне айналу мүмкіндігі екенін де атап айтты.  

Бұл ретте IPO-ның негізгі сатыларына мыналар жатады: қаржылық кеңесші тарту, акцияларды орналастыру және листингілеуге дайындау, KASE-де акцияларды листингілеу, акцияларды қор биржасында сатылымға шығару немесе жазылымдар жасау, екінші дәрежелі нарықта саудаға шығару.

Биржа басшысы қазақстандық «BAST» АҚ мен «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» АҚ секілді компанияларды мысалға келтірді.

«Шығыс Қазақстан облысының BAST компаниясының қолында қор нарығына шығар алдында тек кен орны мен пайдалы қазбаны пайдалануға рұқсат беретін лицензия ғана болды. Олар банктерге барып несие алмақ болған, алайда банктер оларға несие бермеген. Олар акция жариялап, содан компания құны артқан. Тартылған қаражатқа олар цехтар салып, өндірісті бастады. Сосын олар акциялардың бір бөлігін банкке жылжымайтын мүлік пен жер телімдерінің орнына мүлік ретінде салды.  Ол банк үшін өте тиімді болмақ.  Акцияларды сатып, несие алды, сол қаражатқа өндіріс кешенін салып үлгерді», – деді биржа басшысы.

Ақтөбелік кәсіпорын, керісінше, өз ісін көп жылдар бұрын ашқан екен. Мекеме 90-жылдардан бастап жұмыс жасап келеді және қарағандылық «Имсталькон» ЖШС мен бірнеше ресейлік өндіріс орындарымен бәсекеге түсе алады. Компания өндіріс көлемін ұлғайту, қарыздардан арылу мақсатында бірнеше несие алған. Қор нарығында олар миллиард теңгеге жуық қаражат тартқан. Осы қаржы арқылы кәсіпорын несиелерін жауып қана қоймай, жаңа зауыт салып,  тың жобаларды да қолға алған. Ескеретін жайт, биыл көктемде делдалдар «АМЗ» АҚ акцияларын роуд-шоу шеңберінде қарағандылықтарға да ұсынып көрген. Бастапқыда құнды қағаздың бір данасы 11 177 теңге тұрса, бүгінде қордағы бағасы 16 000 теңгеден асқан. Шығыс қазақстандық BAST акциялар басында (сәуір 2015) 20 мың теңге болса, бүгінгі күні бағасы екі есеге өскен.

«Көптеген компаниялар мұндай мүмкіндіктің бар екендігін біле бермейді. Барлығы биржа – қиын, өте қымбат, көп білімді қажет етеді деп ойлайды. Одан қарағанда мүлікті кепілге беріп, банктен несие алу жеңіл деп санайды. Ол мүлде дұрыс емес. Оған компанияны дамудың жаңа сатысына шығаратын қосымша қаржылық құрал деп қараған жөн. Әр облыстың өз бренді бар. Олар мүдделі инвесторларды тартуы мүмкін. Сол үшін, оларға көпшілік компания болу мүмкіндігін пайдалану қажет», – дейді инвесторлармен және эмитенттермен жұмыс жасау бөлімінің мамандары.

Өңір кәсіпкерлерімен кездесуден кейін KASE және брокерлік компания өкілдері көпшілік компания болуға қызығушылық танытқан  «Промтехпрогресс» ЖШС, «Теплотранзит» ЖШС, «Common market» ЖШС сынды орта және ірі кәсіпорындарында болып қайтты.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер