«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болат Палымбетов: «Кәсіпкерлердің бәрінен күдіктене беруге болмайды!»

2016 жылғы 20 Қыркүйек
7234 просмотров

Бизнес-омбудсмен кеден органдарының жөнсіз іс-әрекеттері олардың мемлекеттік мүддені қорғаудағы жауапкершілігіне көлеңке түсіріп отырғанын мәлімдеді

«Кедендік одақ саласын одан әрі жетілдіру керек және орын алып жатқан жемқорлық деректерін барынша азайту қажет», – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл. Бұл жөнінде ол «Атамекен» ҚР ҰКП Жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы кеңесінің отырысында хабарлады.

Қарағанды облысын мысалға ала отырып, ол кәсіпкерлердің кеден органдарының тексерісі кезінде көп қиындықтардан өтетінін баяндады. Бұл, өз кезегінде, уақыт жоғалтуға, мүлікті уақытша сақтау есебінен кететін шығынға соқтырып, кәсіпкердің табысқа жетуіне кедергі келтірмек. 

Болат Палымбетов бұрғылар жеткізумен айналысатын «ЭмСиАй Раббер Солюшнс» ЖШС компаниясының өкілін жеке қабылдағанын айтты.

«Кеден декларациясында «бұрғылау және қазба жүргізу машиналарының» тиісті классификациялық коды болуы қажет деп бекітілген. Мұндай тауар үшін кедендік баж салығының нөлдік мөлшерлемесі белгіленген. Алайда, облыстық кедендік бақылау қызметі басқа шешім қабылдапты. Тауардың классификациясы өзгертіліп, құбыр деп бекітілген. Мұндай тауар коды үшін кедендік бақылау мөлшерлемесі кедендік мөлшерлеменің 13%-ын құрайды», – деп нұсқады бизнес-омбудсмен.

Сонымен қатар ол басқа да кәсіпкердің кедендегі дөрекілікке тап болу жағдайына тоқталды.

«Жеке кездесуде ол оған кеденде қарақшы сияқты қарағанын айтты. Ол осыны кеден өкілдеріне айтқанда, олар: «Мен мемлекет алдындағы өз міндетімді атқарып тұрмын. Мен бюджетке қаражат жинап жатырмын»,– деген. «Ал, мен не істеп жүрмін? Мен де салық төлеймін, жұмыс орындарымен қамтамасыз етемін, өз өңірімде демеушілікпен айналысамын. Мен де мемлекет мүддесі үшін қызмет атқарып жүрмін ғой», – депті кәсіпкер. «Ол өз жұмысыңыз» – деген екен кеден өкілі. Қысқасы, бюджетті толтыру, бизнес пен жұмыс орындарын сақтау міндеттерін бірлесе атқарайық», – деді бизнес-омбудсмен.

Болат Палымбетовтың пікірінше, мұндай түсініспеушіліктерге жол бермес үшін кәсіпкерлермен жиі кездесіп отырған абзал. «Мұны кәсіпкерлердің өздері де айтып отыр. Кедендік органдардың осындай іс-әрекеттері мемлекет мүддесін қорғаудағы олардың ниет-пиғылдарының «тазалығына» күмән келтіруге мәжбүрлейді», - деді ол. Бизнес-омбудсмен, сонымен бірге, мемлекеттік кірістер органдарындағы жемқорлық заңбұзушылықтарының алдын алу, кедендік істі жетілдіру бойынша азаматтық қоғам мен бизнес өкілдерімен бірлесе отырып ықпалды жүйе жасап шығаруды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер