Қытайдағы «ЭКСПО» көрмесіне барады
Астана Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері Қытайда өтетін екі «ЭКСПО» көрмесіне қатысатын болды
Бұл туралы Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің кезекті отырысы барысында Кеңес төрайымы Бағила Бисембаева айтты.
Оның айтуынша, астаналық бизнесвумендер Қытайдың Уцзяцюй қаласында өтетін Синцзянь өнеркәсіптік-құрылыс корпусы Оазистік индустриясының «ЭКСПО» көрмесіне және Үрімші қаласындағы «Қытай – Еуразия» ЭКСПО» көрмесіне барады екен.
«Бизнес-сапар кезінде сауда-инвестициялық саладағы ынтымақтастық мәселелері қаралмақ. Кәсіпкер әйелдер көрмеге қойылған мата өнімдерімен, киім-кешекпен, азық-түлік, өнеркәсіп, құрылыс материалдарымен және зергерлік бұйымдармен танысып, Уцзяцюй және Үрімші қалаларының іскерлік орта өкілдерімен кездесе алады. Қытай нарығы үшін қызықты болатын өздерінің жобалары мен өнімдерін таныстыруға, B2B кездесу форматында әлеуетті серіктестермен және клиенттермен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік туады», – деп хабарлады Бағила Бисембаева.
Қазақстандық бизнесвумендерден басқа, шараға Ресей, Қырғызстан, Армения және Грузия бизнесмендері қатысатын болады. Барлығы 100 қатысушы барады. Іскерлік сапарды қытай бизнес-консалтингтік компаниясы ұсынып отыр.
Отырыс барысында ІӘК мүшелері қазақстандық делегацияның жарнамалық стендін бекітті. Онда «Бизнестегі әйелдерге көмектесу арқылы, біз елге көмектесеміз» деген сөздер жазылатын болды.
Сапардың ұйымдастыру мәселелерінен бөлек, кездесуде MBA бағдарламалары бойынша оқыту грантына кәсіпкерлерді іріктеу талаптары да талқыланды.
Сонымен бірге, Іскер әйелдер кеңесінің құрамын кеңейту және оның қатарына өзге де әлеуметтік белсенді әйелдерді тарту мәселесі де қаралды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: