«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зағип жанның зәрулігі ескерусіз қалмады

2016 жылғы 16 Қыркүйек
- Алматы қаласы
6399 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен зағип жан жеке тәжірибелік-психологиялық кабинетін ашты

Нұржан Дәуітов психологиялық кеңес беретін жеке кабинетін ашу үшін көптен бері әрекет етіп келді. Алайда кеңсені жалға алып, істі өз бетінше бастап кетуге мүмкіндігі болмады. Оған қоса, Нұржан бірінші топтағы мүгедек, көзі мүлде көрмейді деуге болады. Әріптестері оны өздерінің орталықтарына жұмыс істеуге шақырғанымен, бірақ онда тұрақты еңбекақы болмады.

Екі апта бұрын Нұржан Дәуітов Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына келіп, бизнес-қауымдастық бірлестігінің директоры Юрий Тілеумұратовтан кабинет ашу үшін кеңсе табуға көмек беруін сұраған. Палата басшысы бірнеше кездесулер өткізді, көп ұзамай жас кәсіпкер клиенттерді қабылдай бастады. Психологиялық кеңес беру кабинетін ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі, «Сұңқар» медициналық орталығының бас директоры Қуаныш Керімқұлов ұсынды. Ол жекеменшік медициналық орталықта орналасқан кабинетке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, компьютер мен қажетті жиһаздарды орналастырып берді, ең бастысы – клиенттердің тұрақты базасы қалыптасқанға дейін жас бизнесмен кабинетті жалдау ақысын төлемейді.

Жеке кәсіпкердің айтуынша, көптен күткен арманы орындалған. 20 шаршы метрдей болатын үлкен кабинетте жеке кеңестер берумен қатар, тренингтер өткізуге болады. Зағип психолог топтық тренингтерді «Тағдырыңды басқару», «Ішкі түйсікті дамыту» сияқты тақырыптарда өткізеді. Тақырыпты ашу барысында мүмкіндігі шектеулі жан психологиядағы осы заманғы түйіндерді ғана айтумен шектелмей, өзі еңсерген жайттарды да сөз етеді.

«Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына, әсіресе басшысы Юрий Тілеумұратовқа және «Сұңқар» клиникасының директоры Қуаныш Керімқұловға алғысым шексіз. Осындай жан-жақты көмек аламын деп күткен жоқпын. Қазірше күніне келетін адам саны мол емес, дегенмен көп ұзамай келушілер саны артады деген үміттемін. Адам саны көбейгенде жалға алу ақысын төлей алатын халге жетемін. Жоғарғы білім туралы үш дипломым бар: психологиядан бөлек, менеджмент пен бизнесті басқаруды меңгергенмін. Сондықтан енді өзім де жеке істерін енді ашып жатқандарға көмек бере аламын», – дейді жас кәсіпкер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер