Тимур Құлыбаев: Кәсіпкерлікті дамытуға барынша күш салу керек
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытудың нақты бағдарламасын ұсынды
«Атамекен» қызмет көрсетудің жаңа кезеңіне өтпек. Бизнес институтының қызметіне үш жыл толуына орай өткен мәжілісте Ұлттық палата Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаев «Бизнесті дамыту жөніндегі 10 қадам» бағдарламасының негізгі тұстарына тоқталып өтті.
Сенім – даму құралы
«Қазақстанның тәуелсіздік кезеңінің басты нәтижесі ретінде жекеменшік институт пен жаңа қоғамдық тап – кәсіпкерлік саласын құра алғанымызды атауға болады. Алда тұрған ендігі міндет осы процесті одан ары дамыту», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев өз сөзінде.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үш жыл ішінде атқарған жұмысына қорытынды жасай келе, «Атамекен» басшысы, басты мәселелерге тоқталды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар, заңнамажағы олқылықтарды жою және қандай да бір қызмет түріне рұқсат алудағы кедергілердің азаюы кәсіпкерлердің сеніміне кіріп, бизнес ортаны сауықтыруға сеп болды.
Мұны бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов те айтып өтті. «Бүгінде кәсіпкерлер өз мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдарға емес, тікелей «Атамекенге» келеді. Кәсіпкерлер Палата оларға құлақ асып, қолдан келгенше көмек қолын созатынына сенеді», – деді Б.Палымбетов.
Десе де, Палата алдында бүгінде бұдан басқа да маңызды міндеттер тұр. Олар: кәсіпкерлікті жаппай дамытуды қамтамасыз ету және сәйкесінше, тұрғындарды жұмыспен қамту болып отыр.
Оқу - білім бұлағы...
Бұл бағытта да көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, кәсіпкерлерді оқыту инфрақұрылымы құрылды, көптеген кәсіпкерлер коммерция жайлы терең түсініп, кейбірі, тіпті, өз ісін ашу үшін несие де алып үлгерді. Алайда, бұл саланың қарқыны көңіл көншітерлік те емес.
Өзінің сыни ескертулерін «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлерді оқытуды жүзеге асыратын кейбір мемлекеттік бағдарламалардың талаптары «көп жағдайда тиімсіз» келеді. DAMU қорының «Бизнес-кеңесші» және «Бизнес-өсу» бағдарламаларының мерзімі екі күннен бес күнге дейінгі аралықты қамтиды.
«Мұндай «оқыту» бағдарламасы тек көрсеткіштерді жақсартуға ғана жұмыс істейтіні анық», – деді Ұлттық палата орынбасары. Оның сөзіне сенсек, бұл жұмыстың тиімділігін арттыру үшін оның барлық алгоритмін өзгерту қажет. Оқыту микронесиемен, жобаны қолдаумен, бизнесменге кіші индустриалды аймақтардағы өнеркәсіптік инфрақұрылымдарын ұсыну, өзінікіне ұқсас кооперациялармен және бастысы, өнімді өндірілген өнімді өткізу нарығына шығарумен үйлесімді түрде жүзеге асырылуы қажет. Тек осылайша ғана кәсіпкерлікті қолдау жүйелі түрде жүзеге аспақ.
«Бизнес негіздерін оқытудың қолданыстағы форматы, негізінде, дайындығы жоқ аудитория үшін тиімсіз әрі тек ресми сипатта жүргізілуде», – деді Нұржан Әлтаев. Бұл орайда, «Атамекен» ҰКП-ның Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» деп аталатын екі пилоттық жобаның нәтижелері көңіл қуантады. Мұнда кәсіпкерлерді оқыту сүйемелдеу мен микронесиелеу арқылы жүзеге асырады. Нәтижесінде, ауылда іргесі берік шаруа қожалықтарының саны артқан.
«Ұзақтығы жағынан қысқа мерзімді мемлекеттік бағдарламалардан 6-10 есеге артық жобалардың тиімділігін, білім алушылардың талаптарына сәйкестігі мен бейімділігін, сондай-ақ, бизнес жобаларды қолдау элементтердің бар екенін есепке ала отырып, оны елдің барлық өңірлерінде кеңінен тарату ұсынылды. Оларды «БЖК-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікке қаржылық емес қолдау көрсету құралы ретінде енгізу ойға қонымды әрі оңды болар еді деп санаймын»,– деді Нұржан Әлтаев.
Қаражат көбірек болса...
Несие ресурстарына қолжетімділік, бұрынғысынша, бизнестегі басты мәселе болып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшысының пікірінше, түйткілді мәселенің шешімі тек микронесие беруді дамыту болып отыр. Шағын бизнес үшін берілетін микронесиелер мемлекеттік бағдарламалардың кей түрлері аясында берілсе де, олардың көпшілігі қолжетімсіз күйінде. Оған себеп, кепілмен қамтамасыз ету мәселелері мен талап етілетін құжаттардың көптігі. Мәселен, «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша микронесие алу үшін кәсіпкер 13 түрлі анықтама беруі тиіс екен.
«Микронесие нарығын сараптай келе, онда ауылдық жерлердің аз қамтылғаны анықталды. Сондай-ақ, бизнесін енді ашқан жас кәсіпкерлер үшін микронесиелердің пайыздық көрсеткіштері жоғару болуы себепті (орта есеппен жылына 40%) олар әлі де қол жетімсіз болып отыр», – деп баяндады Нұржан Әлтаев.
Жыл басында «Атамекен» ҰКП жеке инвестициялар мен жергілікті бюджет қаражатын тарту есебінен бизнеске микронесие беру пилоттық жобасын Қазақстанның бес өңірінде бастаған еді.
Микронесиелер 15 млн теңге көлеміне дейін, жылына 6%-дық көрсеткішпен, салалық шектеулерсіз бес жыл мерзімге дейін беріледі. Ескере кетер жайт, микронесие алу үшін, бар-жоғы 5-6 құжат тапсырса болғаны. Микронесиелеуді ауқымды түрде қамту «Атамекен» ҰКП инфрақұрылымының дамуын қамтамасыз етеді. Оны әр ауданда ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жүзеге асырып отыр.
Бүгінгі күні жалпы көлемі 1 млрд 942 млн теңгені құрайтын 365 өтініш келіп түсті. 825 млн теңге тұратын 185 жобаға қаражат толығымен берілді.
Осы орайда, Ұлттық палата Үкіметте микронесиелеу тәжірибесін кеңейту мәселесін талқылауды қолға алмақ.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушы кәсіпкерлер тарапынан тұңғыш рет көтеріп отырған ұсыныс та айтылды. Олар «Атамекен» Ұлттық палатасын бизнесті қолдаудың барлық мемлекеттік бағдарламалары бойынша микронесиелеу саласында да, кәсіпкерлікті оқыту саласында да бірыңғай оператор етуді ұсынды.
Экспортқа бағыт алу
Бизнесті дамыту мәселесі өткізу нарығы мен серіктестерді іздеуге тікелей байланысты. Осы тұрғыда Палатаның тиімді құралы – Өңірлік даму картасы бар. «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотановтың айтуынша, картаның әмбебаптығы кез келген өңірдегі бизнесті, ондағы инфрақұрылым туралы ақпаратты үйлестіре білуінде. Картаны «бизнес-құрастырғыш» ретінде қолдануға болады, сонымен бірге ол болашақ инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздерін құру кезінде инвесторлар үшін таптырмас анықтамалық материалы бола алады. Өкініштісі сол, Өңірлік картаны инвесторлармен жұмыс жасау кезінде ресми мекемелер қолданбайды екен.
Талқылау нәтижелерін қорытындылай келе, «Атамекен» Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Ұлттық палатаның үш жылдық жұмысын негізге ала отырып, бірнеше ұсыныстарды алға тартты.
Ендігі уақытта микронесиелеуді кеңейту және кәсіпкерлікті оқыту процесін жетілдіру «Атамекен» ҰКП-ның басты мақсаттарының бірі болмақ. Енді бұл процесс, әдеттегідей жергілікті әкімдіктердің меншігіндегі, қажет емес немесе тиімді қолданылмайтын өндірістік алаңдарды беру негізінде кіші индустриалды аймақтарды құрумен тығыз байланыста болады. Барлық жағдайы жасалған мұнда кіші индустриалды аймақтарды шағын бизнеске жалға беруге әбден жарайды. Мұндай аймақтарды құруға кететін ақша іс жүзінде мемлекеттік бағдарламалар аясында қарастырылмағанын айта кету керек.
Күш – бірлікте!
Ұлттық палата қызметіндегі басты бағыттардың бірі жеке қосалқы шаруашылық немесе шағын тауарлы шаруа қожалықтары негізіндегі ауыл шаруашылық кооперативтерін құру болып қала бермек. Палатаның бұл істе тәжірибесі жетерлік. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдау көрсетуімен елімізде әртүрлі мүлік түрлері шоғырланған 7 мыңнан астам қожалықтарды біріктіретін 283 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Сонымен қатар, «Атамекеннің» атсалысуының арқасында кооперативтер Ресей мен Қытайдың өнім өткізу нарығынан өздеріне серіктес таба білген. Даму үшін қажет қаражат әлі де басты проблема болып отыр. Осыған байланысты Ұлттық палата үкіметке тұрғындардың кооперативтерге біріктірілген жеке қосалқы шаруашылықтарына микронесие беру басымдығын айқындап, оны «Қазагро» холдингінің жаңа несие беру өнімі түрінде қалыптасыруды ұсынып отыр.
Палата ұсыныстары қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін сату, тасымалдау, сақтау және бөлшектеп өлшеу, сонымен бірге, қайта өңдеу мақсатында Көтерме-үлестіру орталығын (КҮО) құру ұсынысы бар. Бұл ретте, өнімдердің барлығы фитосанитарлық және ветеринарлық тексерістен өтіп, елдің ішкі нарығында өңірлер арасында үлестірілуі тиіс.
Отандық кәсіпкерлер өніміне ішкі сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік сатыпалулар жүйесін орталықтандырып, АҚШ мысалында Келісімшарт кеңсесін құру ұсынылды. Мұндай мекемені сарапшылар жергілікті құрамды дамыту жөніндегі «NADLoC» Ұлттық агенттігінің базасында құруды көздеп отыр. Онда барлық сатыпалулар ұзақмерзімді мемлекеттік келісімшарттар түрінде жүзеге асырылады деп жоспарлануда. «Атамекен» бұл жұмысты сенімді басқаруы негізінде жолға қоюға әзір.
Келесі қадам Экспортты одан әрі дамытудың бірыңғай стратегиясы болып отыр. Қолда бар құжаттарда іске аспаған әлеуетті шағын және орта бизнес туралы бір де бір сөз жоқ. Жаңа Стратегияда қолданыстағы барлық бизнесті қолдау бағдарламаларын бұл бағдарламаны шешуге жұмылдырып, «бір терезе» қағидасы арқылы жұмыс жасайтын үйлестіру органын құру ұсынылған. Мұндай орган рөлін «Атамекен» өз мойнына алуға дайын.
Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын қолданушылар аясын кеңейту мақсатында сарапшылар мемлекеттік қолдау шарасы ретінде ТЭН (техникалық-экономикалық негіздеме) жасауға кеткен кәсіпкерлер шығынын өтеуді «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына енгізуді ұсынып отыр. Бұл тұрғыда, ТЭН жасау жөніндегі компанияларға қойылатын талаптарды бекіту ұсынылады.
Мемлекет бизнес үшін
Сөз соңында, Тимур Құлыбаев басты мәселеге тоқталды. Ол бизнесті қолдауды жүзеге асырудағы түрлі бағдарламалар мен институттардың көптігі нарықта бейберекеттік пен алауыздық тудыратынын атап өтті. Осы тұрғыда, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болып саналатын министрліктер нақты жағдайды өз мүддесіне қарай бұрмалайтын кездер аз болмайды екен. Нәтижесінде, Бюджеттің жұмсалуын қадағалайтын есеп комитеті жыл сайын «жұмсалмаған» қаражатты анықтайды.
«Қазіргі таңда осы қолдау шараларын шоғырландыратын уақыт келіп жетті. Оларды барынша тиімді, ыңғайлы ету керек. Ол үшін кәсіпкерлерге «бір терезе» арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» секілді қолдау шараларын қолға алу қажет. «Бизнеске арналған үкімет» корпорациясын құру жобасы қолдау көрсетуді «бір терезеге» шоғырландырып, қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға сеп болады. Сонымен бірге, қолдау шараларын алу процедураларының ашықтығын қамтамасыз етеді», – деді Тимур Құлыбаев.
«Басқаша айтқанда, кәсіпкерлерге көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бір жерде әрі онлайн режимде көрсетілмек», – деп атап өтті Ұлттық палата Төралқа Төрағасы.
Еліміздің әр ауданында «Атамекен» Ұлттық палатасының Кәсіпкерлері қолдау орталықтарының болуы оның инфрақұрылымының дамығандығының көрсеткіші. Осыны және оның кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету бойынша жұмыс тәжірибесінің мол екенін ескере келе, Ұлттық палатаға оператор қызметін бекіту ұсынылып отыр. Әлбетте, Үкімет тарапынан үйлестіру арқылы.
Дәуір айнасы – заң
Кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелеріне тоқтала келе, Тимур Құлыбаев заңды одан әрі жетілдіру қажеттігін сөз етті. Ол Парламент депутаттары және Үкіметпен бірлесе жұмыс жасаған осы үш жыл ішінде заң бейнесін өзгертіп, оны анағұрлым бизнесменге тиімдірек етуге қол жеткенін атап айтты.
Десе де, мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметтерін түгендеу, одан ары олардың бизнеске қатысты бөлімдерін жою қажеттілігі бар. Бүгінде Қазақстанда 512 бақылау және қадағалау қызметін атқаратын 61 ведомство бар, олардың ішінде кәсіпкерлікке қатысты 18 000 талап бар. Кеңестік жүйеден қалған тексерістің мұндай көнерген түрі қазіргі нарық қоғамына сәйкес келмейтіні анық. Ол нәтижесіз әрі табыссыз. Осы орайда палата заңды жетілдіру бойынша өз қызметін жалғастырмақ.
Тимур Құлыбаев қылмыстық заңды ізгілендіру жұмысына тағы да тоқталды. «Өкінішке қарай, қолданыстағы Қылмыстық кодекс кәсіпкерді «жазалауға» дайын тұр. Экономикалық қылмыстар бойынша айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылмаған.Олардың кейбірі, тіпті, адам өлтіруде қолданылатын жазамен пара пар. Мысалы, жалған шот-фактура жаздырып алғаны үшін, салық төлемегені үшін, жалған кәсіпкерлік үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген», – деді Тимур Құлыбаев.
Жазалау шараларынан алдын алу шараларына біртіндеп өту саясатын ескере келе, Ұлттық палата сарапшылары экономикалық саладағы қылмыстық заңбұзушылықтарға әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр. «Жалған кәсіпкерлік» тақырыбын егжей-тегжейлі зерттеу қажет», – деді «Атамекен» басшысы.
Ұлттық палатаның барлық ұсыныстары «Бизнесті дамыту жөніндегі 10 қадам» бағдарламасына енгізіліп, Мемлекет басшысы мен Үкіметке жеткізілмек. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үш жылғы қызметі барысында өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Кәсіби деңгейі жоғары команданы біріктіре білген «Атамекен» ең күрделі деген мәселелерді шешуге қашан да әзір.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: