«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес ЭКСПО-дан пайда таба алады ма?

2016 жылғы 15 Қыркүйек
11534 просмотров

Қазақстанның шағын және орта бизнесі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен табыс табу үшін белгілі бір шарттарға сай келу керек

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында қазақстандық компаниялардың тізілімі жасалуда. Тізілімге енгізілген компаниялар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушы елдерге ұсынылады. «Негізінде көрмеге қатысушы мемлекеттер бүгіннің өзінде бірқатар мәселелер бойынша өтініш білдіріп келе бастады. Оларға біздің еліміздің аумағындағы түрлі салалар бойынша қолдау қажет болады, негізінен Астана қаласы бойынша. Сол себепті бұрын көрме өткізген елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, түрлі қызмет саласындағы компаниялардың тізілімін жасаудамыз», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ербол Шорманов, palata.kz сайтының тілшісіне берген жауабында.

Ербол Шорманов берген мәліметке сәйкес, бұл тізімде құрылыс секторының өкілдері басым екен, сондай-ақ дизайнерлік компаниялар, шет тілдерінен тәржімалау қызметін ұсынатын фирмалар, мейрамханалар мен қонақ үйлер де бар көрінеді. «Қазір бұл тізілімде 42 отандық компания бар. Барлық дерлік компаниялар шағын және орта бизнес өкілдері. Олардың қызметіне ЭКСПО-ға қатысушы барлық елдер жүгініп, оларды қандай да бір жұмыс түрін орындау үшін жалдай алады», – дейді Ербол Шорманов.

Сонымен қатар тізілімге «беделіне нұқсан келмеген, ешқандай салықтық қарызы жоқ, түсініксіз оқиғаларға тап болмаған» компаниялар енгізіледі. Іріктеу «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасының шеңберінде жүргізіледі. Іріктеуге қатысушыларға «Recommended by EXPO-2017» белгісі туралы куәлік пен Астана қаласының серіктесі деген дәреже беріледі.

Palata.kz тілшісінің өтініші бойынша, Ербол Шорманов ЭКСПО-2017 өткізілетін күндерде көрмеге қатысушылар мен қонақтарға қызмет көрсетуден қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері таба алатын пайда мөлшері туралы сұраққа жауап берді. «Қазір ол туралы бірдеңе деу қиын, біз оны қатысушы мемлекеттер аталған қызмет түрлерін пайдаланатындығы туралы ресми түрде сауалнама жолдағаннан кейін анықтаймыз», – деп жауап берді Ербол Шорманов.

Тақырыпты түйіндей келе, Ербол Шорманов «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылар мердігерлерді өз беттерінше іздестірумен қатар, өздерінің ұлттық компанияларының өкілдерін Астанаға әкелуге «толық құқылы» екендіктерін атап айтты. «Алайда, ол кезде лицензияға байланысты бірқатар мәселе туындайды, мәселен, біздің аумағымызда құрылыс компанияларына лицензия беруге қатысты. Өйткені оған байланысты өзіміздің заңнамалық базамыз бар», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

«Компаниялардың тізілімін көптеген елдердің Қазақстанға алғаш рет келетіндігін, бірінші рет көрмеге қатысатындығын ескере отырып жасаудамыз», – деп атап өтті Ербол Шорманов. Оның айтуынша, мақұлданған мердігерлердің тізілімі жақында ұлттық компанияның сайтында жарияланады.

Айта кетерлігі, Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттерді тарту бойынша жоспардың орындалғаны хабарланды. Жүзінші мемлекет болып Оңтүстік Африка Республикасы тіркелді. ЭКСПО-ға қатысу туралы келіссөздер 2016 жылдың соңына дейін жалғасады.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер