«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болашағы жарқын жобалар қолдау тапты

2016 жылғы 13 Қыркүйек
- Жетісу облысы
9824 просмотров

Көксу ауданында кәсіпкерлер туризмді дамытуды қолға алып отыр

Ауданда жобаларды сүйемелдеу бойынша қызу жұмыс жүруде. Кәсіпкерлер палатасы филиалының қатысуымен бірқатар жобалар әзірленді: қымызбен емдеу кешені, экологиялық саябақ, құс фабрикасы және тері илеу өндірісі. Әсіресе туризм тақырыбы өзекті болып тұр. Өйткені ауданда жұмыс істеп тұрған табысты туризм нысандары жоқ. Егер инвесторлар табылса, жағдай өзгеруі мүмкін. Ал қазірше кәсіпкерлер жобаларды өз қаржыларымен іске асыруды ойластыруда.

Мәселен, жергілікті билікке қымызбен емдеу базасындағы спорттық-сауықтыру туристік кешенінің жобасы таныстырылды. «Алматы облысы – табиғат тыныштығынан ләззат алып, саф таза ауаны жұту үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын орман-тоғайлардың, өзен-көлдердің, сұлу шатқалдардың, құз-шыңдардың, аңғарлар мен бұлақтардың ғажайып мекені. Міне, сондықтан да, Алматы облысының туристік саласын дамытуда қымызбен емдеу базасында спорттық-сауықтыру туристік кешенін ашу тактикалық қана емес, стратегиялық та сипатқа ие қадам», – дейді жоба авторы Салтанат Өтешбаева.

Спорттық-сауықтыру туристік кешенінің инфрақұрылымы 4 қонақ үйден, 2 киіз үйден, шатырларға арналған кемпингтен, асүйден, қызметкерлерге арналған үйден, санитарлық-гигиеналық бөлмелерден, моншалардан, автомобильдерге арналған тұрақтан тұрады. Келешекте 200 адамға арналған спорттық кешен ашу жоспарлануда. Белсенді демалыс пен шатырларда ғана демалуды қалайтындар үшін кешен аумағында жабдықталған шатырлы тұрақ, шатыр орнатуға арналған орын, ағаш үстелдер мен сәкілер, демалушыларға ұлттық тағам ұсынатын киіз үйлер құру жоспарланған.

«Қосымша қызмет көрсету туристік саланың ажырамас бөлігі. Қонақтарға аттарды, квадроциклдарды, велосипедтерді, шаңғылар мен қалың қарға арналған автомобильдерді жалға алуға болады. Сондай-ақ демалушылар мәдени-танымдық бағыт бойынша Көксу ауданының 2551 метрлік ең биік нүктесіне сапар шеге алады», – дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Көксу аудандық филиалының директоры Марат Бәкиев. Жоба сомасы 80 млн теңгеге бағаланған.

Сондай-ақ жақын арада «Эко парк» экологиялық сауықтыру кешені ашылады. Экологиялық саябақ Ақшатоған ауылында орналасады. Салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында шаңғы жолын, шағын футболға арналған алаңқай, жазғы лагерь, қымызхана, сәкілер, жабық бассейн мен балалар алаңқайын ашу жоспарлануда. Жоба сомасы – 100 000-нан 500 000 долларға дейін және 5 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайды деп күтілуде.

Туристік жобалардан бөлек құс өсіру шаруашылығы мен тері илеу өндірісі таныстырылды. Құс өсіру шаруашылығы неміс технологиясы негізінде жұмыс істейді. Жобаны жеке қаражат пен мемлекеттік субсидия есебінен қаржыландыру жоспарлануда. «Жобаның жалпы құны 20 млн теңге. Күтілетін өнім көлемі – жылына 2 550 000 жұмыртқа. Халықтың тауық жұмыртқасына деген сұранысы мен салыстырмалы түрдегі өндірістің өзіндік құны жыл он екі ай бойы тұрақты табыспен қамтамасыз етеді», – дейді кәсіпкер Сағат Шымболатов.

Енді бір жоба тері илеу ісіндегі ұлттық дәстүрді қалпына келтіруге бағытталған. Кәсіпкер аяқ киімге, автомобильге және киімге арналған тері илеуді жоспарлауда.

Марат Бәкиевтің айтуынша, аталған жоба бойынша инвестицияның жалпы сомасы 155 млн теңге болады екен. Барлық жобалар қолдау тауып, аудан әкімі Алмас Әділ құрылымдық бөлімшелерге жер телімдерін бөлу мүмкіндіктерін іздестіруді тапсырды. Кейін бөлінген жерлермен өзі барып танысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер