«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мұқаш Ескендіров: «Көбінесе Кәсіпкерлер палатасынан шағын бизнес көмек сұрайды»

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
12846 просмотров

2013 жылы Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері мұнда 10 мың бизнесмен өтініш білдіре келген, оның 98,7%-ы шағын бизнес өкілдері

Неліктен шағын компаниялар мен кәсібін жаңа бастап жатқан бизнесмендер «Атамекен» көмегіне зәру, сондай-ақ, осы уақыт аралығында Палата қандай нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Бұл туралы біз Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровпен әңгіме өрбіттік.

- Мұқаш Зұлқарнайұлы, сіз Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі құрылғалы бері, яғни 2013 жылдың қараша айынан бастап аталған органды басқарып келесіз. Кеңес жұмысына қандай баға берер едіңіз, бұл орган қандай өкілеттіктерге ие?

- 2013 жылдың 4 шілдесінде ҚР «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңы қабылданған күннен бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасын құру процесі басталып кетті. Оған қоса, Өңірлік кеңестерді ұйымдастыру мәселесі шешіліп жатты. Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі 2013 жылдың 7 қарашасы күні құрылды. Мен құрамында 25 адам бар Кеңестің төрағасымын. Кеңес мүшелері облыстағы бизнестің түрлі салаларында танымал адамдар. Бұл Палатаның қазіргі қызметіндегі экономиканың нақты салалары мен секторларының мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудегі маңызды шарт.

Өңірлік кеңес Палатаның бақылаушы органы саналатындығына ерекше назар аударғым келеді. Тиісінше, Кәсіпкерлер палатасы толығымен Өңірлік кеңеске есеп беруі тиіс. Оның мүшелері ай сайын өтетін жиындарда Палатаның бюджетін бекітіп отырады, шығыс қаражатын бақылайды, бизнестің мәселелері жайында бастама көтереді; Палата қызметінің және оның филиалдарының Ұлттық палатаның міндеттерін атқаруы және ортақ мақсатқа қол жеткізу барысын бақылайды.

Осы жылдың басынан бері Өңірлік кеңестің жеті отырысы өтті, 2015 жылы – 16. Әр отырыста өңірдегі бизнестің ең маңызды әрі ең көкейкесті мәселесін назардан тыс қалдырған жоқпыз. Жиындарда кең ауқымды мәселелерді қарастырдық: Өңірлік кәсіпкерлер палаталары директорларының есептерін тыңдау, Өңірлік палата жұмыстарының негізгі бағыттарын анықтау, Өңірлік кеңес мүшелерінің заң шығару, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау жұмыстарына қатысуы, мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың жоспарларын әзірлеу. Өңірлік кеңестің соңғы отырыстарының бірінде мемлекеттік сатып алулар, облыстық индустрияландыру картасын, мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламаларын іске асыру мен жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы кооперациялары мәселесі талқыланды.

Бүгінде Өңірлік кеңестің көптеген мәселелерді, соның ішінде елдің орталық органдары арқылы да шеше алатын салмақты күшке айналғандығын мойындауымыз қажет.

- Құрылғалы бері Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендер үшін қаншалықты деңгейде сұранысқа ие болды?

- Алдымен статистикалық мәліметтерді келтірейін: 2013 жылдан 2016 жылға дейін Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасына барлығы 10 мыңнан астам кәсіпкер өтініш білдіре келген. Соның ішінде 435 кәсіпкер құқық қорғау желісі бойынша өтініш білдірген, 9437-сі, 132-сі әлеуметтік мәселелер бойынша. Оған қоса, Кәсіпкерлер палатасына шағын бизнес өкілдері жиірек өтініш білдіре келген – 98,7 %. Орта бизнесті басқаратын кәсіпкерлерден 1,12 %; ірі бизнес өкілдерінен – 0,1 %.

- 2013 жылдан бастап бес жыл бойы шағын бизнес міндетті мүшелік жарнаны төлеуден босатылғаны жасырын емес. Төлем жасамайтындар көбірек өтініш білдіре келетін болса, жарна төлеушілерде Палатаға деген сұраныс төмен болғаны ғой онда?

- Олай емес. Әрине, шағын бизнестің Кәсіпкерлер палатасына деген сұранысы жоғары. Бұл орта және ірі компаниялардың штаттарында заңгерлер мен экономистер ұстайтындығымен түсіндіріледі. Алайда өтініштер құрылымына қарайтын болсақ, шағын бизнеске көбінесе сервистік қолдау немесе қарапайым ғана заңгерлік кеңес керек. Әрине, бұған орташа кәсіпорындар да, ірі кәсіпорындар да мұқтаж емес. Ал егер орта және ірі бизнестен келіп түскен өтініштер мен сұрауларды талдар болсақ, онда олардың түйткілді мәселелер бойынша тексерістерге бастама көтергендерін, Палатаның жүйелік мәселелерді шешіп беруі үшін өтініш білдіргендерін, заңнамаға өзгерістер енгізуге көмек сұрағандарын көре аламыз. Яғни олар арқылы жылдар бойы жиналып қалған мәселелер, заңдардағы кедергілер біртіндеп шешіліп келеді. Оған қоса, Жамбыл облысының ерекшелігі мынада: облыстағы 67378 қызмет етіп отырған бизнес субъектілерінің 99,4%-ы шағын бизнес иелері (66 991), орта бизнес – 309 субъект немесе 0,5 %; ірі бизнес – 78 субъект немесе 0,1 %.

- Заңнаманы өзгертуде немесе оны кәсіпкерлерге ыңғайлырақ түрге келтіруде Палата бизнеске нақты қандай көмек көрсетуде?

- Тікелей бизнестен келіп түсетін сұраулар бойынша жұмыстан басқа, Кәсіпкерлер палатасы тұрақты түрде нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізіп отырады. Екі жарым жылдың ішінде барлығы 419 нормативтік-құқықтық акті жобасы қаралған, соның ішінде 47 жоба толықтыруға жіберілді, 372-сі бойынша сараптамалық қорытынды ұсынылды. Палата сайтында «Талқылауға арналған нормативтік-құқықтық актілер жобалары» деген бөлім бар: кез келген бизнесмен әзірленіп жатқан толықтырулармен немесе заң жобаларымен танысып, өзінің ұсыныстарын енгізе алады. Сондай-ақ, консультативтік-кеңесші органдардың комиссияларына Палата мен бизнес-қауымдастықтардың 65 өкілі кірген, соның ішінде Палатаның жеті қызметкері мен Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі мен бизнес-қауымдастықтардың 13 өкілі бар. Палата барлығы 49 консультативтік-кеңесші органдарға қатысады.

- Кәсібін жаңа бастап жатқан жас бизнесмендер үшін Палата шеңберіндегі тегін оқулар туралы айтып өтіңізші?

- Палата «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында сервистік қолдау көрсетеді. Мәселен, «Бизнес-мектеп» құрамдас бөлігінің аясында түрлі оқу курстары мен тренингтер өткізіліп тұрады. Бұл туралы барлық ақпарат Палатаның сайтында бар. Екі жылдың ішінде барлығы 1915 адам оқытылды. Мысалы, «Бизнес-кеңесші» жедел курсына 1725 адам қатыстырылса, «Жобалық оқыту» курсынан 65 адам өткен, «Бизнес-өсу» курсына 125 бизнесмен қатысты. Оған қоса, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде бес күндік тегін тренингтер өткізіп тұрады. Бүгінде облыстың бес ауданы мен Тараз қаласынан 200-ден астам адам сертификаттарды иеленіп үлгерді. Барлығы 372 адамды оқыту жоспарлануда.

- Сіздің компанияңыз алғашқылардың бірі болып техникалық және кәсіби білім беру ұйымын, яғни Тараз химия-технологиялық колледжін ұжымдық басқаруға алғандығы белгілі. Бұл жұмыс бүгінде қалай жүргізіліп жатыр?

- Дуальды білім берудің жол картасы аясында Тараз химия-технологиялық қолледжі біздің компанияның ұжымдық басқаруына берілді. Ұжымдық басқарудың басты мақсаты – дуальды оқыту жүйесін қолдана отырып, сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандар даярлау. Бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасы мен «Қазфосфат» ЖШС ұжымдық басқару бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Дуальды жүйе бойынша оқитын барлық студенттер тәжірибеден өтетін орындармен қамтылды. Сондай-ақ, компания студенттерді тамақтандыру және киіммен қамту мәселесін шешіп қойды, кәсіпорыннан бес тәлімгер анықталды. Олар апта сайын колледжде тәжірибелік-зертханалық сабақтар жүргізеді.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер