Елбасы ауылда кооперацияны дамытуды тапсырды
Жыл соңында Үкімет осы мәселе бойынша Мемлекет басшысының алдында есеп береді
Бүгін Ақордада Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы бірнеше тапсырмаларды жүктеді. Оның жартысы еліміздегі шағын және орта бизнестің болашағына байланысты болды.
«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі басты бағыттардың бірі. 6 жылдан астам уақыт «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Соның аясында он мыңдаған субъектіге сомасы 270 млрд теңге болатын қолдау көрсетілді», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Сол себепті Үкіметке бұл бағдарламаны әрі қарай дамыту және «қолдау құралдарын жетілдіру» жұмыстары нұсқалды.
Елбасының айтуынша, осындай шаралар арқылы шағын несиелеу бағдарламасын одан әрі кеңейтіп, ауылдық кооперативтер желісін құру керек.
Осыларды айта отырып, Нұрсұлтан Назарбаев «Ауылдық жерлерді жұмыспен қамту» пилоттық бағдарламасының Ақтөбе, Қызылорда, ОҚО, Тараз, Алматы қалаларында басталғанын еске салды. Және де кооператорлық қозғалысты қолдау мақсатында, «шағын мал бордақылау алаңдарын, шағын сүт фермаларын және шағын құс фермаларын, мал өсіретін шағын фермаларды, сүт жинау орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ өсімдік шаруашылығын дамыту үшін» несие берілетінін атап өтті.
«Кооперация туралы тиісті заңды біз қабылдап қойдық. Кооперация орталықтандырылған болуы тиіс. Сондай-ақ біз ауыл шаруашылығы бойынша кооперациялар желісін құруымыз қажет. Жыл соңында маған барлықтарың есеп берулерің керек. Үкіметке ауылда кооператив ұйымдастыру жұмыстары бойынша барлық шараларды қолдануға тапсырма беремін», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің тағы бір жүктегені – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қазақстандықтарды шағын бизнес санатына өткізу. «Олардың да салық төлегені дұрыс. Бұл жұмыссыздық емес. Қазір шағын несиелерді пайдалынып, оларды шағын және орта бизнес санатына өткізу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Келесі тапсырма – кәсіпкерлер қызметінің шекарасын кеңейту туралы болды. «Мен сан мәрте рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тетігін белсендірек пайдалану қажеттілігі туралы айтып келемін. Бүгінде барлық жағдайлар жасалып, құқықтық алаңдар құрылған. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру саласында, оң нәтижелер бар», – деді ҚР Президенті. «Бизнес құрылысқа өз инвестициясын өзі салып отыр. Соны пайдалануымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бюджеттен қосымша қолдауға агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласы ие болады. Көмектің сомасы - 97 млрд теңге. Елбасы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында шығынсыз баға бойынша өнімдерді ұзақ мерзімге сатып алу кепілдігінің болуы мүмкіндігін маңызды деп есептейді. «Менің жақында Қытайға барған сапарымда біз бидай, ет, құс өнімдерін, өсімдік майын және тағы басқаларын экспорттау туралы келісімге келдік. Мұндай жағдай ешқашан болған емес. Бұл ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа белес», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үдемелі индустриялық дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның қосымша шығындары 112 млрд теңге. Қазақстанның Президенті «жаңа бесжылдықтың шикізаттық емес экспорттық өнімдерге бағытталуын» жеткізді. «Міне, осындай кәсіпорындар бізге қажет. Экспорттық әлеует, жоғары жобалық өнімділігі, инновациялылық – бұлар жобаларды іріктеудегі басты талаптарға айналуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: