«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда жеделсаты жасалатын болды

2016 жылғы 07 Қыркүйек
- Алматы қаласы
7791 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшысы ашылу салтанатына қатысты

Алматыда Қазақстандағы тұңғыш заманауи лифт шығаратын зауыт пайдалануға берілді. «Алматылифт» компаниясы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында, құны 300 млн теңге болатын «Алатау» жаңа желісін іске қосты. Шығындарды 6 жыл ішінде баж салықтарын төлеу, салық жинау, көлік шығындарын үнемдеу есебінен өтеу жоспарланып отыр. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 1000 бірлік, немесе күніне кем дегенде 3 лифт жасап шығарады. Өндіріс желісіне жолаушы, жүк, аурухана, коттедж, панорамалық жеделсатылары кіреді. Қазақстандық өнімнің қамтылуы – 60%.

«Бұл қазақстандық өнімнің қамтылу үлесінің жоғары деңгейін көрсетіп отырған еліміздегі жалғыз зауыт. Бізге осы пайыздық көрсеткішке қол жеткізуге не себепші болды? Барлық электр бөліктері, барлық қауіпсіздік жүйелері жапондық «Фуджи» компаниясынан тасымалданады. Ал барлық кабинаның металл жабдықтары, жақтау құралдары осында шығарылады», – деді «Алматылифт» ЖШС бас директорының орынбасары Максим Телицкий.

Ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек пен Алматы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Юрий Тілеумұратов қатысты.

«Біз бүгінгі күнге дейін жеделсатыларды 100% Қытай, Ресей, Белоруссия, Туркия, Оңтүстік Кореядан импорттап келдік. Енді олай етудің қажеті жоқ. Өйткені «Алматылифт» көне кәсіпорнының базасында барлық өндірістік желі іске қосылды. Бұл ел индустриясын дамыту мақсатында жүргізілген айтулы шара. Біз компания қызметкерлеріне өркендеу мен еңбегінің жемісін көруді тілейміз», – деді құттықтау сөзінде Юрий Тілеумұратов.

Қазақстандық лифтілер өзінің сыйымдылығымен, шусыздығымен, жайлылығымен және жоғары сапалы болуымен ерекшеленбек. Дайындау және құрастыру жұмыстары жапондық әріптестердің жобасы бойынша жүзеге асырылады. Кәсіпорында 40-қа тарта жұмыс орын құрылған. Әрбір маман шетелде біржылдық оқу бағдарламасын меңгерген. Кәсіпорын қызметкерлері тәжірибеден өткеннен кейін тек қана лифт жасаумен шектеліп қана қоймайды, сондай-ақ түрлі ақауларды жөндеумен айналысатын болады. Ол үшін арнайы апат қызметі іске қосылды. Бүгінгі таңда Алматының көпқабатты үйлеріне 5,5 мыңға жуық лифт орнатылған. Кәсіпорын ішкі сұраныстың 60%-ын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер