«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Саналуан сағаттар шығарады

2016 жылғы 08 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
13156 просмотров

Теміртауда айрықша қабырға сағаттарын шығаратын кәсіпорын ашылды

«Сағат бай» компаниясы – Қарағандыда өткен «Қазақстанның үздік тауары» байқауының қатысушысы. Жеке кәсіпкер Анна Свиридова кәсіпорынды ашу кезінде ұлттық нақышқа баса назарған аударған және өнімді халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде одан әрі танытуды мақсат етіп отыр. Сағаттар кез келген тақырыпта әрі түрлі өлшемде жасалады. Мәселен, олардың кейбірінің тілі екі метрге жетсе, енді бірі өз иесінің болашағын болжауы мүмкін. Себебі, мұндай сағаттар арнайы тапсырыспен жасалынатын көрінеді.

Әйнек ісі шебері болашақ сағаттардың қаңқасын жасайды, біраз уақыттан соң оның пішінін қалыпқа келтіреді. Білікті дизайнерлер тақырыптық жапсырмалар жапсырса, инженерлер сағат тетіктерін әзірлейді. Ал, қабырға сағаттарының тақырыптары мен идеясы алдын ала талқыланатын көрінеді.

«Біз әртүрлі сағаттарды жасаймыз. Сондай-ақ, олардың көлемі де əртүрлі болады. Мысалы, тілі екі метрге жететін мұнара сағаттарын жасауымыз мүмкін. Əзірге ондай тапсырыстар түскен жоқ, алайда біз келер уақытта мұндай сағаттарға тапсырыстар көптеп түседі деп отырмыз», – дейді бас дизайнер Наталья Куштан.

Айрықша сағаттарды жасайтын кəсіпорын Теміртауда жақында ғана пайда болғанымен, ол біртіндеп өз танымалдылығын арттырып келеді. Жоба авторлары «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, туристерге өз өнімдерін кәдесый ретінде таныстыруды жоспарлап отыр. Олар жобаның басты ерекшелігі – оның ұлттық нақышта жасалуы деп отыр.

«Бізде мұндай заттар жоқ. Қаламызда да, Қазақстанда да. Осы сынды дүниелер жасап шығаратын кәсіпорындар бар, алайда, ұлттық нақыш тақырыбы әлі де толық қамтылмай келеді. Қазақстанның кең даласы мен әдемі табиғаты әлі де көпшілікке таныс емес. Сондықтан біз осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отырмыз», – дейді «Сағат бай» компаниясының бас дизайнері.

Сағаттарды жасау процесі көп еңбек пен уақытты қажет етеді. Алдымен компьютерде дизайны жасалады, бұл тұста əр нəрсе ескеріледі және ең әуелі тапсырыс берушінің талаптары назарға алынады. Үлгі дайын болған соң, шеберлер бүге-шүгесіне дейін ойластырады. Өндірісте шыны, ағаш, пластик, акрил және маталар қолданылады. Жақында ғана «Сағат бай» фирмасы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына қатысып, көпшілік назарына іліккен.

«Көптеген компаниялар мен кәсіпкерлер, олардың ішінде біз де қатыстық. Әрине біз әзірге тек «стартап жоба» екеніміз белгілі, десе де көптеген компаниялармен қарым-қатынас орнаттық. Ұлттық нақыштағы өнімдеріміз көпшілік көңілінен шықты, сондай-ақ Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы бізді Астана қаласында өтетін көрмеге шақырды», – дейді ұйым директоры Анна Свиридова.

Сан мен сапаны арттыру үшін шеберлер өз өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта кәсіпорын жұмыс барысын жеңілдететін лазерлік принтер сатып алмақ. Фирма басшылары өнімді шығаруда ешқандай кедергілер жоқ деп сенеді. Себебі, мұндай сағаттар кез келген үй мен кеңсенің көркін келтіреді. Демек, атаулы сағаттарға деген тапсырыс көлемі де артпақ. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер