«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңа өндірістер іске қосылады

2016 жылғы 07 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6339 просмотров

Жақын арада облыста жаңа қоспа жем зауыты іске қосылып, алма және өрік бақшалары пайда болмақ

Бұл жөнінде, Алматы облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлер мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Гүлназ Атамқұлованың кездесуі барысында белгілі болды. Аграрлық несие корпорациясы өңірдегі екі жобаны қаржыландырмақ. Олардың бірі –Панфилов ауданындағы зауыт. Қуаттылығы 60 мың тоннаға тең зауыт құрылысы «Қорғас – шығыс қақпа» экономикалық аймағында басталмақ. «Агроимпекс» компаниясының директоры Анатолий Шәкіржановтың айтуынша, өндірістің негізін жүгері құрайды деп жоспарлануда. «Панфилов ауданындағы жүгері мөлшері 150 мың тоннаны құрайды. Зауыт құрылысы жергілікті кәсіпкерлерді жүгері өсіруге, ет өндіруге ынталандырады. Мұнда біздің жемді қажет ететін құс фабрикасы мен бордақылау алаңдарын ашу көзделіп отыр. Сондықтан біздің жоба Алматы облысы үшін қажет әрі уақытылы қолға алынып отыр»,– дейді кәсіпкер. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарға қажет қойма орындары ашылмақ.

Жобаны жүзеге асыру барысында, шаруаларға жәрдем ретінде, оларға кеңес беру үшін өсімдіктерді қорғау сарапшылары, технологтар мен агрономдар тартылмақ.

«Кәсіпкерлер өнімді міндетті түрде өткізуі тиіс. Әзірге біз олармен жұмыс жасау тетіктерін қолға алып жатырмыз. Мысалы, көктемде Несие серіктестігі шаруаларды қаржыландырып, кейін, біз олармен келісімшарт жасасамыз. Олар бізге өнімді жеткізіп, тапсыратын болады. Ал біз олармен есептесеміз. Меніңше, тиімді болады»,– дейді Шәкіржанов.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева жобаны іске асыру барысында, көрші аудандарды да тарту қажеттілігі  туралы айтты. «Біз бір ғана компания барлық шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізе алмайтынын түсінеміз. Сондықтан, кәсіпкерлер қауымдастығы қажет. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдармен жұмыстар жүргізілуде. Ауданда құрылған Кәсіпкерлер кеңесі түрлі салалар кәсіпкерлерінің басын құрайды, олардың ішінде, ынтымақтастық мәселелеріне қол ұшын беретін жүгері өсірушілер де бар. Менің ойымша, жобаға Ұйғыр ауданының кәсіпкерлері қызығушылық танытуы  мүмкін. Себебі, көрші ауданда жүгері өсіру ісі қарқынды дамыған»,– деді Палата басшысы.

Жоспар бойынша құрылыс жұмысы биыл басталмақ. Келесі жылы жүкті тией алатын мүмкіндік қарастырылған, қуаты 15 мың тонналық элеваторды алу көзделіп отыр және автокөлік пен тыңайтқыштарға арналған қойма салу жоспарда бар. 2018 жылы қоспа жем зауыты іске қосылуы тиіс. Жем ірі қара мал, құс өсірушілер мен балық шаруашылығымен шұғылданушылар үшін шығарылмақ. Десе де, «Агроимпекс» нарыққа шығуға қазіргі күні де әзір. Серіктестікті жолға қою және нарыққа сараптама жасау мақсатында, компания биыл жүгеріні ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатып алмақ.

Еңбекшіқазақ ауданындағы екінші жобаны «Apple World» ЖШС қаржы мәселелері бойынша бас директорының орынбасары Санжар Қазыбаев таныстырды. Компания алма және өрік бақтарын өсіруді мақсат етіп отыр. Бүгінде облыс бойынша бақша алқаптары небары 20 мың га алқапты құрайды, алайда олардың ішінде санаулылары ғана жаңа технологияларды пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізіп отыр. Сондықтан, мұндай бақшаның пайда болуы өңір үшін маңызды болмақ. Сонымен қатар, компания мал шаруашылығын дамытуды да мақсат тұтып отыр.

Сондай-ақ, кездесу аясында, Қазақстан фермерлері одағының өкілдері Аграрлық несие корпорациясымен қаржы беру тетіктері және талаптары туралы сөз қозғады. 

Осы күні, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшысы Гүлназ Атамқұлова облыс әкімі Амандық Баталовпен өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойды. Корпорациямен тиімді қарым-қатынастар орнатқан бірден-бір өңір Алматы облысы болып саналады.  Облыс несие алу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда болып қана қоймай, сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысып келе жатқан пилоттық жобаны енгізген Қазақстандағы үш өңірдің бір. Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бастап, корпорация 82  млрд теңге көлемінде несие берген. Оның 3,5 миллиардтан астамын Алматы облысы шаруалары алған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер