«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зырян ауданында туризмді дамыту қолға алынды

2016 жылғы 01 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
11314 просмотров

Табиғаты тамаша бұл өңірде жаңа демалыс орындары салынып, ескілері қайта жаңартылып жатыр

Зырян ауданының басшылығы туризмді дамытуға күш жұмсауда. Қазіргі таңда Қытай азаматтарының ел аумағында визасыз 30 күн жүре алатынын ескерсек, осы саланы дамыту көп пайда әкелуі тиіс. «Қытай туристерінің көпшілігі бізге демалуға келгісі келеді. Әсіресе олар қысқы демалыс түрлеріне қызығушылық танытып отыр. Біздің міндетіміз – оларға жақсы жағдай ұйымдастыру. Жыл сайын біздің демалыс орнымызға келушілер саны артып келеді. Биыл Бұқтырма су қоймасына аптасына 35-50 мыңға жуық адам келді. Демалыс орны неғұрлым жақсы болса, соғұрлым туристерді өзіне көбірек тартады деген заңдылықты басшылыққа алып отырмыз. Сол себепті ескі қонақ үйлерді қайта жөндеуден өткізіп жатырмыз», – деп атап өтті Зырян аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князев.

Ескі орындарды жөндеу жұмыстарынан өткізуден бөлек, жағалаудың жанынан жаңалары салынып жатыр. Оның біреуі келесі маусымда ашылады. «Шале Лабе» демалыс базасы табиғатының қайталанбас сұлулығымен ерекшеленбек. Ол таулы аймақта салынып жатқандықтан, көп жұмыс жүргізуді талап етеді. «Бұл жерде 2 қонақ үй, 4-6 адамдық отбасыларға арналған 20-ға тарта үй, бассейн және мейрамхана салынады. Ал оларды жалдау құны қанша болатынын, алғашқы нысандарды өткізгеннен кейін айтамыз», – дейді телім шебері Юрий Ткаченко.

Тағы бір жаңа демалыс орны 2013 жылы салынған. Нұрмұхан әулеті бастапқыда демалыс орындарын ұйымдастыру кәсібін құруды жоспарламаған екен. Олар су қоймасының жағалауынан өздеріне жазғы үй тұрғызу үшін, несие алады. Бөлмелерге үлкен сұраныс түсетінін көргеннен кейін, олар тағы 3 қонақ үй салу керек деп шешеді. Одан кейін тағы несие алып, бөлмелер санын көбейте бастайды. Сөйтіп бүгінде олардың «Еламан» демалыс орнында екі қабатты 27-ге жуық үйі бар. Жаз айында олардың жартысына жуығын Шығыс Қазақстан облысының ірі кәсіпорындары жалға алады. «Үйлердің келушілерге толуы жүз пайыз емес, бірақ сонда да жаңбырдың көп жауғанына қарамастан, жоғары сұранысқа ие, – деген «Еламан» демалыс орнының басшысы Әсем Нұрмұхан қуанышын жасыра алмады. – Уақыт өте келе осы жерден сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз».

Өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында су қоймасы жағалауында инфрақұрылымды дамытуға арналған шаралар өтпек. 2013 жылы Жаңа Бұқтырма ауылы мен «Голубой залив» демалыс орындарына баратын жолға күрделі жөндеу жасалған. Былтыр да демалыс орындарына баратын жолдар жаңартылған. «Жөндеу жұмыстары демалыс орындары иелерінің қаражаты есебінен жүргізіледі, – деді Жаңа Бұқтырма ауылының әкімі Жанат Солменбаева. – Демалыс орындарына баратын ауыл ішіндегі жолдарға бүтіндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып жатыр. Осы жұмыстарды атқаруға кететін қаражатқа демеуші тауып та қойдық. Сондай-ақ бюджеттен де ақша бөлінді. Биылғы жылы 13 шақырым жол жөндеуден өтті».

Ағымдағы жылы Зырян ауданында, бірыңғай электрондық ақпараттық базаны құру үшін, қонақ үйлер мен демалыс орындарына санақ жүргізу басталғанын айта кеткеніміз жөн.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер