Мал айдап өтуге жағдай қарастырылады
Кәсіпкерлер палатасының ықпал етуімен «ҚазАвтоЖол» компаниясы фермер мәселесіне құлақ асты
Осы жылдың мамыр айында Асхан Кенжебаев Кәсіпкерлер палатасының Приозерск қаласындағы филиалына өтінішпен келген. «Әлімжан» шаруа қожалығының басшысы Алматы-Екатеринбург күрежолының 496 шақырымындағы асфальтты жолдан мал айдап өту мәселесін шешіп беруді сұраған. Жол апаты жағдайын туғызатындықтан, ол маңнан мал айдап өтуге тыйым салынған. Жол-көлік апаты орын алса, малынан айырылғанына қарамастан, көлікті жөндеуге кететін шығынды кәсіпкер өтеуі қажет.
Филиал басшылығы жолдың сол бөлігін қайта жөндеуге тапсырыс берушілерге хат жіберді. Компания да жауапты көп күттіре қойған жоқ.
«Біз филиал директоры Қайрат Кәрібаевтың атына жол салу жобасына өзгерістер енгізу туралы өтінішпен хат жолдадық. Міне, көп ұзамай Ұлттық компаниядан жауап келді, онда біздің өтінішіміз қанағаттандырылып, мал айдап өту жағдайы қарастырылған жол салудың жаңа жобасы мақұлданғаны хабарланған», – дейді Палатаның Приозерск қаласындағы филиалының директоры Азамат Шалғынбаев.
Оның айтуынша, Приозерск – республикалық жолдардың тоғысқан жерінде орналасқан қала, ал фермерлерге арналған жайылымдық жер барынша шектелген. Ол кәсіпкердің мұң-тілегіне түсіністікпен қараған «ҚазАвтоЖол» компаниясының жергілікті бизнесті дамытуға зор қолдау көрсеткенін атап өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: