«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағандыда отандық киім дүкені ашылды

2016 жылғы 31 Тамыз
- Қарағанды облысы
17284 просмотров

Қарағандыда отандық киім өнімдеріне арналған дүкен ашылды

Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері енді қарағандылықтар үшін де қолжетімді болмақ. Облыс орталығында еліміздегі екінші «УниверMAG.kz» дүкені ашылды. Естеріңізге сала кетсек, алғашқы дүкен жарты жыл бұрын Астанада ашылған болатын. Осы іс-шара арқылы тауарларды сату мәселесі шешімін табуда.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов атап өткендей, жеңіл өнеркәсіп  тауарларын өндірушілер арасында өнімді сату өзекті мәселеге айналған. «Біздің Палатамыздағы ең белсенді жұмыс органы Жеңіл өнеркәсіп комитеті, жергілікті тігін фабрикаларының өнімдерін өткізу үшін, жеке орындар ашуды бұрыннан жоспарлап келеді. Қарағандыдағы ең ірі «Таир» сауда орталығының басшылығымен келіссөздер жүргізу барысында, біз мамандандырылған дүкен ашуға көмек көрсетуін сұраған едік. Ол жерде жергілікті тауар өндірушілер  өнімдерін жеңілдік шарттарымен сатып, бәсекелестіктегі артықшылықтарға қол жеткізуіне болады. Олар бізге көмектесті. Енді 200 шаршы метр аумақ, әртүрлі жасқа арналған киімдер мен аяқ киім шығаратын  20 отандық өнім өндірушінің игілігіне берілді», – деді ол.

Қазір дүкен сөрелерінде шымкенттік костюмдер мен қарағандылық аяқ киім және шұлық өндіруші «Еско» фирмасының өнімдерін көруімізге болады.

Жаңа отандық өнім сататын орталықтың алғашқы сатып алушысы облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков болды. Тауар түрлерін таныстыру сәтінде, өңір басшысы өзіне елордалық тігіншілердің ерлерге арналған жемпірін сатып алды. Жүннен және акрилден жасалған бұйымдардың жартылай қырғызстандық екені де жасырын емес. Сондай-ақ оған Семей дизайнерлерінің қолынан шыққан көйлек те ұнады. «Қымбатырақ болса да, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдағанымыз дұрыс, – деді Қарағанды облысының әкімі. – Бұл жақсы бастама. Осы сынды дүкендердің облыстың барлық елді мекендерінде ашылғанын қалар едік».

Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп өндірушілері кеңесінің президенті Сәуле Шәуенованың айтуынша, бұл ашылып отырған екінші орталық. Біріншісі жоғарыда айтып өткендей жарты жылдан бері Астанада жұмыс істеп тұр. Кейбір болжамдарға қарамастан, өзін-өзі толық ақтап отыр. Өйткені дүкен толығымен made in Қазақстан  өнімдерін сатады. Күнделікті киімдер мен аяқ киімдерден бөлек, спорттық бұйымдарды және үйге қажетті тоқымаларды сатып алуға болады. Үй тоқымасын өндіру технологиясындағы  еліміздің оңтүстігінде өндірілген мақтадан бастап, оны өңдеу мен тігу жұмыстарының барлығы толығымен Қазақстанда жасалған.

«Біздің бастамамызға қолдау білдіргендеріңізге алғысымды айтамын. Енді бізде, қатардағы тұтынушы келіп, жергілікті тауар өндірушілердің бұйымын сатып ала алатын өзіміздің алаңымыз бар. Бұл жерде орынды жалға алу құны айтарлықтай аз, сондықтан өнімнің бағасы да шарықтамайды», – деді Кәсіпкерлер палатасы жеңіл өнеркәсіп комитетінің басшысы Андрей Шмарин дүкеннің салтанатты ашылу рәсімінде.

«УниверMAG.kz» дүкенінің ашылу құрметіне орай, кәсіпкерлер қарағандылықтарға ерекше тарту жасады. Олар үйінде мектепке баратын балалары бар аз қамтылған отбасыларға арнап 25-ке тарта атаулы сертификаттар ұйымдастырды. Ашылу салтанаты өткен күні солардың алғашқы төртеуі бойынша мұқтаж жандар 150 мың теңге көлемінде сөмкелер, жейделер, блузкалар, белдемшелер мен шалбарлар сатып алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер