«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қостанайда үздіктер саны көп

2016 жылғы 29 Тамыз
- Қостанай облысы
14441 просмотров

Қостанайда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мәресіне жетті

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 29 тамызда облыстық «Мирас» мәдениет сарайында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өтті. Салтанатты шара Конституция күні қарсаңында өткізілді.

Биыл  байқауға қатысуға 20 компания өтінім берген. Олардың арасында шұжық, кондитерлік және сүт өнімдерін шығарумен айналысатындар, автокөлік өндірушілер, сусындар және ауыз су өнімдерін шығаратын, өсімдік майы, тауық жұмыртқасы, косметикалық құралдар, киім-кешек және т.б. өндіретін кәсіпорындар бар. Сарапшылар әдеттегідей жеңімпаздарды үш аталым бойынша анықтады.

Осылайша, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды болат арматурасын шығаратын «ЕвразКаспианСталь» ЖШС иеленді. Ал екінші орын ««S.M.F.-System» тоқылмайтын материалдар фабрикасы» ЖШС-на бұйырды. Компания жеңіл өнеркәсіп, кәсіпорын нысандары, автокөлік жолдары құрылысында қолданылатын геосинтикалық өнімдер шығарумен айналысады. Үшінші орынды орталық жылыту қазандарын орнату және оларды өндірумен шұғылданатын «Костанай стройтеплокотл сервис» кәсіпорны алды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша Қазақстандағы кондитер өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірінен саналатын «Баян сұлу» АҚ жеңімпаз атанды. Екінші орын алкогольсіз сусындар шығаратын «Аква-Арасан» ЖШС-на бұйырды. Үшінші орынды Рудныйлық «Жас-Қанат 2006» құс фабрикасы алды. 

«Тұрғындарға арналған тауарлар» аталымы бойынша байқауға Jac S3 маркалы автокөлігін ұсынған «СарыарқаАвтоПром» үздік деп танылды. Құрғақ таңғы ас және жүгері таяқшалары, снэктерді өндіретін рудныйлық «Раумэна» ЖШС екінші орын алды. Ал, «Жаркөл-007» зығыр майын өндіруші комбинатына үшінші орын бұйырды.

Сонымен қатар, биыл Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы қосымша аталымдар бекіткен-ді. Осылайша, «Сыродел» СМ «СРПП» ЖШС «Тұрғындар көзайымы» аталымына лайық деп танылып, арнайы планшет және дипломмен марапатталды. Жеке кәсіпкер, Рудный қаласының тұрғыны, «Эксклюзив» әйелдер костюмі дизайн-студиясының басшысы Т.А.Магдановаға «Алтын ине» аталымында арнайы сыйлық табысталды. Денисовский ауданының «Тобылдық 1» шұжық өндіруші кәсіпорны «Үздік ассортимент» аталымында жеңімпаз атанды.  

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жеңімпаздарға I, II және III дәрежелі дипломдар мен естелік мүсіншелер табыстады. Сонымен қатар, үздік компанияларға LED-теледидарлар, екінші орын иелеріне ноутбуктар, ал үшінші орын алғандарға принтерлер сыйланды. Негізгі аталым жеңімпаздары өңір намысын республикалық байқауда қорғайтын болады.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер