«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнеске ақпараттық қолдау қажет

2016 жылғы 29 Тамыз
- Қызылорда облысы
13034 просмотров

Қызылордалық журналистер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шығармашылық байқауда өздерін лайықты қырынан танытты

Өткен аптада Астанада БАҚ өкілдерінің арасында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы және  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер нарығындағы қазақстандық кәсіпкерлік саласын насихаттауға арналған үздік материалдар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған байқаудың басты мақсаты – табысты бизнес жүргізу туралы жұртшылықты хабардар ету, мемлекет дамуындағы кәсіпкерліктің экономикалық және әлеуметтік рөлін көрсету, журналистер қауымын мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауға шақыру.

Қатысушылар байқау төрешілерінің назарына очерк, сұхбат, мақалалар, телевизиялық және радиобағдарламалар, әлеуметтік зерттеулер және тағы басқа да жанрларда жазылған жұмыстарын ұсынды. Байқау мақалалары кәсіби шеберлік, сарапталған сындарлы ой, автор тұжырымдамасының дербестігі, көзқарасы, ақпараттық дәлдігі мен нақтылығы және журналистің  бойындағы басқа да қасиеттерге сай келетін талаптар бойынша бағаланды.

Байқау комиссиясының тексеру қорытындысы негізінде 45-ке тарта жұмыс БАҚ-тағы үздік сараптамалық материал, телевизиядағы үздік репортаж, интернет-БАҚ бетіндегі үздік сараптамалық материалдар және үздік радио-сюжет сынды аталымдар бойынша іріктелді.

Жеңімпаздар тізімінде қызылордалық журналистер де бар. Сонымен, мерзімді баспасөз арасында екінші орынды Қызылорданың өңірлік «Ақмешіт ақшамы» газетінен Гүлмира Ділдәбекова иеленді. Телевизия саласы бойынша үздік төрттіктің ішінде екінші орынды «24kz» телеарнасының тілшісі Қамбар Бекенов алды.

«Бүгінгі күнге дейін біздің облысты бизнесі жоғары деңгейде дамыған өңірлер санатына жатқызуға болатындығына көбісі сенбей келді. Бір қуанарлығы, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шалғай ауылдардың өзінде шағын бизнес дамып жатыр. Менің ойымша, біз кәсіпкерлік саласын насихаттауда өз үлесімізді барынша қосып келеміз. Біздің журналистердің бүгінгі жеңісі  соның нәтижесі болып отыр. Шағын кәсіпкерлік ары қарай да дами берсін», – деді Ділдәбекова.

«Бұл бір күннің еңбегі емес. Біз жыл бойы өңіріміздің аталған сала бойынша жеткен жетістігін жарияладық. Барлық журналистер қауымын осы сынды шараларға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді байқау жеңімпазы Қамбар Бекенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер