«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Уақыт көшінен оза білу қажет

2016 жылғы 29 Тамыз
- Шымкент қаласы
12237 просмотров

Шымкентте өткен өңірлік көрмеге 2 мыңнан астам адам қатысты

«Қазақстанның үздік тауары» атты байқау жеңімпазы атанған Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері жүлделі орындарымен мақтана алады.

«Көрме» орталығына келушілерге азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс саласындағы 135-ке тарта оңтүстікқазақстандық тауар өндірушінің өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында «ВизИТ», «Бал текстиль», «Назар текстиль», «Карлскрона», «Стандарт цемент», «Ордабасы құс», «Шымкент құс», «Барыс-2007», «Golden Nomad», «Еврокристалл», «Казмедприбор» және тағы басқа танымал кәсіпорындар бар. Байқауда шағын бизнес өкілдері де өзін-өзі таныта алды. Биылғы көрменің артықшылығы, өңірде бұрын өндірілмеген жаңа өнімдердің пайда болуы. Олар: зергерлік бұйымдар, сапалы жиһаздар, аяқ киімдер және балаларға арналған экологиялық таза ойыншықтар. Байқауға «Амфа Глобал» (дәрілік препараттар), «Экопак» (гофрокартон), «Baby Plast» (ойыншықтар), «Софи» (аяқ киім), «Немир» (ламинат), «Фернишинг классик» (жиһаз), «ГЛЗ» (сүт ірімшіктері), «Forteks-kz» (кальций) және тағы басқа 15-ке тарта жаңа компания қатысты. Барлық еріктілер Оңтүстік Қазақстан кәсіпорындары өндірген шұжықтардың, ірімшіктердің, сүт тағамдарының, нан және басқа да тәттілердің, кәмпиттер мен лимонадтардың дәмін татты. Келушілер жергілікті тауарларды жоғары бағалады. Қала тұрғындары мен қонақтарына өңірлік аталымдар бойынша үздік компанияларды өздеріне дауысқа салып анықтауға мүмкіндік берілді.

Сарапшы комиссия қатысушыларды өнім сапасы және бәсекеге қабілеттілік сынды басты талаптар бойынша бағалап, үздіктердің үздігін анықтады. Сонымен, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Аzala texile» ЖШС І дәрежелі жеңімпаз атанды. Кәсіпорын мата және мақта өнімдерін өндіруден бастап, дайын өнімді шығаруға дейінгі жабық өндірістік циклды жүзеге асырады. ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен «Алем БТ» (шұлық өнімдері) мен «Назар текстиль» (кілем өнімдері) компаниялары марапатталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымының І дәрежелі дипломына «Карлскрона» машина жасау компаниясы лайық деп танылды. Осы аталымның ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарын «Триумф ММС» ЖШС (ПВХ профильдерін өндіру) мен «Батсу Водоканал» (кірпіш өндіру) иеленді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының І дәрежелі жеңімпазы болып макарон және ұн өнімдерін өндіруші «Барыс-2007» ЖШС танылды. ІІ және ІІІ дәрежелі жүлделерге «Амангелді» ЖШС (жүзім және басқа да жемістерді өсіру, сақтау, қайта өңдеу) мен «Ладушки» ЖШС (кондитерлік желісі) қол жеткізді. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысады.

Биылғы байқаудың тағы бір артықшылығы, «ONTUSTIK өнімдері-2016» ОҚО үздік тауарлар көрме-жәрмеңкесінің байқауымен қатар бір уақытта өтуі. Жәрмеңке көрме орталығының алдындағы алаңда өтті. Және де тұрғындар бұл жерден ең сапалы, ең таза ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларын өндірушілердің өзінен, нарықтағы бағасынан төмен бағада сатып алды. Көрме-жәрмеңкенің серіктестері «Kazbrends» ЖШС, «Rixos Khadisha Shymkent», «Canvashotelshymkent», «Hoteldostyk», «Shymkent Grand Hotel», «Рахима плаза», «Арай де люкс» қонақ үйлері, ОҚО Іскер әйелдер кеңесі, Almaty Management University болды. Аты аталған серіктес компаниялардың барлығы кілем бұйымдары, қонақ үйлерде, сауықтыру шипажайларында тынығу, SPA-салондарға бару сертификаттары түрінде өз сыйлықтарын дайындаған. Almaty Management University бизнес-университетте қысқа мерзімде оқытуға арналған екі сертификат ұсынды.

Өңірлік аталымдар бойынша да үздіктер таңдалып алынды. «Халық таңдауы» аталымына – «Асыл арман» ЖШС (дәрілік өнімдер), «Жыл жаңалығы» аталымына – «Еврокристалл» ЖШС (шыны шығару), «Жыл үздігі» аталымына – «Көркем дос» ЖШС (авто және тұрмыстық химия), «Әлеуметтік маңызы бар стартап» аталымына – «Фитоапифарм» ЖШС (дәрілік шөп негізінде препараттар шығару) лайықты деп танылды.

«Бүгінде, Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы қатаң бәсекелестік жағдайында, сапалы және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге назар аудару аса маңызды. Біздің кәсіпкерлеріміз уақыттың көшінен қалмай еріп жүре бермеуі керек. Олар дамып, тұтынушыларының сұранысын қанағаттандырып, бәсекелестікте оза шапқаны жөн. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің өнімі әрқашан да саналуандығымен, жоғары сапалылығы және үлкен сұранысқа ие болуымен дараланып тұрады. Көптеген жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін өңірге ғана емес, сондай-ақ Ресейге мен басқа да алыс және жақын шетелдерге шығарады», – деп атап өтті ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров.

Палата директорының ойынша, бизнес-сектордың табысты дамуы – бұл қосымша жұмыс орындары, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту, экономиканы жақсарту, еуропалық және әлемдік экономикалық кеңістіктегі ықпалдастық болып табылады.

Байқаудың арқасында жергілікті компаниялар бірін-бірі жақсы танып, тіпті серіктестік орнату туралы келісімге қол қойды. ОҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Қазақстанның үздік тауары» атауы, тауар мен қызмет түрін таңдаудың басты талабы мен өзіндік сапа белгісі болып қала беретініне сенімді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер