«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылшаруашылық кооперативтеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі

2016 жылғы 26 Тамыз
4135 просмотров

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселесі өзекті болып тұр. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өкілдері қатысқан тиісті селекторлық жиында айтылды.

Кеңесті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев ашып, жиналғандарды қазіргі уақытта қалыптасқан жалпы ахуалдан хабардар етті. Басқарма төрағасының орынбасарының мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы кооперацияларын қаржыландыру арқылы агроөнеркәсіптік кешен өндірушілерінің өнім көлемін арттырып, жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуетін тиімді пайдалануға және одан әрі күшейтуге болады.

«Фермерлердің ортақ арнада бірігіп, күш қосуына барлық жағдай жасалып жатыр десек, қателеспеспіз. Бүгінгі таңда салаға қатысты тың да табысты көзқарас түзілген.  «Атамекен», өз тарапынан, терең талдау жүргізіп, «жүкті жұмыла көтеру» үдерісіне байланысты негізгі кедергілерді анықтадық. Коммерциялық емес ұйым ретінде құру, кірісті қалай бөлу, демократиялық ұстанымдардың айқындалуы сынды көптеген сауалдар туындағаны белгілі. Осы орайда халықаралық тәжірибені ескере отырып, арнайы заң қабылданғаны да аян. Нәтижесінде табысты екшеу, жыл сайын ішкі аудит жүргізу, қажеттерді қағидаттарды сақтай білу, кооперация мүшелерінің дауыс беруі, әлеуметтік-салықтық тәртіп, субсидиялау тәрізді мүмкіндіктер қарастырылуда. Мәселен, қазіргі кезде заң жүзінде кооперативтер жеңілдікке ие болғандықтан, ірі сауда желілері тұтастай алғанда олармен белгілі бір келісімдерге отыруға дайын. Жыл басынан бері «Атамекен» өңірлерде аталған қадамдардың артықшылығын түсіндіру жөнінде 130-дан астам мәжіліс өткізіп, жүзеге асырылған әрекеттердің жемісі  ағымдағы жылдың тамыз айында Өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен филиалдарының сүйемелдеуімен елдің 12 облысында 283 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері (АӨК) құрылды, яки қайта тіркелді», - деп жеткізді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Бұл АӨК-тер қарамағына 7 мыңға жуық шаруа-фермер қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар топтасқан. Басым үлесті еншілеген соңғы жеке нысандардың бұлай шоғырлануы Шығыс және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында байқалуда. «ҚазАгро» секілді қаржы институттары өз кезегінде кооперативтерде тізе қосуға ниетті ұсақ шаруашылықтарды қаржылай ынталандыруға жаңа құралдар ұсынуы тиіс.

Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт қабылдау нүктелері, мал бордақылау мен семірту бойынша отбасылық алаңдары және жем-шөп дайындау орындары торабын жасақтау жөнінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінген. Аталған жобалар ауыл халқын жұмыспен қамту, жеке қосалқы шаруашылықтар тірлігін ширату, сәйкесінше азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу шаралары шеңберінде іске асырылмақ. Бүгінде, бұл мақсатта, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры он бағыт бойынша АӨК-терді несиелеу әдіс-тәсілі мен шарттарын жасап шыққан. Бұл межелерге сүт, мал азығы, жем-шөпті құрамдастыру, инкубаторлық өндірістік станциялар құру, бройлер, қаз-үйрек еті, ешкі өсіру, жүн мен тері өңдеу, жеміс-жидек пен көкөніс өсіру, бал арасын баптау, тауарлық балық шаруашылығы санаттары кіруде. 

Нұржан Әлтаев, құзырлы министрлік басшыларымен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін кәдеге жаратып, ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіруде Жол картасын бекіту жайлы уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол, Өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен филиалдарына аудан-ауылдарда әлі де насихат жұмыстарын жалғастыру қажеттігін, құрылып үлгерген кооперативтерге қаржы көздерін көрсетуді, құжат жинауға жәрдемдесуді, қаржы алуға тапсырылған құжаттарға тұрақты мониторинг жасауды нұсқады. Өнімді өткізу нарығы, құрал-жабдықтар сатып алу түйткілдерін жедел тарқатуға да күш салынбақ.

Кеңеске «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров та қатысып, үстел басындағы және аймақтардан байланыс орнатылған мүдделі тараптар қызу пікір алмасты және де өздерін толғантқан сұрақтарға жауап алып, «Бірлік», «Береке», «Ынтымақ» бағдарламаларындағы несиелендіру және қаржыландыру талаптары кеңінен қозғалды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер