«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Несие тарихына нұқсан келсе...

2016 жылғы 25 Тамыз
- Жетісу облысы
10285 просмотров

Несие тарихына нұқсан келген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан құр қалып отыр

Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат Кәсіпкерлер палатасының кездесу-жиынында осындай пікір айтты.

«Біз барлығымыз мемлекеттік бағдарламалар аясында несие қорлары жүзеге асатынын білеміз. Бүгінгі күні «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 6 млрд теңге көлеміндегі несие қоры бар. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде біз қарыз алушының несие тарихымен танысамыз. Осыған қатысты біздің сұрағымыз бар. Оны кім жасайды және ол неге қолжетімсіз? Несие тарихының дұрыс болмауы себепті кәсіпкерлердің 80%-ы несие ала алмай жатыр. Себебі, ол жаңартылмайды. Несие тарихына қарап, оны дұрыс емес деп анықтайтын банктер оны неге сүйеніп айтады? Мұны жітті зерттеу қажет», – деді Маржан Мұрат.

Сонымен бірге, оның сөзінше, несие тарихы әр екі жыл сайын жаңартылып отыруы қажет.

«Бәлкім кәсіпкер қандай да бір жағдайлар себебібен несиені кешіктіріп алған шығар. Бірақ дағдарыс өтті, бизнес аяққа тұрды, дамып келеді. Кәсіпкер салықты уақытылы төлеп отырғандықтан, оның несие тарихы да жаңаруы керек. Сондықтан, бұл базаны жасап, жаңартып отыратындарға қоятын сұрақ көп. Мәселен, адам 5 жылға 100 млн көлемінде несие алдық делік, оның алты айында ол 9-10 күнге несиені кешіктіріп төлейді. Бірақ, оның несие тарихы бұзылып, мемлекеттік қолдаудан құр қалады», – деді басқарма басшысы.

«Нива» шаруа қожалығының басшысы Александр Авдеев өз сөзінде салықтық ескертпе шаралары мен талаптарын қайта қарауды сұрады. «Қазір жаңа ережелер бойынша салықтық орган заңбұзушылықтар немесе өзге де өзгерістер туралы салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы ескертіп отырады. Күні-түні егістік басында жүретін біз үшін бұл өте тиімсіз әрі ыңғайсыз. Көптеген шаруа қожалықтарында интернет және басқа да коммуникациялар жоқ. Ал егер сен мемлекеттік орган ескертпе жібергеннен кейінгі он күннің ішінде оған жауап бермесең, жаңа санкцияларға тап боласың», – дейді аграрий.

Кәсіпкер сөзін Алматы облысы ӨКП директоры Ләззат Шыңғысбаева да қолдады. Оның айтуынша, қазіргі интернеттің жағдайы бұл қызметті қолдануға мүмкіндік бермейді.

Отырыс кезінде өңірлік Кеңес төрайымы Римма Салықова мемлекеттік орган басшыларын бірге жұмыс жасауға және Аудандық (қалалық) кәсіпкерлер кеңестерімен ынтымақтаса жұмыс жасауға шақырды.

«Жуырда біз Палата дирекциясымен бірге облыстағы барлық аудандар мен қалаларға бардық. Онда ауылдық жерлердегі бизнес проблемаларын біліп отыру мақсатында аудандық және қалалық кәсіпкерлер кеңестері құрылды. Мен мемлекеттік органдар басшыларын жергілікті жерлерде біздің Кәсіпкерлер кеңестерімен бірлесе жұмыс жасауды жолға қоюға атсалысуға шақырамын. Тек сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді Римма Салықова.

Жиынға қатысушылар бір аптадан соң қайта кездесіп, бұдан ары талқыланатын ұсыныстар тізімін жасауды көздеп отырғанын да атап өту керек. Сонымен бірге, болашақта ауылдық жерлерде көшпелі жиындар өткізіп, өткізілген шаралар нәтижелерін анықтау жоспарда бар екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер