Электромобильдер – жолдың сәні
Электрокарлар – әлемдік машина жасау өндірісінің басты трендттерінің бірі
Қоршаған ортаға зияны тимейтіндігі, үнемділігі, қолданыстағы қарапайымдылығы үшін сарапшылар олар жақын болашақта ауқымды түрде қолданысқа енеді деген пікірде. Саладағы ірі кәсіпорындардың тәжірибесіне сүйенген қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» зауыты 2016 жылы JAC маркалы электромобильдің сынама топтамасын жасап шығарды.
Кәсіпорын директоры Сырым Семейбаевтың айтуынша, зауыт болашағынан үміт күттіретін жаһандық жобаларды өз назарынан тыс қалдырмайды және жаңа технологияларды игеруге бар күшін салып отыр. Осы орайда, электромобильдер шығару ісі ұтымды әрі оны құрастыру жұмысы да күрделі емес екен. Заманауи автокөліктер онсыз да түрлі электр құрылғыларымен жабдықталатын көрінеді.
Ал электрокарлардың бензинмен жүретін көліктерден артықшылығы көп. Аз жылдамдықтың өзінде үлкен күшке ие болатындықтан, көліктің тартым күші де айтарлықтай мықты. Моторды баптау да оңайырақ. Көліктің динамикалық белгілері жақсы болғандықтан, жылдам жүреді. Көліктің тағы бір артықшылығы – отынды үнемдейді.
«Біздің зерттеулер автокөлікті толығымен қуаттандыру үшін орта есеппен 40 кВт жұмсалатынын көрсетті. Егер оны ақшамен есептейтін болсақ, онда бір шақырымға 3 теңгеден артық жұмсалатынын көреміз. Бензинмен жүретін автокөлікке бұдан үш есе көп шығынды қажет етер еді. Қуаттандыру көлемі шамамен автожолда (трасса) 160 шақырымға, ал қала ішінде 250 шақырымға жетеді. Ол, әрине, қолдану жағдайларына, көлікті жүргізу мәнеріне, автокөліктегі қосымша құрылғыларды пайдалануға да тікелей байланысты»,–дейді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.
Тағы бір айта кетер маңызды жайт, электрокар тұрмыстағы қарапайым розетка арқылы қуаттанады. Ал жалпы жинақтамада қуаттандыру құрылғысы да қарастырылған. Стационарлық бекетте де қуаттандыруға болады, бұл процеске небәрі 2,5 сағат уақыт қажет. Әзірге Қостанайда ондай бекеттер әлі жоқ. Инфрақұрылымның жоқтығы – сатып алу сұранысына әсер ететін бірден-бір жайт дейді кәсіпорын жетекшілері.
«Меніңше электрокарларды қуаттандыруға мүмкіндігі бар, алдымен жеке үйі бар жандар сатып алады. Ал бекеттер салу ісі уақыт еншісіндегі мәселе. Қазір біз көлікті жол сынақтарынан өткізіп жатырмыз және біздің климатта автокөліктің қыста қалай жүретінін байқылайтын боламыз. Бағасына келер болсақ, көліктің мұндай үнемді түрі қазақстандықтар үшін қолжетімді болуы тиіс және біз бағаны көтермеу жағына баса мән беретін боламыз», – деп атап өтті Сырым Семейбаев.
Қала тұрғындары жаңа электр автокөліктерінің тізгінін ұстап, оған баға беру мүмкіндігіне Қостанай қаласында 10 тамызда өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында ие болды. Байқауда «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Jac S3 маркалы автокөлікті көпшілік назарына ұсынды. Оның қозғалтқышы бензинмен жүреді және сапасы мен бағасы тұрғысынан жалпыхалықтық қолданысқа берілуге лайық болып саналады. Себебі, жол талғамайтын көлік Қазақстандағы сұранысқа ие бес көліктің қатарына енген. Кәсіпорындағылар былтырғыдай жеңіске жететініне сенімді. Естеріңізде болса, 2015 жылы Toyota зауытында құрастырылған автокөлік тұрғындарға арналған үздік көлік деп танылған болатын.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: