«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құс шаруашылығы мәселелері қаралады

2016 жылғы 24 Тамыз
11169 просмотров

Өскемен 5-ші халықаралық Құс өсірушілер форумын өткізуге дайындалуда

Биылғы жылы форумға 21 елден 240-тан астам қатысушы жиналмақ. Атап айтқанда, бұл асыл тұқымды құстарды, құс фабрикаларына арналған құрал-жабдықтар мен басқа да қажет тауарларды жеткізушілер. Осылайша, қазақстандық компанияларға сапалы өнім жеткізетін сенімді серіктестер таңдап алуға мүмкіндік туады.

Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов palata.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында саланың кейбір аралық нәтижелері туралы айтып берді және алдағы форумның бірқатар тақырыптарын атап өтті.

Оның айтуынша, форум бесінші рет өткелі отыр және ол «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның 40 жылдығын мерекелеуге орайластырылды.

«Бүгінде бұл қуаттылығы жылына 25 мың тоннаға жететін, бройлер етін өндіретін және қайта өңдейтін табысты заманауи кәсіпорын. Бір кезде менің өзім осы оқиғаның куәгері болған едім. 2015 жылы Қазақстанда 145 мың тонна құс еті өндірілген болатын, елдегі етке деген сұраныс барлығы 250-300 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы 4,8 млрд дана жұмыртқа өндірілді, бұл ішкі нарық үшін жүз пайыз жеткілікті. Артық жұмыртқа Қазақстаннан тыс жерлерге жеткізіледі», – деді Руслан Шарипов.

Құс өсірушілер одағының басшысы отандық өнім Ресейге, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға экспортталатынын айтты, сондай-ақ, шағын партиялар БАӘ, Моңғолия, Ауғанстан елдеріне де жөнелтіле бастады. «3-4 ірі құс фабрикалары салынғаннан кейін құс етін өндіру ұлғая түседі. Ақмола облысында таяу болашақта жылына 60 мың тонна өнім өндіретін бройлер фабрикасы іске қосылады. Бірінші кезекті енгізу 2017 жылдың аяғына жоспарланып отыр. 2-3 жылдан кейін біз өз елімізді толығымен құс етімен қамтамасыз етеміз және де оны экспортқа шығаратын боламыз», – деді Қазақстан Құс өсірушілер одағының президенті көтеріңкі көңіл-күйде.

Жалпы, оның айтуынша, саланың жағдайы жаман емес, дегенмен, проблемалар да бар. «Теңгенің құнсыздануына байланысты құрал-жабдық, асыл тұқымды құстар, вакциналар, дәрі-дәрмектер, дәрумендер шетелден валютаға сатып алынады. Тек астықты өзімізден аламыз. Біз сатып алатынның бәрі 2-3 есеге қымбаттап кетті», – деп қынжылысын да жасырмады Руслан Шарипов.

Оның айтуынша, импортты алмастыруға, яғни, мысалға асыл тұқымды құсты Қазақстанда өсіруге  әлі ерте.

«Бұл үшін белгілі бір уақыт керек. Сонымен бірге, Шымкентте мекиен-тауықтар мен бройлерге арналған құрал-жабдықтар шығаратын шағын зауыт аштық, өнім шығару басталып та кетті. Бірақ, бұл кішігірім өндіріс»,– дейді Руслан Шарипов.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер