«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнестің жолында бөгет болмас үшін

2016 жылғы 23 Тамыз
- Алматы қаласы
8833 просмотров

Жоба кәсіпкерлік қызметтің жолындағы кез-келген кедергінің жолын кесуге бағытталған

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен Прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге бағытталған жобаны бірлесе іске асыру туралы келісімге келді. Шаралар жоспарына серіктес ұйымдардың басшылары – Палата директоры Юрий Тілеумұратов пен Алматы қаласының прокуроры Берік Асылов қол қойды.

Жобаның міндеттері – бақылау-қадағалау органдары тарапынан бизнеске қысым көрсетуді азайту, әкімшілік кедергілерді жою, бизнесті бұқаралық сипатта дамытуға септесу.

«Қала прокуратурасы әріптестік құруға дайын. Біз бизнесті қолайлы жүргізуге жағдай жасауды барынша қолдаймыз. Ұзақ уақыттан бері мамандарымыз өз ұсыныстарын беріп келді, оның көбі бүгін қол қойылған Шаралар жоспарына енгізілген. Соңғы нәтижелердің бірі – салықтық тексерістің актілері жоқ қылмыстық істерді қозғауды тоқтату. Осы шараның арқасында кәсіпкерлік саласындағы қылмыстық істердің саны бірден азайды», – деп мәлімдеді Алматы қаласының прокуроры Берік Асылов.

«Бизнеске маңызды көмек көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Өз кезегімде Палатадағы өтініш-хаттардың басым бөлігі сіздердің құрылымдарыңызға бағытталғанын атап өткім келеді. Ортақ күш біріктіруге қарамастан, жекелеген кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу жайттары жоқ емес. ҚР Бас прокуратурасы мен «Атамекен» ҚР ҰКП әзірлеген Жол картасы жүйелік мәселелерді барынша қамтып, шешеді деп ойлаймыз. Бүгінде Жұмыс тобы құрылған, оның құрамына прокурорлар да, Палата сарапшылары да кірді, олар аптасына 3 рет жиналып, кәсіпкерлердің өтініштерін талқылайды. Сондықтан, біріккен Шаралар жоспары бойынша жұмыс басталып кетті деп сеніммен айтуға болады», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Шаралар жоспарына келесі дүниелер енген: мемлекеттік органдардың тексеріс парақшаларының ұстанымын талдау, жоспардан тыс тағайындалған тексерістердің жүргізу тәртібін талдау, салық органдарының жоспардан тыс тексерістерді тағайындау тәжірибесін талдау, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін бақылау және қадағалау салаларын қысқарту, рұқсат және ескертпе беру туралы заңнамалардың қолданылуын талдау, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен сол қызметтерді көрсету тәжірибелерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қатысты сынақтық жағдайларды, ревизияларды ұйымдастыру және т.б.

Тараптар, сондай-ақ, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында прокурор кабинетін ашу туралы келісімге келді. Енді кәсіпкер өз бұйымтайын тікелей қадағалаушы органның маманына жеткізе алады. Прокурордың арнайы «сөйлесу бөлмесіндегі» қабылдау аптасына бір рет жүргізіледі деп жоспарлануда. «Оған қоса, мұндай жобаға өзім де қатысып, кәсіпкерлердің өтініштерін тыңдауға дайынмын!», – деп Берік Асылов бастамаға қолдау танытты.

Кездесу нәтижесі бойынша, тараптар кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірудің кез-келген негізсіз түрін анықтап, оның жолын кесу мақсатында құқық қорғаушы органдар мен бизнес-құрылымның бұдан ары қарай да бірлесе әрекет етуі қажеттігін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер