«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тондарды таңбалау мерзімі ұзартылды

2016 жылғы 22 Тамыз
10813 просмотров

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің үкімет басшылары аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін ұзарту туралы шешімге қол қойды

Биылғы жылдың 12 тамызында Сочи қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда көтерілген мәселелердің бірі 2015-2016 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланған аң терісінен тігілген бұйымдарды таңбалау жобасының мерзімін ұзарту болды. 

Бүгінде Пилоттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісім және мұнымен бірге таңбалау бойынша тиісті талаптар да  өз күшіне енген. Алайда, жобаны жүзеге асыруға Одақ құрамындағы елдердің дайындығы түрлі деңгейде болып шықты. Мәселен, Ресей мен Белоруссияда таңбалау жүйесі өз жұмысын бастап кеткен және кәсіпкерлер қорытынды белгілерді алу және оған тапсырыс беру мүмкіндігіне ие болып отыр. Ал Қазақстанда оның ақпараттық жүйесі әлі жасалып жатыр. Сонымен бірге, Армения мен Қырғызстанда жүйені жасаушыны анықтау бойынша байқау өткізу жөніндегі ұйымдастыру шаралары қола алынуда.

Осы жағдайды ескере келе, Ұлттық палата Одақ аумағында пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін ұзарту туралы бастаманы алға тартқан болатын. Мұндай маңызды жоба жан-жақты зерттеліп, таңбалауды енгізу нәтижесі әділ бағалануы тиіс екенін түсіну қажет.

Осы орайда Сочи қаласында Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы Үкімет басшылары «Тауарлардың кей түрлерін бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен таңбалау механизмін жүзеге асыру туралы» №6 шешімге қол қойды. Бұл шешімге сәйкес, Еуразиялық экономикалық комиссиясы мен   Одақ елдері Үкіметтеріне бірлесе отырып, Келісімнің 2017 және одан кейінгі жылдарына арналған баптарын заңды түрде бекітуге қатысты ұсыныстар жасап шығару тапсырылды.

Қазіргі таңда, Комиссия алаңында қолданыстағы нормативтік-құқықтық база шеңберінде пилоттық жобаны жүзеге асыру мерзімін ұзартудың оңтайлы шешімін таңдау мақсатында сарапшылық кеңестер берілуде. Ұлттық палата мамандарының пікірінше жоба мерзімін ұзарту Одақ кәсіпкерлеріне тең жағдай жасап, пилоттық жобаның нәтижелері бойынша нақты сараптама жүргізуге мүмкіндік береді. 

Сонымен бірге, «Атамекен» ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаменті кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында былғары бұйымдарын таңбалау жобасының негізгі талаптарына қатысты ақпараттық таныстырылым әзірледі. Онда таңбаланатын тауарлар, таңбалаудың ақпараттық жүйесі жұмысына қажет мәліметтер тізімі, сондай-ақ, кәсіпкерлердің жобаны жүзеге асыруы үшін бүгіннен бастап қолға алуы тиіс іс-әрекеттер тізімі көрсетілген.  

Бұдан бөлек, таныстырылымда Одақ елдері заңнамаларында қарастырылған  таңбасы жоқ тауарларды жеткізу және оларды сату кезіндегі жауапкершілікке тарту шаралары туралы да ақпарат бар. Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 12 тамызынан бастап, таңбалау туралы Келісім ережелеріне сәйкес, бақылау белгілері салынбаған былғары бұйымдарының трансшекаралық саудасына тыйым салынған.

Пилоттық тәртіпте аң терісінен тігілген бұйымдарды таңбалауды енгізу кезіндегі көптеген түйткілді мәселелерді ескере келе, алдағы уақытта Ұлттық палата алаңында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті  және мәселеге қатысты басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен келелі мәселелерді шешу және оларды анықтау мақсатында кезекті отырыс өткізілмек. 

Мәжіліс бейнеконференция сипатында Қазақстанның барлық өңірлерін тарту арқылы өткізіледі деп көзделіп отыр.

Жиынның өтетін күні мен уақыты өңірлік Кәсіпкерлер палаталары арқылы хабарланатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер