«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сапа белесін бағындырғандар

2016 жылғы 18 Тамыз
- Павлодар облысы
6260 просмотров

Бүгінгі нарықтық экономика өнімдер сапасына жаңа талаптар қойып отыр

Кәсіпорында сапа менеджменті жүйесінің табысты жұмыс істеуі айтарлықтай дәрежеде компанияның бәсекеге қабілеттілігі мен өміршеңдігіне әсер етеді.

Сапаны басқарудың тиімді әдістерін енгізген отандық тауар өндірушілерді ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстауға арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өткізілуде.

Павлодарлық өндірушілердің Қазақстан нарығын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуде қандай үлес қосып жатқандығы туралы өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Серік Әбілтаев пен «Исенова» жеке кәсіпкерлігінің өндіріс меңгерушісі Жанар Диярова әңгімелеп берді.

– Серік Мұратұлы, аталған байқаулар туралы тереңірек айтып беріңізші, қатысушыларды іріктеуге қойылатын талаптар қандай?

– Ең алдымен, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасының жарлығымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс ету байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының ұйымдастырушысы ретінде танылып келе жатқандығын атап өтуіміз қажет. Бұл аталған байқаулардың жоғары дәрежесін айқындап, отандық тауар өндірушілердің брендін ілгерілетуге көмектеседі.

Іріктеудің басты талабы – тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерінің сапасы жағынан айтарлықтай табысқа жетуі. Таласты тартыстың өзі қатысушыларды көп тер төгуге, жоғары нәтижеге жетуге ынталандырады.

16 шілде күні Павлодарда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауының қорытындысын шығардық. Тауар өндірушілердің өнімдерін құрамына сапа саласынан үздік мамандар енген сарапшы комиссия бағалады. Барлық қатысушылар қатаң іріктелді. Онда түрлі тауарлар ұсынылды: қымыз, шұжықтар, жартылай дайын өнімдер, крандар, автогидрокөтергіштер, газ талдауыштар, тоқыма бұйымдары, жиһаз, су, сүт өнімдері, қолдан жасалған әшекей-бұйымдар және т.б.

– Өңірлік байқау-көрмеге қатысқандардың бір-екеуін атап өтіңізші, кімдер бірінші рет қатысып отыр?

– Кәсіпкерлер палатасы өндірушілерді барынша көп тартуға тырысады. Биыл бірінші рет қатысқандардың арасынан «Правиком» ЖШС-ны атап өтуге болады. Олар өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін, соның ішінде қатаң жағдайларда жұмыс істейтін электростансаларға арналған газ талдауыштар шығарады. «Troya» компаниясы байқауға жабдықталған, толығымен автономды вагондар ұсынды. Оны кең ауқымда қолдануға болады (мал өсірушілерге, құрылысшыларға, шалғайдағы тұрғыны аз аймақтардағы жұмысшыларға арналған). «Mirstankov» ЖШС станоктар мен құрал-жабдықтардың 20-дан астам түрін шығарады.

«Рубиком Кәсіпорны» ЖШС жыл өткен сайын жоғары сапа көрсетіп, шұжық пен еттен жасалған деликатестер шығаруда алдыңғы қатарлы кәсіпорын екенін айқындап келеді. Компания өндіретін өнім әлемдік стандартқа сай келетін үлгі.

– Біздің білуімізше, «Исенова» ЖК «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында 2-орынды иеленді. Жанар Төлегенқызы, көрмеге нешінші рет қатысып отырсыздар?

– Біз бірінші рет қатыстық. Ең жанға жағымды әрі күтпеген сәт марапаттау рәсімі болды, әрине, бұл ұжымдық жеңіс. Біз үшін бұл жаңа баспалдақ және зор жауапкершілік. Тігін цехының тарихы 2004 жылдан басталады. Сол кезде бірнеше энтузиаст Омбыда өткен көрмеден кейін павлодарлық емдеу және сауықтыру мекемелеріне жергілікті өндірістегі сапалы әрі сәнді медициналық киім-кешек ұсынамыз деген мақсат қойдық.

– Кәсіпорынның жұмысы жолға қойылғалы бері қандай жетістіктерге жетіп үлгердіңіздер?

– 2004 жылы 8 адамның ғана күш біріктіруімен «Лидер+» белгісімен алғашқы медициналық халаттар шығарыла бастады. Осы жылдар аралығында фирма танымалдыққа жетіп, нарықтан өз орнын тапты. Бүгінде кәсіпорында 20-дан астам адам жұмыс істейді. Олар өндіріс үшін жанын беретін адамдар. Фирмамыз үшін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесі-байқауына қатысу – табыспен қоса, белгілі бір деңгейдегі жауапкершілік. Одан бөлек, өзіміз туралы жария етіп, сауда-саттық ауқымын кеңейтуге берілген мүмкіндік.

– Жанар Төлегенқызы, өндіріс өкілі ретінде ісін жаңа бастап жатқан бизнесмендерге жеке істі қалай жандандыруға болатындығы туралы мәлімет бере кетіңізші?

– Ең алдымен, өз тұтынушыңды білуің қажет, нақтыласақ, дәл сіздің өніміңізді сатып алуы үшін тұтынушы нені қажет ететіндігін білгеніңіз жөн. Екіншіден, адалдық, өйткені кәсіпорынның абыройы табыс әкеледі. Әрине, шыдамдылық, табандылық және өз қателіктеріңе белгілі бір ескертпелер жасауың қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер