«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қант қызылшасының өнімділік құпиясы

2016 жылғы 17 Тамыз
- Жетісу облысы
17217 просмотров

Жаңа технологияларды пайдалану нәтижесінде әр гектардан 700-800 центнер өнім алынған

Алматы облысында Ескелді, Көксу, Қаратал, Ақсу, Сарқанд аудандары қызылша өсірумен айналысады.  2014 жылы күрделі қаржылық жағдай мен қант зауыттары қондырғыларының ескіруіне байланысты қант қызылшасын өндіру және өңдеу ісі тоқырауға ұшырағаны аян. Қызылша шаруашылығын дағдарыстан алып шығу және өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында өткен жылы қант қызылшасын өсірудің жаңа технологиясы және қант зауыттарын қайта өңдеу бағдарламасы әзірленген-ді.  Бағдарламада қант қызылшасын өсіру ісінің міндетті түрде жаңа егіс айналымы жүйесінде  енгізілуіне баса назар аударылған. Себебі бұл жүйе плантацияларды арам шөптерден тазарту және қант қызылшасы көшеттерін өсіру  жұмыстарын жүзеге асыратын қол еңбегін барынша азайтуды қарастырады, яғни, бағдарлама қарқынды технологиялар негізінде әзірленген.

Сонымен қатар, сол жылы бағдарлама ішінара 4020 га алқапта іске қосылған және де өнімнің орташа көлемі 302 ц/га болып, 121,4 мың тонна өнім алынған. Ал кей қожалықтарда 1 гектардан 700-800 ц-ден артық өнім жиналған. Осылайша, «Хильниченко и К» шаруа қожалығы 190 га алқаптан орташа есеппен 750 ц/га қант қызылшасын жинаған. Аталған мысалдар «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығы шаруаларға семинарлар дайындау барысында ескерілген болатын. Сондықтан, қызылша өсіру жөніндегі дәрістер Ескелді ауданындағы  «Хильниченко и К» шаруашылығының базасында басталды. Дәріскер, қант қызылшасының агротехнологиясы бойынша сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов өз дәрісінде шаруаларға «Дуал-голд» жүйесі қызметіндегі гербицидтер, гибридтер мен резистентті сұрыптардың бедерлі, ұсақ, түйіршіктелген тұқымдарын пайдалануға кеңес берді. Ғалым, сонымен бірге, нарықта интранттар мен минералды тыңайтқыштар (нитроаммофос, аммиак селитрасы, калий тұзы) бар екенін алға тартты. 

«Микротыңайтқыштардың ішіндегі ең маңыздылары болып бор, магний, марганец және молибден саналады. Алматы облысы жер қыртысында өсімдікке қажет магний, марганец, молибден, темір сынды  микроэлементтер мөлшері жеткілікті. Алайда, бор мөлшері аз, сондықтан онымен жерді тыңайту керек.  Бордың жетіспеушілігі өсімдіктің өсуіне кедергі келтіреді, әсіресе, жас жапырақтар мен ортаңғы түтік сақиналарының өсуін тежейді. Салдарынан, тамыр жемісінің кеуектілігі орын алады. Қант қызылшасы борды 10-12 жапырақ фазасынан кейінгі бір айда  дамушы гүлөрнек түзілу кезінде қажет етеді. Сондықтан, осы кезде 1-2% бор қышқылымен суару керек немесе құрамында бор тыңайтқыштары бар – «МикростимБор», «МикросилБор», «Солюборлармен» 10-12 жапырағы шыққан кезде тыңайту қажет. Ал, бормен тыңайтқаннан кейін 30 күн өткен соң оларды тамырынан басқа бөліктерін тыңайту үшін 50 грамын 100 литр суға ерітеді»,– деді ол.

Қызылша өсіруде сұрып таңдау (14%), азот тыңайтқыштарын енгізу мөлшері (11%) және тығыздығы (10%)  маңызды саналады. Сонымен қатар, қызылша өскеннен кейінгі 4-8 аптада арам шөптер болмауы керек. Бұл міндетті шарт. Бұл уақыт аралығында арам шөптердің көптеп шығуы өнімділікті 25%-ға дейін төмендеп, егіннің өнімді болуына айтарлықтай кедергі келтіреді.  

Сондай-ақ, қант қызылшасын өсірудегі негізгі факторлардың бірі арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылығы машиналары болып саналады. Оған мысал ретінде, маман 20 күнде 300 га жерге егін еге алатын, дәлдеп себуге қауқарлы пневматикалық тұқым сепкіш («Мультикорн», «Аккорд», «Оптима», «Тодак» түрлері) машиналарын келтірді.

«Жер қыртысын алдын ала өңдеуге арналған  компактор-комбинаторлар үйіндіні ұсақтау, қопсыту, жерді тегістеу операцияларын бір жүріп өту кезінде-ақ тындыра алады. Бұл тетіктер техниканың алқапта жүріп өту санын азайтады және осы арқылы жердің тығыздалуына септеседі. Егінді жинап алу үшін «СФ 10-2 (Ф.Кляйне)» қызылша жинау комбайны мен «РЛ-200» қызылшаны тиеу техникалары қолданылады», – деді ол.

Сарапшы тамыр жемісінің өсуі және құрамында қант мөлшерінің көбеюі қыркүйек, қазан айларына, ауа райы қолайлы әрі жылы болған жағдайда тіпті, қараша айына тұспа-тұс келеді деп отыр. Қызылшаны уақытынан бұрын жинап алу әр гектардан алынатын қант көлемінің азаюына әкелмек. Бұл өз кезегінде, қар, жаңбыр жауу немесе үсік секілді қолайсыз ауа райы жағдайларының  салдарынан егіс көлемінің кемуіне әкеп соқтырады. 

«Қыркүйек айында өнім мөлшері 15-30%-ға, ал қант көлемі 1,38-1,82 %-ға дейін артады. Тамыр жемістерін жинау мерзімін алқаптың көлеміне қарай бекіткен жөн. Сонымен бірге, егісті жинау рәсімін қазан айының соңына дейін жинап үлгеру есебімен есептеу қажет», – деп атап өтті Ә.Бексұлтанов.


Ұқсас жаңалықтар:

Семинарлар сан саланы қамтыды
3 Қараша
2016
Ақмола облысы
Асыл тұқымды малға күтім қажет
6 Қыркүйек
2016
Қостанай облысы
Тегін семинардың пайдасы мол
6 Қыркүйек
2016
Батыс Қазақстан облысы
«Қарбыз еліне» саяхат
5 Қыркүйек
2016
Павлодар облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер