«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көйлек тігу шеберлікті қажет етеді

2016 жылғы 17 Тамыз
- Қызылорда облысы
12767 просмотров

Қызылордалық тігін фабрикасы өндіріс көлемін ұлғайтуда

Ашылғанына екі ай өтпей жатып кәсіпорын өнімдері  жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, басқа қалаларда да сұранысқа ие болып үлгерді.

Жыл аяғына дейін өндірушілер көрші Ресейге экспортқа шықпақ ниетте. «Цехты ашқан кезде күніне 100 көйлек тігілетін», дейді кәсіпорын басшысы.  Жұмысшылар істі жылдам меңгеріп, енді осы норманы бес есеге көтеруді жоспарлап отыр.

«Тігін станоктарының барлығын, қосалқы бөлшектерді Түркиядан сатып әкелдік. Бүгінгі күні фабрикада 30 адам жұмыс істейді, олар бір ауысымда 220 көйлек шығарады. Толық қуаттылыққа шыққан кезде өндіріс көлемі күніне 500 бұйымға дейін көтерілетін болады», – дейді тігін фабрикасының директоры Ділмұхамед Абызов. Айтуынша, ол сияқты ерлер көйлегінің жай-жапсарын білетіндер некен-саяқ екен. Кәсіпкер өз ісін ашпай тұрып 20 жылдай дайын бұйымдарды сатумен айналысқан. Осылайша, сауда жасағаннан гөрі өнім өндіру анағұрлым пайдалы екеніне көзі жеткен.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлер көбінесе өндіріс табысты бола қоймайды деген күмәнға бой алдырады. «Біз өзіміздің жеке өндірістік желілерімізді құруымыз қажет және жергілікті нарықпен ғана шектелуге болмайды. Өнімдерді басқа өңірлерге алып шығуға тырысу керек, бұған Кәсіпкерлер палатасы да көмектеседі. Бизнесмендеріміздің алдында көрші елдердің нарықтары да ашық», – деді ол.

Жаңа фабрикадан Жадыра Ботабекова да жанына жақын іс тапты. Құқық пәнінің оқытушысы және мектепалды даярлық мұғалімі дипломдарын алған соң бойжеткен мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмаған. «Жаңа ұжым – өте тату, бәріміз бизнестің аяғынан нық тұруына бірігіп үлес қосудамыз», – дейді ол.

«Бұрын киім пішіп көрген емеспін, мұнда тәжірибелі шеберлер тігін ісінің бүкіл құпияларын үйретеді. Қазір мен жаға тігемін, тігіншіге қажетті нәрсенің барлығын үйреніп жүрмін», – деп әңгімеледі Жадыра.  

Өнімдерді жергілікті дүкендер жақсы сатып алуда, жақында сөрелерге мектеп оқушыларына арналған көйлектер түседі. Таяу болашақта қызылордалық фабрика қазақстандықтарға костюм-шалбарларды да ұсынбақ райда. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер