Кәсіпкерлерге жаңа технологияларды енгізуге гранттар беріледі
ҚР Білім және ғылым министрлігі 31 тамызға дейін «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасына қатысуға өтінімдер қабылдайды
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, алқалы жиын өткізді. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерге «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының шарттарын түсіндіру. 2016 жылғы 25 шілдеден бастап ҚР БҒМ Ғылым комитеті жанындағы Жобаларды басқару тобы коммерциялық әлеуеті бар жоғары сапалы ғылыми зерттеулермен айналысатын ғылыми топтардың жобаларын қаржыландыруға гранттар бөліп, оған өтінімдер қабылдауды бастады. Өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың 31 тамызына дейн жалғасады.
«Біз ғылым мен бизнес арасындағы өзара әрекеттестік жоқ, ақша аз бөлінеді деп жиі шағым айтып жатамыз. Сонымен бірге, іргелі ғылыммен айналысамыз деп қолданбалы зерттеулерді ұмыт қалдыратынымыз, жаңалықтарды өндіріске енгізумен айналыспайтынымыз туралы да көп сын естиміз. Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі де, Ұлттық палата да бұл мәселені жүйелі түрде шешуге ұмтылып отыр. «Атамекен» мен БҒМ бұл тұста белсенді түрде өзара жұмыс жасап жатыр», – деп атап өтті Ұлттық палата Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.
«Атамекен» алаңындағы семинар-жиында сөз алған Ғылым комитетінің өкілдерінің хабарлауынша, қазақстандық кәсіпорындар «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасына білікті және жеңіске құштар топ құру арқылы қатыса алады. Топ құрамында коммерциялау жөніндегі кеңесші, сонымен бірге технологияларды өндіріске бұдан ары енгізу үшін анық стратегиялық жоспар құра алатын, нақты саладағы инновациялық цикл мен нарық сұранысын жақсы білетін ғалым болуы қажет.
2016-2020 жылдар аралығындағы гранттық қаржыландырудың жалпы сомасы 30 млн АҚШ долларына тең болмақ. Аға ғылыми қызметкерлердің әр жобасына бөлінетін грант мөлшері 230 млн теңгеге дейін жетеді. Кіші ғылыми қызметкерлерге арналған грант сомасы әр жобаға 180 млн теңгеге дейін. Грантты беру мерзімі – 3 жыл. Сонымен бірге, отырыста ғылыми және (немесе) техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру туралы гранттық қаржыландыру жөніндегі бағдарлама да таныстырылды. Бұл жоба бойынша байқауды ҚР БҒМ Ғылым комитеті биыл өткізуді көздеп отыр. Жобаға және жоба тобына министрлікте ғылыми қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген жеке және заңды тұлғалар, сонымен бірге дербес білім беру ұйымдары мен олармен теңестірілген ұйымдары қатыса алады.
Өндіріске жаңа идеялар мен технологиялар енгізетін кәсіпорындар мен ұйымдар да ғылыми-зерттеу институттарымен, жоғары оқу орындарымен, ғалымдармен және тағы басқа тараптармен келісе отырып грант қаражатын (400 млн теңгеге дейінгі сома) ала алады.
Бағдарламаны қаржыландыруға шамамен 3,5 млрд теңге бөлінген. Грант сомасы 200-400 млн теңге шамасында. Бұл тұста грантты игеру мерзімі 36 айдан аспауы керек. Ғылым және білім министрлігінің өкілдері кәсіпкерлерді жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысып, елде инновациялық «төңкеріс» жасауға шақырып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: