«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салық кодексіндегі кемшіліктер сарапталды

2016 жылғы 12 Тамыз
- Ақмола облысы
8473 просмотров

«Ақ жол» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың ақмолалық кәсіпкерлермен кездесуі барысында біраз мәселелер легі талқыланды

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова көшпелі сессия аясында жергілікті жерлердің жағдайын зерттеп, ең маңызды және өзекті мәселелер бойынша бизнес өкілдерінің пікірін біліп, тұрғындармен кездесу ұйымдастыруда.

«Әлбетте, мәселелелер жоқ емес. Ол бар болғаннан кейін, барлығымызға ортақ. Көптеген өтініштер жер қатынастары саласындағы мәселелерге байланысты келіп түседі. Бұған – нақтыланған жоспар дайындау барысы туралы, жер телімдері туралы ақпараттың ашық еместігі, өтініштерді қарау мерзіміне байланысты мәселелер жатады, – деді ӨКП директоры Еркебұлан Баяхметов. – Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша да түйткілге толы сауалдар аз емес. Жергілікті қамтуды дамыту аясында, біздің өндірушілер барынша тендерлерге көбірек қатысып, өз өнімдерін алға жылжытуы үшін жұмыс істеп жатырмыз».

ӨКП директоры бүгінде көп талқыланып жүрген сауалдардың көпшілігі – кең таралған пайдалы қазбалар және жерасты сулары мен емдік балшықтарды өндіруге салынатын салық мөлшеріне байланысты екенін атап өтті. Салық кодексіне және басқа да нормативтік-құқық актілеріне өзгертулер енгізілгені белгілі.

«Өзгертуде (ҚР СК 342 бабы) жерасты сулары пайдалы қазбаларына салынатын салық мөлшері ең төменгі есептік көрсеткіш бойынша өндірілген жерасты суының бір текше метрімен белгіленеді (2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді). Бұл өте жоғары көрсеткіш болып есептеледі және де бизнесті ары қарай дамытуға қауіп төндіріп отыр. Әсіресе Щучинск-Бурабай шипажай аумағының дамуына кедергі», – деді ӨКП директорының орынбасары Валентина Геращенко. Палата сарапшылары аталған мәселе бойынша, қолданысқа енген заңға өзгертулер енгізуді тез арада шешу керектігін ұсынып отыр.

Әңгіме шипажайлық аймаққа келіп тірелгенде, кездесуге қатысушылар облыстағы туризмнің дамуы  туралы мәселені қызу талқылады. «Туризм саласын дамытуды қолға алуға тиісті аймақта, инфроқұрылым дұрыс ұсынылмаған. Оған қоса, халықаралық әуежайдың жағдайы да мәз емес», – деп Меруерт Қазбекова қынжылысын білдірді.

Көлік мәселесін талқылау барысында, «Шанс» тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған мүгедектердің Көкшетау қаласындағы қоғамы» ҚБ басшысы Василий Шиманский депутат пен жиынға қатысушылардың назарына Қазақстанның басқа аймақтарынан келген мүмкіндігі шектеулі жандардың жаз мезгілінде билеттерге қол жеткізу қиын екенін айтты.

Пікірталас барысында заң шығару процесін жетілдіру және қабылданған заңдарды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету туралы мәселелер қарастырылды. Негізінен, Кәсіпкерлік кодексі туралы сөз қозғалды.

«Кодекстердің тең дәрежеде болатынын есте сақтау керек, ал қайшылықтар болған жағдайда, кейіннен күшіне енетін, заңнамалық акт нормалары қолданылады. Соған сай, егер Кәсіпкерлік кодекс жақында енгізілген болса, ол басымдыққа ие. Оның барлық тараптар жағынан қолданыстағы нормаларының мүлтіксіз орындалуы күткен нәтижелерге әкелуі тиіс», – деп атап өтті Валентина Геращенко.

«Әрбір заңды тірі ағза деп қарастыруға болатыны түсінікті. Сол сияқты қазіргі Кодекс те мінсіз емес. Әлбетте, мәселе тудырып отырған сұрақтар бар, қолданысқа тиімсіз кем-кетігі де шығып отырады. Сол себептен де біз осындай кездесулер ұйымдастырып, жергілікті бизнес өкілдерінің пікірін біліп, оны жүзеге асыру бойынша ұсыныстарына құлақ асып отырмыз», – деп түсіндірді Меруерт Қазбекова.

Мәжіліс депутаты көтерілген жайттарды өзіне түртіп алды. Олардың ішіндегі ең өзектілерін депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдамақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер