«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Аз да болса, саз болсын

2016 жылғы 12 Тамыз
- Қызылорда облысы
12058 просмотров

«Қызылорда шағын бизнесі» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары кеңеюде

Шиелілік кәсіпкер Жорабек Қалдаров темір-бетон және ағаш өнімдерін өндіру жұмысын жолға қойды.

Ағаш өңдеу машинасы (пилорама) – ағашты кесіп, өңдеп-жонуға арналған станок. Онымен жұмыс істеу барысында асқан шеберлілік қажет. Төребек Жұмаханов бұл істің жай-жапсарын бүге-шүгесіне дейін ұғынған. Ол ағаш өңдеу ісін жетік меңгерген және өнеркәсіптің бүкіл жұмыс барысын жақсы біледі. Айтуынша, бұл жерде 4 жылдан аса уақыт қызмет етіп, барлық станоктарды игеріп алған. «Жалақыны уақытымен төлейді. Бұл жерде еңбек еткен қызықты. Біз қазір қарағай және қайың ағаштарымен жұмыс істеп жатырмыз. Олардан құрылысқа қажетті материалдар кесіп шығарамыз. Қалдықтардан ДСП және ДВП жасалады. Олар да қазір сұранысқа ие», – деді Т.Жұмаханов.

Бұл жерде жылына 1,5 мың текше метр ағаш өңделеді. Негізінен, оның көпшілігі қарағай. Ол Қазақстанға Ресейден тасымалданады.

Ағаш өңдеу – пайдалы, ең бастысы, қалдықсыз өндіріс түрі. Мысалы, бір ғана ағаштан орта есеппен 5-6 тақтай алуға болады. Сосын одан шатырлар мен төбелердің құрылысында пайдаланылатын жалпақ бөренелер жасалады. Ал олардың өндірістік қалдықтары әсіресе жылдың суық мезгілінде сұранысқа ие. Оларды отын ретінде сатады.

Көрші цехта газоблоктар өндіру ісі жолға қойылған. Зауыттың қуаты күніне 400-500 блок. Бұл жасанды тастар тұрғын үйлердің құрылысында кеңінен қолданылады. Ол жылуды жақсы ұстап тұрады, берік, әрі бағасы да арзан.

Ерғали Бұлтарановтың айтуынша, ол осы өнеркәсіпте екінші жыл жұмыс істеп жатыр. «Қазір ХХІ ғасыр, ғылыми технологиялар күн сайын қарыштап дамып отыр. Тұтынушылар тез және сапалы дайындалатын өнімдерді қажет етеді. Біз де уақыт талабына сай жүруге тырысамыз. Біз пайдаланатын негізгі шикізат көздері құм мен цемент. Сосын ол жерге алюминий ұнтағын қосамыз, кейде оны техникалық ұнтақ деп айтып жатады. Соның арқасында газоблоктар жоғары деңгейде жылу ұстап тұру қасиетіне ие болады. Біз пайдаланып жатқан химикаттардың адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ», – деп баяндады Е.Бұлтаранов.

Жорабек Қалдаровтың шағын зауыты 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде кәсіпкер аудандағы 15 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Мен 2015 жылы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік инвестициялық орталығының қолдауымен 5 млн 800 мың теңге көлемінде несие алдым. Бұл қаражаттың 1 миллионына ағаш өңдеу машинасын, 1 млн 900 мың теңгесіне құрылыс ағашын сатып алып, 2 млн 900 мың теңгесін газобетон өндірісіне жұмсадым. Осы қолдаудың арқасында кәсібімді кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрдым», – деді ол.

Компанияның өнімдері ауданда сұранысқа ие. Кәсіпкер өнеркәсіпті кеңейтіп, құрылыс тауарларын облыстық нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер