«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлікке кедергі болмауы қажет

2016 жылғы 10 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
10609 просмотров

Сенаторлар мен мәжілісмендер Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің талап-тілектерін тыңдап қайтты

Орал қаласында ҚР Сенат және Мәжіліс депутаттары Рашит Ахметов, Ерболат Мұқаев, Кеңес Абсатиров, Снежана Имашевалардың қатысуымен өңірлік Кәсіпкерлер палатасының отырысы өтті.

Батыс Қазақстан облысы бизнес-қауымдастығының Парламент депутаттарымен кездесуі белсенді және нәтижелі болды. Осылайша депутаттарға талап-тілектерін тікелей жолдау мүмкіндігін бизнес-қауымдастық тиімді пайдаланып отыр. Оның үстіне халық қалаулыларының көпшілігі алғашқы қадамын бизнестен бастаған. Мысалы, «Ақ жол» партиясының Мәжіліс депутаты Кеңес Абсатиров бұған дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасын басқарған.

Кездесуді жүргізген өңірлік Кәсіпкерлер кеңесінің басшысы Валерий Жүнісов, кәсіпкерлерді мәселелері мен ұсыныстарын барынша тұжырымдап жеткізуге шақырды. Ол кейбір жағдайларды өзі де баяндап өтті. «Халық қалаулыларына талап-тілек ретінде жолдайық деп отырған мәселелеріміз өз ішімізде де аз талқыланған жоқ, – деді өңірлік Кәсіпкерлер кеңесінің басшысы. – Бұған шенеуніктердің «Орал-Атырау», «Орал-Ақтөбе», «Орал-Ақтау» ішкі рейстерін қайта жандандыру мүмкіндіктері бойынша шешім қабылдау барысындағы жауапкершілік мәселелері де жатады.  Бұл Әзірбайжан, Украина және тағы басқа елдерден импорт тасымалдауға байланысты туризм мен бизнесті дамытуға аса қажет. Және де салықтың 22%-ын төлеп алып, бірде бір салық төлемеген кәсіпорындармен бәсекеге түсе алмай отырған ірі ет өндірушілердің мәселелерін заң тұрғысында шешуге мүмкіндік береді».

Аймақтағы ең ірі ет өңдеуші «Кублей» ЖШС директоры Талғат Берекешев те өз мәселесін түсіндіріп берді. «Ең басты айта кететіні, бұл жерде ет өндіріп отырған жеке шаруа қожалықтар мен фермерлер емес, керісінше бұдан облыстағы алыпсатарлар пайда түсіріп жүр, – деді Талғат Берекешев. – Ал біз болсақ, ет өнімдерін  шетелден сатып алуға мәжбүрміз».

«Фирма «Родник»» ЖШС директоры Лилия Хайруллина өзінің компаниясының сусын өндірумен айналысатынын атап өтті. Және де ол өз кәсіпорнының суды көп пайдаланатынын заңдық тұрғыдан дәлелдей алмай келеді. «Біздің кәсіпорын жаңа орынға көшіп келді. Және бізде су құбыры емес, ұңғыма орналасқан. Біз, ауыз су өндіруші кәсіпкерлерміз. Кәріз жүйесіне 1:1 есебінде төлеп отырмыз. Алайда, бізде суды ағызу, шығынға қарағанда, әлдеқайда аз екенін дәлелдей алмай келеміз. Шындығында, судың пайдалану шығынын есептеу тәсілі жоқ екені анықталды. Ал кәрізге кеткен суды өлшеуші құралдың құны өте қымбат тұрады», – деп түсіндірді Лилия Хайруллина.

Жеке кәсіпкерлік басшысы Барша Игильманова, депутаттардан шағын кәсіпкерлікті салық төлеу мен тексерулерден босату туралы мәселе көтеруін сұрады. Өңірлік кеңес мүшесі, «Шағын бизнес орталығы» қауымдастығы» ЗТБ директоры Шолпан Махмудова жеке кәсіпкерді қолдай отырып, шағын бизнесті мүлдем салықтан босату мәселесі қазір мүмкін емес екенін, алайда салық төлеу барысында олардан комиссия алмау керектігін атап өтті.  «Кәсіпкерлерге кейде бірнеше декларация өткізуге тура келеді, оған қоса әлеуметтік және жеке табыс салығын, арасында қосымша құн салығын төлеу барысында әжептәуір сома жиналып қалады», – деді Шолпан Махмудова. Сондай-ақ ол мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидиялау пайызын өсірмеуді заңмен бекіту туралы бастама көтерді. 2014-2015 жылдары 14% деп мақұлданған болатын. «Қазір, пайыздық көрсеткіш 19-20%-ға дейін көтерілген кезде, кейбір банктер бұрын 14%-бен мақұлданған жобалардың да пайызын соған сай көтеріп жатыр», – деп түсіндірді ол.

Құрылысшылар атынан «Уральскстройинвест» ЖШС директоры Алексей Безьянов сөйледі. Ол құрылыс нысанына жауапкершілікті мердігерлерден бөлек, жоба авторы мен тапсырыс берушілерге де жүктеуді заңмен бекітуді сұрады.

Сенаторлар мен мәжілісмендер кәсіпкерлерді мұқият тыңдағаннан кейін, олардың талап-тілектерінің назардан тыс, қараусыз қалмайтынына сендірді. «Сіздердің мәселелеріңіз бізге түсінікті жағдай, – деді Сенат депутаты Рашит Ахметов. – Менің өзім бизнеспен 20 жылға жуық айналыстым. Біз бен сіздің бұл мәселені бизнестің пайдасына шешуден басқа амалымыз жоқ. Бұл ортақ мемлекеттік міндет. Кәсіпкерлігі мықты ел ғана дами алады. Бұл дегеніміз, осы жерде айтылған мәселелердің бәрі бірден шешімін табады деген сөз емес. Бірақ бизнеске көлеңкесін түсіріп тұрған мәселелердің бәрі жойылу керек».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер